Тәуелсіздік тұғыры - тектілік қасиет (лингвоаксиологиялық аспект)

4269
Adyrna.kz Telegram

 

«Текті адам тез ашылады. Сені түлкі бұлаңға салып,  

бұлыңғырмен бумайды, теріскейі мен күнгейін, еңісі мен

асуын, әп-сәтте жайып салады. Ондай адамның жанарына

жарты әлем сиятын жылқы боп жәудірегеніңнің өзі

 жеткілікті. Сол, жанардың, ақ-қарасына жасанды

 жылтыл қоспағаныңның өзі жеткілікті»

 

Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ

 

XXI ғасырдың жедел де өзгермелі, тұрақсыз сипаты әрбір ұлттың даму жолында өзіндік қиын да күрделі мәселерді туындатып отыр. Бұл мәселелер, әсіресе, ұлттың мәдени-рухани өмірінде анық байқалады. Жаһанданудың өзіне тән көпқырлы сипаты ұлттық болмысқа тән қасиеттер мен құндылықтар жүйесін қайта қарап, олардың өміршеңдік сипатын сақтауға күш салуды талап етуде. Олай болмаған жағдайда әлеумет өмірінің сан-саласын қамтитын түрлі сыртқы тенденциялар мен факторлар әсерінен ұлттың рухани-мәдени бағыты үлкен адасуға ұрынары анық. Бұл мәселе тек қана егеменді ел болып, еңсесін тіктегеніне ширек ғасырдан енді ғана асқан қазақ халқы үшін ғана емес, өз тарихы мен мәдениетінің бастауларын мыңжылдықтардан алатын өзге де ұлттар үшін маңызды мәселе. Сондықтан да бүгінгі таңда әрбір ұлт мәдени мазмұн шеңберінде жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар жүйесінің өзара үйлесімділігі мен айырмашылық қырларына тереңірек үңіле түсуде. Себебі, дәстүрлі ұғымдағы мәдениет деп аталатын әмбебап ұғыммен қатар, бүгінгі таңдағы құндылық ұғымының өзектілігі артып отыр. Бұған әсер етуші фактор ретінде жаһанданудың этносты құраушы әрбір адамның бойындағы мәдени ерекшеліктер мен құндылықтық бағдарларға өзіндік әсерінен  танимыз. Сондықтан да философияда қарастырылып келген құндылықтар мәселесі бүгінгі таңда көпқырлы зерттеулердің негізгі нысанасына айналып отыр.

Ұлттық болмысқа тән құндылықтар жүйесін бүгінгі күн биігінен сөз еткенде, елдік тарихымыздың кейбір беттеріне үңілу қажеттігі туады. Себебі, тарихи, әлеуметтік-экономикалық жағдай мен рухани-мәдени даму күллі ұлттың және сол ұлттың әрбір өкілінің бойындағы құндылықтық бағдарлардың қалыптасуына және сол құндылықтық бағдарларға сәйкес өзіндік мақсат-мұраттарының өрістеп дамуына жоғары деңгейде әсер етеді. Яғни, біз тарихи ахуалдарға байланысты ұмыт болған құндылықтық негіздерімізді тарихты зерделей отырып қайта қарауымыз қажет. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз жасаған рухани-мәдени жетістіктер мен құндылықтар жүйесінің табиғатын терең зерделей отырып, оны бүгінгі ішкі және сыртқы тұтастығымызға ұйытқы болатын, тұғырлы тәуелсіздігіміздің тірегіне айналатын маңызды құрылым ретінде талдағанымыз дұрыс. Бұл тұрғыда, Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» еңбегінде мұның қажеттілігін дәл көрсетеді: «Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы – тарихтың толқынында өзінің ұлттық «МЕН» дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр...» [1,25].

Бүгін біз шерлі тарихымыздың шежіресіне назар аудара отырып, мерейлі болашақ жайлы ой қозғаймыз. Алайда, отарлық саясаттың ұлттық болмыстың өзіне тән келбетіне келтірген «нұқсанын» ескеруіміз қажет. Бұл туралы профессор Т.Ғабитов: «Ұлан-ғайыр, кең байтақ жерді иеленіп келген қазақ табиғатынан батыр мінезді, бостандық пен еркіндікті қастерлеген қайсар халық еді. Бірақ 270 жылға созылған тәуелділік жылқы мінезді халықты момын, қой мінездіге айналдырды. «Жаман үйді қонағы билейдінің», «Есіктен кіріп, төр менікінің» күйіне түсе бастады» [2,255]- деп, дәлелді пікір айтса, Н.Байтенова: «...Орыстану саясатының негізінде қазақ тілі, жалпы мәдениеті құрып кетудің аз-ақ алдында қалды, неше ғасырлар бойы қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесінен ғана айырылып қалған жоқ, ол сонымен қатар ғылыми, соның ішінде философиялық ұғымдарды дамытып, байытатын тіл болудан қалды. Қазіргі кезде біздің алдымызда тұрған негізі мақсат осы уақытқа дейін дамытылған ұлттық философиялық ұғымдар жүйесін қалпына келтіру және жаңа заманға сай байытылған жаңа философиялық ұғымдар жүйесін дамыту мәселесі тұр» [1,189] -  деп, ұлттық құндылықтар дүниесін ұлттық философиялық ұғымдар жүйесі аясында талдап, мәселені шешу өзектілігін алға тартады.

Қазақ халқынының ұлттық болмысына тән сипаттарды, белгі-қасиеттері, мінез-құлық табиғатын, ойлау дүниесінің ерекшелігін, дүниетаным деңгейін тарихи-мәдени сабақтастық негізінде танытатын жинақтаушы жүйе ретінде біз этномәдени архетип деген ұғымды қолданамыз. Яғни, ұлттың ұлт ретінде қалыптасу жолында ұлтқа тән басты белгілерді өзіне сіңіріп, кейінгі ұрпақтарға табыстаушы жүйе. Әрине, қоғам өзгерген сайын этномәдени архетипті құраушы элементтер де өзгеріске түседі. Бұл өзгерістер жүйенің сыртқы қабаттарында ғана жүріп жатады. Дегенмен де, этномәдени архетиптің негізін құрайтын ұлтты ерекшелеуші базалық түсініктер өзгермейді. Себебі, ол өзгерген жағдайда, ұлттың ұлт болуының өзі екіұдай күйге түсетіні анық. Бұл туралы Т.К.Бурбаев: «Этномәдени архетипте – ұлттың бет-бейнесі, қадір-қасиеті, басқалардан өзінік ерекшелігі, жалпы ұлттың рухани болмысының көріністері бар. Этномәдени архетиптер ғасырлар қойнауында шыңдалып, уақыт талабынан сүріней өтіп халықпен бірге жасасады, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп отырады. Ондай архетиптер ұлт менталитетінің «ядролық» негізін құрайды. Олар қоғамдық қатынастар өзгергенмен өзінің тұрақтылық пішінін сақтауға ұмтылады. Оларды сақтаудың негізгі жолдары салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіл, мәдениет, өнер болып табылады. Соның нәтижесінде, олардың кейбіреуі басымдық жағдайға ие болып, адамдардың мінез-құлқы мен іс-қимылдарында, дүниетанымында ерекше орынға ие болады. Ал, кейбір этномәдени архетиптер белдік,шеттік деңгейде өмір сүреді. Олар қашанда өзгермелі, үнемі жаңғыру үстінде болады. Қоғамдық қатынастардың өзгеру бағыты мен екпіні олардың мазмұны мен табиғатына жаңаша нәр беріп, сипатын өзгертуі мүмкін. Оны «перифериялық» деп атаса да болады»[1,483] - деп, этномәдени архетипті ұлттық құндылықтарды қалыптастырушы маңызды рухани-мәдени жүйе ретінде сипаттайды.

Қазақ қоғамының рухани аядағы жаңаша сапалық өзгеріске ұмтылуы мәселесі қоғам белсенділері мен зиялы қауым тарапынан егемендіктің ең алғашқы жылдарынан-ақ айтылып келгені белгілі. Халықты, ұлтты құраушы әрбір адамның рухани дүниесі өзгермей, жаңа құндылықтық бағдарларының қалыптаспауынсыз қоғам рухани жетістікке жетеді деу қиын. Егемендіктің ең алғашқы жылдары еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын тұрақтандыру мәселесі өзекті болса, бүгінгі таңда қалыптасқан жаңа саяси-эконономикалық жүйесі бар мемлекетіміз үшін ұлтты, халықты біріктіруші рухани-мәдени аяның маңызы артып отыр. Себебі, рухани біртұтастық ел дамуының ең негізгі көрсеткіштерінің бірі саналады.

Рухани жаңғыру мәселесі – ұлттық құндылықтық бағдарларымызды жаңаша мазмұнда қарастыруға жол ашатын негізгі ұғым. Бұл туралы Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» еңбегінде: «... Ұлтымыздың «МЕН» дегізерлік қасиетін сақтауға жаңғырған ұлттық сана ғана кепіл бола алады» [3,44] - деген болатын. Қоғамның рухани жаңғыруы бірден бола салатын құбылыс емес, сол себептен де ұлттық құндылықтар жүйесі туралы толғамды ойларды, тұщымды пікірлерді тәуелсіз ел болғанымызға ширек ғасыр болғанда тереңінен қозғап талдаудың және оны жүзеге асырудың мүмкіндіктері туып отыр. Бұл мәселені дүниежүзілік мәдени-техникалық прогресс аясында бағамдау қоғамдық-гуманитарлық саланың білікті мамандарына, руханият пен мәдениет саласындағы зиялы қауым өкілдеріне маңызды міндет, жауапкершілік жүгін жүктеп отыр. Ғылыми-зерттеулердің де осы бағытқа ойысып жатқанын аңғару қиын емес. Бұл үдеріске Елбасының 2017 жылы жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жаңаша серпін берді. Тәуелсіздігін тұғырлы да мәңгі етуге бағыт алған ұлттың мақсат-мұраттарын нәтижелі ететін ұлттың рухани-мәдени түп-тамырынан бастау алатын құндылықтар жүйесі екендігі анық. Мақалада айқын көрсетілгендей: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу» [4]. Ал, ұлттық кодтың тіл, діл, дін арақатынастары негізінде ұлттық құндылықтарымызды жинақтаушы күрделі ұғым екені түсінікті.

Ұлттық сананың тірегі – тіл. Сол себептен де «тіл білімінде қазақ ұлтының таным парасатын, жарық дүниені танудағы көркемдік көкжиегін, ой-қиялын жаңа ғасыр табалдырығында тұрған жас буын, келер ұрпақ алдында ұлттық мәдени ерекшеліктерін өзі жасаған тілі арқылы зерделеу – ең маңызды мәселе» [5,8]. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихының барысында қалыптасып, өзгеріп, дамып отырған дүниетаным көкжиегі, ұлттық-мәдени және ойлау ерекшелігі, мінез-құлқы, материалдық және рухани игіліктерге деген көзқарасы т.б. тілінде айқын көрініс тапқан. Біз мұны қарапайым халықтың күнделікті коммуникациясынан да, тілдік тұлға ретінде арнайы зерттеу нысаны болатын шығармашылық тұлғаларының да туындылары мен еңбектерінен анық байқаймыз. «Тіл біздің ойымызды туғызып, оны жеткізіп қана қоймайды, сонымен қатар, ол адамдардың сан ғасырлық тәжірибесін сақтайды және оларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырады» [6,51]. Бұл – тілдің кумулятивтік қызметінің жемісі. Бұл тұрғыда ф.ғ.д., профессор Г.Н.Смағұлова: «Өткен өмір өрнектері ұлт мәдениетіне материалдық негіз ретінде қаланып, ал оның сыры мен сымбаты тілде ғана өшпей қалған» - дейді [5,6]. Осы арқылы тілші-ғалымдар қазақ халқының бітім-болмысы мен өмірлік тәжірибелерінің нәтижесі, қорытындысы, ұстанымдары, көзқарастары т.б. тіл арқылы көрініс табатынын айта келе, оның ұлттық құндылықтар жүйесін қалыптастырудағы маңызын көрсетеді. Лингвоаксиологияның да мақсаты  осы – тілдік бірліктер арқылы бедерленген құндылықтар жүйесін зерттеу, зерделеу. Сондықтан да біз ұлттық құндылықтық бағдарларымызды ұлттық әдеби мұрамыздың шеңберінен іздейміз. Жаһандану үдерісінің ұлттық құндылықтар жүйесіне әсері жайлы сөз қозғағанда біз ғылыми-зерттеу жұмысымыздың негізгі нысанына айналып отырған ұлттық дүниетанымдағы «тектілік» ұғымын арнайы қарастыру қажеттігі туады. «Текті» деген ұғым қазақ үшін қандай қасиетке ие болса, «тексіз» деген сөз күллі жеті атасы түгілі жетпіс жеті атасына дейін жететін ауыр сөздің бірі болып саналады. Тектілік ұғымының халық танымындағы сын-сипаты халық өмірінде тіл арқылы бекіп, тіл арқылы көрініс тапқан. Текті де терең тамырлы, бай тарихы бар қазақ халқы қашанда асылы мен жасығын, жаманы мен жақсысын парықтауға айрықша мән беріп, тектілік қасиетті ерекше классикалық биік деңгейге көтерді. Тектің, ұрпақтың тағдыры — ұлттың тағдыры. Қазақ келешек ұрпағының кемел болуы үшін өзіне талапты биік қойған. Зерделі, тапқыр, жігерлі, қайратты, ақылды, білімді, т.б. болып өсуді адамның басындағы асыл қасиеттерге теңеген. Қазақта біреудің баласы жақсы өнегелі азамат болып өссе: «Оның әкесі жақсы кісі еді, өнегелі жерден шыққан ғой», «тегі жақсы болғасын ғой...» — дейді. Сондықтан табиғи дарынды әлеуетті күш қашанда мемлекет үшін баға жетпес ұлттық құндылық. Халықтың көшін бастайтын ел басшылары мен игі-жақсылары жоғалса, ұлттың та ұнжырғасы түсіп, тұлғасыз тұлдыр ұлтқа айналады. Тамырынан айырылған теректей текті ұлдарынан айырылған ұлттың дамудың даңғыл жолына түсе алмасы ақиқат. Қалың тобыр арасынан дара көрінетін текті тұлға әрқашан айшықталып тұрады.

«Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,  

Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға.

Жақсының әрқашанда жөні бөлек,

Жаман адам жарамас бір қымтарға»  немесе

«Жабы жүйрік болмайды байлағанмен,  

Жасық болат болмайды қайрағанмен» -  деп Ж.Жабаев шалқыса, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы жеке тұлғаның қалыптасуы барысында оның өскен ортасы мен алған тәрбиесінен де  бұрын, оның қанындағы, тегіндегі қасиеттердің басымдыққа ие болатынына ерекше тоқталған. Абай сынды алып ой иесінің тамыры тобықтының ішіндегі шынжыр балақ, шұбар төс тұқым екеніне де кезінде көп көңіл бөлінбегені рас. Әкесінің: «Әй, Абай! Мақтағыш болсаң, алдымен мені — Құнанбайды мақта! Өзімнен асырып мен сені тудырдым. Ал, сен мықты болсаң, өзіңнен асырып ұл тудыр. Содан кейін мақтанарсың, шырағым»,  — деп ширыға тіл қатуында ұлт танымындағы тектілік туралы түсініктің терең мағынасы жатыр. Ежелден-ақ ата-бабаларымыз біздерге “Тегін білмеген - тексіз, жеті атасын білмеген - жетесіз”, “Жеті атасын білген ұл - жеті жұрттың қамын жер, жеті атасын білмеген - құлағы мен жағын жер”- деген халық танымындағы тектілік концептісінің маңызын айқындайтын сөздер қалдырған. Бұл сөздердің мағынасы, бірінші тегіңді біл дейді. Ал, тек дегеніміз бұдан сан мыңдаған жылдар бұрын ғұмыр кешкен арғы ата-бабаларымыз өзі болып шығады. Тектіліктің тамырын терең түсіну үшін алдымен қазақтың жеті ата тарататын дәстүрі мен ата-тек шежіресін мұқият зерделеген жөн. Қазақ генетикасы өзге ұлттарға ұқсамайтын өзіндік ерекшелігімен дараланатын бай өрелі ілім болып қалыптасты. Ата-бабаларымыз исламның да (араб мәдениетінің де) тек өзінің табиғатына үйлесімді қағидаларын қабылдады. Бірақ, біздің зерттеу нысанымыз - «тектіліктің» генетикалық қыры емес, оның ұлттық дүниетанымдағы концептілік келбеті. Алайда «текті» сөзінің мағыналық өрісі мен қабаттарында екеуінің де ұштастығы мен бірлігі байқалып тұрады. Тектілік концептісі жайында пайымдалған асыл сөздердің астарында ұлттың терең тұжырымдары, ғасырлық өмір тәжірибесі, генетикалық ілімге даналық көзқарасы жатыр. Бұдан ұлттың қан арқылы берілетін гендік ақпараттар мен қасиеттер туралы түсінігі анықтала түседі. Оған дәстүрлі қазақ қоғамының қойнауында пайда болған «қауын пәлегінен аспас», «алма сабағынан алыс түспейді», «түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы», «тектен нәр алған тозбайды», «шұғаның қиқымы да шұға»,  «тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы»,  «тегінде бар тектілік», «тектілік тұқым қуады»,  «текті жердің тұлпар ұлы»,  «тегі мықты», «тегі таза», «тегіне тартқан», «асылдың сынығы», «тектінің тұяғы», «жақсының көзі», «асылдың сынығы» деген бұрыннан келе жатқан тіркестер де дәлел бола алады.  Керісінше, бұған антипод мағынадағы «жетесіз», «жүгенсіз», «парықсыз», «көргенсіз», «тексіз», «тәрбиесіз», «ұятсыз», «намыссыз», «ештеңе көрмеген», «қарғыс атқан», т.б. нәлетті сөздер де жайдан-жай айтыла салмаған. Мысалы, «тексіз» сөзімен синонимдес бір ғана «жетесіз» деген сөздің түп-төркіні жөнінде ғалым Б.С.Қошым-Ноғай: «... Орта Азия мен Қазақстанға араб шапқыншылығымен бірге келген «джәдд» сөзінің тіліміздегі семантикалық өзгеріске түскен «жете» тұлғасына назар аударуға мәжбұр етеді. «Джәдд» сөзі араб тілінде «ата-баба» деген мағынада қолданылады. Қазақ тіліндегі «жетесі жаман», «жетесіз» деген сөздер де «ата-баба тәрбиесін көрмеген» деген сөздің орнына жүреді» [7,292] – дейді. Бағзы бабалардан жеткен «барымташыдан ұры, ұрыдан қары, қарыдан бәрі шығады» деген ұлттық дүниетаным кей-кезде «өзі болған жігіттің — ата-тегін сұрама», «жаманнан жақсы туса — теңі болмас, жақсыдан жаман туса — емі болмас» деген пайыммен алмасқан. Сонымен қатар, өмірлік тәжірибеге негізделген «жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» деген сөз де ата-бабаларымыздың тектілік турасындағы танымын көрсетеді.  «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының 8-томында «тектілікке» мынадай анықтама беріледі: «Тектілік - адам бойындағы асыл қасиеттердің парасаттылықтың үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа рухани сабақтастықпен берілуі. Тектілік құбылысы жақсы адамның кездейсоқ қалыптаспайтынын, ата-бабалардан берілетін дүниетанымдықділдікпсихологиялық, т.б. бейімділіктері болуға тиістілігін көрсетеді. Дегенмен, кез-келген адамның әлеуметтік ортада өзін жақсы жағынан көрсете білуге, өзін жетілдіру арқылы белгілі бір қоғамдық дәрежеге жету мүмкіндігі жоққа шығарылмайды. Яғни, тектілік гендік түрде берілетін биологиялық қасиет қана емес. Өзінің жеке басының кемшіліктерімен күреспеген жанға халықтың қырағы көзі өз бағасын беріп отырған. Сