Той емес, ой қуған Төлеген

2242
Adyrna.kz Telegram

Ғылымнан, оқытушылықтан кейін қарай сырғыңқырап, қазақтың ұлттық өнеріне, оның ішінде, ақындық пен жазушылыққа, дәстүрлі әнге қарай бет бұрып, жарытып ештеңе шығармасам да, оған күмп ете түсуімнің өзіндік сыр-себептері бар. Содан бері малтығып шыға алмай, тереңіне қарай сүңгіп келемін. Үңгіп сүңгіген сайын тереңі жеткізетін емес. Түпсіз: өзіне қарай тартып, жұта береді, жұта береді, жұтыла бересің...  Өзімнің достарым, ақын Әбубәкір Қайранның оқыған өлеңдері мен әнші Жоламан Құжимановтың шырқаған әндерін тыңдаған сайын осындай бір түсініксіз күйге бөленемін.   

Жә, айтқым келгенді басынан бастайыншы...

Өткен ғасырдың 86 жылының жазы болса керек. Семей облысы Жаңасемей аудандық «Ертіс оттары» газетінде аудармашы боп жұмыс істеп жүргенмін. Редакция Семей қаласының орталығында, облыстық газет жақын маңда, Абай бабамыз да кезінде кіріп-шығып жүрген Н.В.Гоголь кітапханасы да дәл қасымызда. Орталық саябақ та алыс емес: қол созым ғана жерде. Оның ішіндегі қымызханада күмбірлеп күй тартылып, қазақтың халық әндері шырқалып жатады. Сол маңда шахмат, дойбы, домино ойнайтын зейнеткер шалдар да әжік-күжік әңгімелесіп, ойынның қызығына батады. Сәбилерін жетелеген жас-жұбайлар да, балмұздақ аңдыған балалар да осында. Әйтеуір, Семей қаласының жаз айларындағы қым-қуыт қызығы оса арада.

Өзім де осындай қызықпен жүрген кезімде қою қара шашын бір жағына жатқыза тараған қара торылау тартымды бір жігітті екі-үш рет көзім шалды. Көзі ойлы, жүзі мұңлылау. Іздегені біздікі секілді қымыз бен қызық емес, басқа секілді. Бірде «Семей таңы» гезетінің жігіттерімен әңгімелесіп тұрғанымда, сол жігіт бізге бір рет жалт қарады да, амандаспастан өте берді. Бірақ, бәрімізді танитыны байқалып тұрды.

- Талғат Кеңесбаев деген жазушысымақ жігіт осы. «Қызғыш құс» деген бір әңгімесі шығып еді, құдай-ау, жер-көкке сыймай жүр. Алматыда Роллан деген жазушы туысқаны бар. Соны жағалап-жағалап, қаңғып-қаңғып қайтып келіпті ғой,- деді жігіттің бірі. Сөйтіп, Талғат деген жігіт екенін, жазушылықпен айналысатынын білдім.

Жаздың бір шіліңгір ыстық күні редакцияға келіп тұр. Қолында шиыршықтаулы газет. Машинкаға төніп отырған маған жақындап, қолын ұсынды да:

-Сенің Асқар екеніңді білем. Саған бір шаруамен келдім. Мынау – «Қызыл ту» газетінде шыққан Тыныштықбек Әбдікәкімов дегеннің өлеңдері. Оқышы өзің! Сұмдық! Ғажап! Осыны машинкаға басып бер. Алматыға алып кетіп, «Қазақ әдебиетіне» шығартам,- деді. Өлеңдерді сүйсіне оқи отырып, басып бердім.

Ол жоқ боп кетіп, талай уақыт өткеннен кейін қайта пайда болды. Екеуіміз ежелгі достардай қауышып, анда-мұнда жүрген ол, нәтижесінде, біздің үйден бір-ақ шықты. Ол кезде жазғы демалыс, қатыным ұлды алып, әке-шешемдікіне, Зайсанға кеткен. Мен кішкентай үйімізге бір бөлме қосып салып жатқам. Талғаттың жұмысқа ебі жоқ, бірақ, тамақ істеуге шебер. Жұмыстан кейін, не демалыс күндері құрылыспен айналысамын. Талғат тамақ пісіреді. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде Талғат:

-Асеке, сен Жоламан Құжиманов деген әншіні білесің бе? Дауысы деген сұмдық, керемет, ғажап! Бірақ, әнді дауысымен емес, жүрегімен, жан дүниесімен айтады. Алыста емес, мына цемпоселоктағы технологическийдің жатақханасында тұрады. Бүгін демал. Мен сендерді таныстырайын. Бүгін ән тыңдап қайтайық, - дегені.

Сөйтіп, досым Талғат Кеңесбаевтың арқасында ғажап әншіні таптым. Ғажап әншіні емес, өмір бойы іздеген, бірақ, қай жерде көмулі жатқанын білмеген қазынамды таптым. Салып жатқаным шамалы болса да, күні бүгінге дейін осы қазынадан қалағанымша аламын. Сол үшін де жазушы досым Талғат Кеңесбаевқа мың да бір рахмет!

Бір ай шамасында ма, бала құшақтаған қатыным келді де, Талғат туыстарынікіне кетті. Содан бері кездесіп қалған жерде бір-бірімізді жылы тартатынымыз болмаса, қойындаса араласпаймыз. Әйтеуір, мен оны қатты қадірлеймін, шығармашылығын бағалаймын. Кейбір жігіттердің айтатын сандырақ әңгімелерін құлағыма да қыстырмаймын. Екеуіміз алыс тұрып жатсақ та, жүрегіміз жақын екеніне сенемін.

Жоламан екеуіміз Семейде сайранды салдық. Той-томалақтар екеуімізсіз өтпейтін. Мен – асабамын, ол – әнші, әрі, беташар айтады.  Атақ-даңқымыз енді дүрілдеп келе жатқанда, ол мәдениет отаны және ән ордасы Алматыға тартып отырды. Іле-шала аспирантураға түсу үшін мен де жеттім соңынан. Мақсатым оқуға түсу емес, Жоламанды тауып, Жоламанмен қауышу.

Оқуға түскеннен кейін қым-қуыт тірлік басталып кетті. Тірлікті қойшы, кеңестік жүйе құлап, ойпыл-тойпыл заманға тап болдық. Көзде жас: жүрек жылаулы, жұбататын Жоламан жоқ. Таппаймын.

Қазақ өнерінің дүлдүлі – ән бұлбұлы Жәнібек Кәрменов аяқ астынан қазаға ұшырап, ТЮЗ-да марқұммен қоштасу өтті. Жәнібекпен бақилыққа бақұлдасып, «Әй, не жолы қоштасуға келмейсің?» деп, Жоламанды күттім. Келді. Өлім үстінде «өлген әкем тіріліп келгендей» қуандым. Алманың, ақын Әбубәкір Қайран айтатындай, Алмашканың қою күрең шайын неше күн сораптадым...

Содан бері етегінен ұстап келемін, бір сәт айрылған емеспін. Ақын Әбішті, әнші Жоламанды неше күн көрмесем, елегізіп отырамын. Осы екі досымның арқасында көңіл көкжиегім кеңейді, қонатын әуежайларым көбейді, қазақтың ұлттық құндылықтарына деген көзқарасым қалыптасты, талғамым өсті.

Әбіштің өлеңінен, Жоламанның әнінен кейін өмірге де, өлең мен әнге де басқа көзбен қарай бастадым. Ең алдымен, олардың өнерге деген адалдықтарын таныдым. Адалдық жоқ жерде таза өнер де жоқ екенін білдім. Біреуі өлең үшін, біреуі ән үшін ғана жаратылғандай. Жоқ, жоқ, Әбішті өлең үшін, Жоламанды ән үшін жаратқандай.

«Екі досымның арқасында көңіл көкжиегім кеңейді» деп айтуымның өзіндік сыры бар. Тыныштық деген досым: «жігітке отызға дейін бәрі дос, отыздан кейін досыңның досын дос қыласың» деп айта беретін. Сол досым айтқандай, Әбіш пен Жоламанның сыйлас, әрі, өнердегі достары менің достарыма айналды. Менің достарымның қаншамасы олармен сыйласып кетті. Есептен жаңылыстық, саннан шатастық. Әйтеуір, білетінім – үшеуіміз бірге ауызға ілініп, қылтиып әр жерден көріне бастағанымыз. Олар жоқ жерде менен оларды, мен жоқ жерде олардан мені сұрайтын. Үшем атандық. Сол қалпымыздан әлі танбай келе жатырмыз. Соңғы жылдары қызығымыз бен қызуымыз басылып, бір-біріміздің шығармашылығымызға ден қойдық. Өзіміздің басқалардан кем емес екенімізді білдік.

Өмірдегі, отбасымыздағы қызық пен қайғыда да бірге болдық. Ұлдарымызды ұяға, қыздарымызды қияға қондыра бастадық. Тойды бірінші бастаған – Әбіш. Қызы Гүлназды ұзатты. Тойды басынан аяғына дейін жүргізуді Жоламан екеуімізге тапсырды. Музыкантты, асай-үсейдің бәрін қайдан табамыз деп абдырағанда Жөкең:

-Саспа, «қазақты ән-күйге бөлеген – Жиенқұлов Төлеген» деген досым бар. Әй, өзі сенің керейің, інің. Сол досым мені ешқашан жерге қаратқан емес. Аппаратурасы деген керемет! Роза Рымбаеваның өзі сонымен ән айтқан. Өзі келеді, өзі кетеді. Берсең де разы, бермесең де разы,- деді нық сеніммен.

Шынымен, Жоламан досым айтса айтқандай-ақ боп шықты. Төлеген інім – бәкене бойлы, көмірдей қара шашты, көзінің оты өшіңкі екен. «Әй сенің де, мен секілді, көрмегенің, көрсетпегенің жоқ шығар, сірә» деп ойладым ішімнен. Сөзі салмақты, сабырлы, дауысы анық. Бүлдіріп, күңгірттендіріп тұрған селкеу ештеңе жоқ. Және сөзіне ырғақ, екпін беріп сөйлейді екен. Табиғатынан туа бітті музыкант екені білініп те, көзге ұрып көрініп те тұр.

Шын тұлпар дүбір естісе, делебесі қозады дегендей, «көзінің оты өшіңкі» дегенім жай сөз боп шықты. Той басталып, музыка ойнап, әндер айтыла бастаған кезде екі көзі шоқтай жанып, талпиған танауы делдиіп кетті. Қалқаң құлағы да арылы-берілі қозғалып тұрғандай. Қасына жақындап барсаң, бойынан бір сұп-суық леп еседі. Бәкене бойлы, талайлардан бойы аласа Төлегенім, Төлешім енді бәрінің төбесінен қарап жүргендей.

Тойдың қонақтарының бәрі әнші боп кетті. Қолдарына минидискілерін ұстап, немесе былай-ақ, музыка қойып, ән айтып жүрген Төлегенді жағалай бастады. Бірақ, Төлеген бірін микрофонға жақындатпады.

-Аулақ! Мен ән айтудан жалыққанда, бір-ақ айтасыңдар! Асаба рұқсат етіп жатса, көреміз,- дегенін есітіп қалдым. Сөйтіп, менің алдымды да орап тастады. Мен енді Төлегеннің ыңғайына жығылдым. Бірақ, менің бетімді қайтарған сөз айтқан жоқ.

-Төке, мынадай ән бар ма? Енді қандай ән айтамыз? Әлде, билейміз бе?- десем:

-Қазір қатырамыз,- деп, шапшаң ретіне келтіре қояды.

Талай той-томалақтарда самсаған арақ пен тамақты көргеннен кейін музыканттардың есі шығып кететінін көріп жүрміз. Бәлсінгіштерін де байқағанбыз. Бірақ, Төлеген ондайлардың санатынан емес екен. Тамаққа да, араққа да бетінің арын салған жоқ. Анда-санда далаға шығып, шылым шегіп келетіні болмаса, музыканттық шаруасымен ғана айналысты.

-Тым болмаса, жүрек жалғап алсаңшы. Қарының ашты ғой,- дегеніміздің өзінде, бір-екі рет шұқып жеп, бір тостаған су ішкеннен ары бармады.

Той аяқталғаннан кейін жиын-теріні де тып-тыныш өтті. Әншісі екеуі асай-үсейлерін жинастырды да, машиналарына тиеп, Гүлзияның бергенін санамастан қалтасына салып, қоштасып, кетті де қалды.

-Әй Төлешім, керейім, бауырым, анау-мынау боп жатса, сені қайдан табамыз? Бір дерегіңді беріп кетсеңші,- дегенімде,

-Жолаш, Жоламан біледі. Қай жерде аунап, қай жерде түк қалдыратыныма дейін оған белігілі,- деп қалжыңға бұрып, қызыл машинасымен жүріп кетті.

Көп ұзамай Әбіш пен Гүлзия ұлдары Рауанды үйлендірді. Қара құрым халық. Өнер саласындағы, әсіресе, әдебиеттегі қазақтың кіл жүйріктері. Әбішке «Сырдың суы сирағынан келмейді»: бәрін орын-орнына келтіретін Гүлзиясы бар. Ол да текті жердің, Тобықтының қызы, қалай дегенмен, Абай ғашық болған Тоғжанның ұрпағы ғой...

Тағы да Төлеген, енді менің бауырым Төлеш екеуіміз біргеміз... Менің бауырым, менің керейім, менің Төлешім әлгі ығайлар мен сығайлардың көлеңкесінде қала ма деп ойлап ем, жоқ...

-Төке, құттықтау үшін келіп жатыр ғой, жіберейік енді,- деп, келіп қалған әншілерді жіберіп жатырмыз. Келген әншілер де бәлсініп:

-Мені тез жібер. Бір-екі ән айтам да, кетем. Кіріп шығатын он шақты тойым бар,- деп киіп кетіп, тойдың шырқын әбден кетірді.

Бір уақытта қарасам Төлеген бауырым, Төлешім атақты бір әншімен жағаласып, кеңірдектесіп жатыр.  Жалма-жан тұра жүгірдім.

Анау:

-Мені жібер! Уақытым жоқ!- дейді.

Төлеш:

-Өз дауыстарыңмен айтқан біреуің жоқсыңдар! Болды! Бағанадан бері халықты алдадыңдар. Енді алдатпаймын, – дейді.

Анадайдан байқап қалған Әбіш те жетті. Менің тойым, менің қызығым деп жүрген ол жоқ: іздегені - жанжал! Таптап өтердей: арыны қатты. Көзінің ағы молайып, шегірейіп кеткен. Қарасы кімді болсын қаймықтырып, өңменіңнен өте шығады. Қалай дегенмен, әкесі Рахметолла марқұм түйеші болған ғой... Қос аяғын тыпырлатып келді де, жақындағанда оң аяғымен еденді теуіп-теуіп жіберіп, бәрімізге кіжіне бір қарап алды да:

-Не болды?- деді, бурадай жынын шашып.

-Күйіп кеткен ештеңе жоқ!- дедім мен жайбарақат. Бұл – Әбішті сабасына түсірейін деген тәсілім.

-Күйіп кеткен неге ештеңе жоқ?!- дейді Төлешім шадырайып. –Халықты алдағаннан асқан масқара, сұмдық бар ма? Мына әншілердің бәрі ауыздарын жыбырлатқанды ғана біледі екен. Халық та өтірікке мәз. Келіп жатқан әншілердің бәрі фонограмма. Енді біреуін де жібермеймін. Әнді Айдос екеуіміз ғана айтамыз.

Шорт кесті, айтты, бітті. Сөзінің тоқ етерін сездіріп:

-Әй, Айдос, бері кел! Мынаның қолындағы микрофонды ал!- деп, әлгі атақты әншіні нұсқап, айғай салды да, әлгіге қарап:

-Әнді олай емес, былай айту керек! Қане, Айдос, шырқаймыз!- деді шамырқанып.  Іле шала Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін екеуі қос дауыспен бастап кетті. Әнге елтіген Әбіш досым:

-Сал! Сал! Шырқа! Шап! Шап! Ана фонограммист иттердің бәрін қуыңдар! Бір тиын бермеңдер! Гүлзия! Гүлзия қайда?- деген Әбіш көкем қонақтардың ішін аралап кетті. Тірі дауыс та оның масайып бара жатқан ақыл-ойын тірілткендей! Жыны да басылыңқырап қалыпты... Бурадай тарпынып емес, аяғын тартынып басады.

Енді ойлап отырсам, Төлеген әннің сөзінің тыңдаушыға жетуіне үлкен мән береді. Әннің әуені жақсы, тойдың жоралғасына келгенімен, сөзінде не мән, не мағына жоқ болса, ондайдан аулақ. Ондай әндер өзінің ән базасында, тіпті, жоқтың жасы. Айдос екеуінің айтқан әндерінің сөзі де, әуені де жүректі баурайды. Және екеуі де әннің сөздерінің анық шығуына, тыңдаушының құлағына жетіп, жүрегіне енуіне, бойын баурауына ден қояды екен. Әрі, әндері тек анамыздың тілінде. Басқа тілдегі әндерді қойса да, сол әндердің әуенінде қазақы-ұлттық болмыс бітімнің ұшқыны сезіліп тұрды.

Қанша дегенмен, Абай атамыздың өлеңдерімен санамызды қалыптастырып өстік қой. Осы арада атамыздың:

Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа,

Адам ойы түрленіп ауған шақта.

Салған ән – көлеңкесі сол көңілдің,

Тактысына билесін ол құлаққа.

 

Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,

Жүрек тербеп, оятар баста миды.

Бұл дүниенің ләззәті бәрі сонда,

Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.

 

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,

Үннің тәтті оралған мәні оятар... деген жыр жолары ойыма оралды. Шынымен, Ұлы Абай айтқандай, Әбіш пен Гүлзияның жасаған тойларында айтылған әндерден талайлардың жүректері оянғаны анық. Жүректерінің тербелгені, бастарындағы миларының қозғалғаны рас. Төлегенннің әндеріне Жоламанның домбырамен шырқаған әндерін қосшы!

«...Бұл дүниенің ләззәті бәрі сонда, Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды» дегендей, қонақтардың қарындары мен пакеттерін толтырғандары өз алдына. Әрі, кеуделерін ләззәтқа толтырып қайтқандарына сенімдімін. Осы әншінің құдіреті ме, сол тойдың қызығының әсерінен, ләззәтінен мен әлі күнге арыла алмай жүрмін. Төлегеннің – Маралдысы, Жоламанның – Қыз Қорланы күні бүгінге дейін жүрегімді шымылдатып тұр. Есіме түссе болды, миым қызып, бойым сал-сал боп ийді. Олардың талғамын айтсаңшы: қандай биік, қандай дегдар, қандай керім!

Және Төлегеннің асабалық қабілетінің бар екенін де осы той үстінде байқадым. Асабаны жоқтатпайды, өзі жүргізіп кете береді. Кейіннен білсем, Сарқанттың мәдени-ағарту училищесінен алған білімі, содан кейінгі істеген қызметтері бұқара халықпен жұмыс істеуге сәйкес екен. Бірақ, мәселе – алған білімде емес, қабілет-қарымда, сөз қорың мен ата-баба дәстүрін орнымен пайдалана білуіңде ғой. Осы мәселеге келгенде, Төлегеннің мәдениеті мен әдебін де, асқан шеберлігін, тәжірибелілігін де сездім, өз көзіммен көрдім.

Осы сөзімнің дәлелі ретінде айтайын: кейін немереміз Медғаттың сүндет тойын музыкамен, әнмен көркемдегенде, бәрін кейін ысырып тастап, тойдың тізгінін өзі қолына алды. Өзі асаба, өзі музыкант, өзі әнші, өзі ойын ұйымдастырушы. Тағы да Жоламан бар! Ән өнеріндегі Жоламанның ізбасары Еркін Шүкіман да осында! Арғы жағын айтпай-ақ қояйын... Кейбір достарымның әлі күнге ауыздарының суы құриды...

Төлегеннің, Төлештің қарапайымдылығы соншалық, арада он бес жылдан астам уақыт өтсе де, оның композиторлық қырын білмей келіппін. Бірде Жоламан екеуі Әбіштің үйінде болып, Төлештің бір әуеніне өлең жаздырыпты. Құлағыма тиюі мұң екен, бірден Әбіштайға хабарластым. Ол «Ана» тақырыбында өлең жазғанын айтты. Әбіштің әдекімдер секілді «дежурный» өлең жазбайтынын білемін ғой, сондықтан, бірден әуенге құмарттым да, Төлешке телефон соқтым.

-Кейде бір әуендер мазалап, жынымды қоярға жер таппаймын. Ыңылдаймын, ыңылдаймын, акордтарды басамын-басамын, басамын да, қоямын. Өлең кітаптарды қолыма аламын, бірақ, бір өлең көңіліме ұнамайды, әрі, әуенімнің мазмұнын, идеясын ашып бере алмайды. Сонымен, әр тақырыптағы талай әуендер ұмыт болды. Кейбірі кеудемде әлі жүр. Солардың бірі – аналарға арнағаным. Әбіш көкем, айналдырған он бес минуттың ішінде, қатырып өлең жазып берді. Талдықорғанға апарып аранжировкасын жасаттым да, сондағы бір әншіге бердім. Ол сегізінші мартта орындады. Жұртшылық жылы қабылдады. Енді ғана тарала бастады ғой,- деді жайбарақат.

-Оның орындағаны бар ма?- дедім.

-Иә, теледидардан орындалғанда, соткаға жазып алғам. Жеңгейдің ватсабына қазір салып жіберем,- деді.

Жұмыстан келсем, қатыным компьютерге түсіріп қойған екен. Тыңдадым. Музыка сыншысы емеспін ғой, бірақ, кейде бір «сәуегейсіп», әндерге де, әндердің мәтініне де сын айтатыным бар. Тіпті, «Қазақ әдебиеті» газетіне, «Жалын» журналына мақалалар да жазғанмын. Сол үшін достар да, дұшпандар да тапқанмын. Тіпті, үлкен баспасөздің құлағын ұстап отырған бір ағам:

-Оны сынап нең бар? Ол біздің жаққа күйеу бала болып келеді,- дегені бар. Сонда қалай? Жалпақшешей болып жүре беруім керек пе? Әбіштің өлеңге деген, Жоламанның әнге деген талғамымды өсіргені бекер ме? «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөздің адыра қалғаны ма?

Төлештің, Төлегеннің «Ана» туралы әнін тыңдадым. Ана туралы қандай және кімнің әні болса да, Шәмшінің «Ана туралы жырымен», Ескендірдің «Анасымен» салыстыра тыңдайтыным рас. Әнді әу баста салқын тыңдадым. Ескендір Хасанғалиевтің «Анасына» ұқсайтындай боп көрінді маған. Кімнің орындағанын білмеймін, әйтеуір, ән баяу, жайдары, ашық дауыспен:

Арманым биік аспандай.

Жер басып жүрмін жасқанбай.

Күн Анам менің  көктегі,

Жердегі анам ақ таңдай.

Қайырмасы

Күлімдеп кейде жанары,

Шытса да кейде қабағын.

Аналар үшін барлық ел,

Көтерер биік алауын,- делініп, жалғасып кете барды. Әннің қиын-қиын бұралаңдары, қондырылған сіркелері жоқ екен. Мен өзім ән дегенді, ең алдымен, өлеңнің мазмұны мен идеясын, мәні мен мағынасын түсіндіретін және тыңдаушының түйсігі мен сезіміне әсер ететін музыкалық жамылыш деп түсінемін. Осы музыкалық жамылыш әнге қосылатын аспаптардың үніне қарай әр түрлі боп шығады. Кейбір аспаптар, мәселен, мандолин мен гитара секілді аспаптар ойнақы, жеңіл, көңілді музыканы беруге ыңғайлы. Ал, адамның алпыс екі тамырын иітіп, ішкі жан дүниесін, ішкі қайғы мұңы мен қасіретін, яғни, шерлі музыканы беруге келгенде, қобызға жететін музыкалық аспап жоқ. Әрине, қазақ ұлтының, менің қазағымның табиғаты үшін...

Енді осы бірінші шумақ пен қайырмадағы мазмұн мен идеяға, мақсат пен ойға, көркемдік пен баяндауға, лирикалық қаһарманның сезіміне зер салайықшы.

Лирикалық қаһарманның арманы аспандай биік және соның нәтижесінде ол жерді жасқанбай, именбей басады. Жалпы, тірлік нәрін таратушылар – аналар ғой. Жерге өмір сыйлаушы, тірлік дарытушы – Аспандағы Күн. Аспандағы Күн болмаса, жердегі өмір өлім құшады. Жердегі аналардың өзі Күн Анадан бастау алады. Ақын жердегі аналарды Күн дарытатын ақ таңға теңейіді. Жай ғана, қарапайым ғана таң емес – ақ таң. Ақ сөзінің өзі – кез-келген халықтың жүрегіне, көңіліне жылы тиетін қасиетті, құдіретті, жақсылықтың сөзі. Бұл сөзде әділет пен шыншылдық та, ақиқат та бар. Қазақтың «аққа қара жаққандай»; «ақ сөйле»; «ақжарқын»; «ақпейіл»; «ақкөңіл» деген тіркестерін алып қарашы! «Ақ» сөзі осы бірінші шумаққа қандай салмақ пен жүк, пәлсапалық астар бергенін енді байқаған боларсыз...

Енді осы парасатты, салиқалы, пәлсапалық түйіні өте күшті жыр жолдарын Төлеген әуенмен қалай әрледі екен? Осы мазмұн мен идеяны оның музыкасы ашты ма, тыңдаушысына жеткізе алды ма? Жақсы өлеңнің құнын түсіріп алған жоқ па?

Жоқ! Өлеңнің көркем мазмұны мен идеясын жеткізуде әуен өте лайықты қызмет атқарып тұр! «Әнді әу баста салқын тыңдадым» дедім ғой. Расында, әнді тыңдау үшін салқын сабыр, өр сезім, парасатты ой, жігерлі көңіл-күй керек екен. Ән сонда ғана бойыңа қонады.

Ән жұлқынбайды, жұлынбайды, секірмейді, секеңдемейді, ойнақшымайды.  Баяу дауыспен салқын, сабырлы, асқақ түрде айтылып, өлеңнің ішкі мазмұнымен, көркем идеясымен жымдасып, кірігіп кеткен. Міне шедевр! Міне, мәңгілік ән! Бұл ән енді ғана өмірге келді! Кіндігі енді ғана кесіліп жатыр! Әншілер тарапынан айтылу барысында әлі талай өңделеді, қырналады.

Төлегеннің бес-алты әнін бойыма қондырыппын. Барлығы да жүректі баурайтын, көңілді тербейтін әндер. «Достарыма», «Зайсан», «Сені ғана» атты әндер осы пікір үдесінен шығатыны анық. Осы тақырыпқа жазылған әндер әуенінің сазы да, мәтіні де тақырыптан ауытқымайды. Төлеген бауырымыз талдықорғандық ақын Болатбек Солтановпен шығармашылық ынтымақтастықта жұмыс істейді екен. Әрине, әннің мәтіндерінен шұқшиған адамның кемшілік табатыны белгілі. Бірақ, әннің орындалу барысында бұл кемшілік білінбей кетеді екен. Дегенмен, төрт құбыласы түгелдей тең болуы үшін Болатбек Солтановтың жазған ән мәтіндерін әлі де өңдеу, қырнау керек секілді. Менікі – өлеңдегі селкеуліктің әнге көлеңкесі түспесін деген жақсы ниеттен туған адал ой.

Мен музыка зерттеушісі немесе сыншысы емеспін, нота білмеймін, арнайы сауатым да жоқ.  Түйсігім мен жүрегімнің айт дегенін ғана жазып отырмын! Жаңылысып жатсам, бауырым боп кеткен Төлегеннен және музыка сыншылары мен зерттеушілерінен кешірім сұраймын!

Мұны жазудағы мақсатым – аспандатып немесе әспенсітіп Төлеген бауырымнан классик жасау емес. «Жақсының жақсылығын айт: нұры тасысын» дегендей, оның адамгершілігі мен кішіпейілділігін, жомарттығы мен қайрымдылығын, қабілеті мен қарымын басқаларға үлгі ету ғана және оның қазақы-ұлттық намыстың жігіті екенін паш ету.

Құдайға шүкір, Төлегеннің ән саквояжында жүрегінен, көңілінен, жан-дүниесінен шыққан әндер баршылық. Көп болмаса да, бірегей. Төлештің әңгімесінен байқағаным – бойын баурап, жүрегін толқытқан әуен көңіл түкпірінде ұзақ жүреді екен. Кеудесіндегі әуен әбден пісіп жетілгеннен кейін қолына гитарасын алып, бір күні отыра қалады да, шырқайды. Өмірге келген әуен қырналады, өңделеді, мидың да, ойдың да, білім мен жүректің де сүзгісінен өтеді. Содан кейін ғана барып әуеніне сөз іздейді. Талай ақындармен араласып-құраласып, сыйласып жүрсе де, «мына әуеніме сөз жазшы, өлең жазшы» деп, ешқайсысына жалынбайды, жалбақтамайды. Алланың берген мінезі, табиғатынан осындай. Ешкімнің алдына түсіп, «мен осындаймын!» деп көстемеңдейді, көзге түсу үшін көлбеңдемейді. Бірақ, үйдегі шаруасына да, өнердегі шаруасына да мығым. Өнер, ән жолында өлуге бар, бірақ, оны ешкімге қорлатпайды, аяққа таптатпайды, қолжаулыққа айналдыруға жол бермейді. Әрі, оны өзі де табыс көзіне айналдыруға тырысқан емес. Уәдесіне берік, айтқан сөзінде тұрады. Жаны да, қолы да жомарт: тәубешіл. Кейде маған Төлеген інім мына біздерге, жұмыр басты пенделерге «жоқ» деген сөзді айтқызбау үшін, ұмыттыру үшін дүниеге келгендей боп көрінеді. Қаншама жыл жолдас, ағалы-інілі боп жүргенде, оның «жоқ» деген сөзді айтқанын естімеппін ғой...

«Жоқ» болма, өнерде де, өмірде де, көңілде де бар бола берші, Төлегенім, Төлешім! Бойында адамшылығы бар, өмірге басқаларға қамқор болу үшін, көмектесу үшін дүниеге келген Төлеген інімдей жігіттер көп болсайшы! Жоқ болма, бар бол, барыңды халқыңмен бөлісе бер дегім келеді Төлеген ініме.

 

                                              Ағалық ізгі ниетпен жазушы Асқар Жұмаханұлы     

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер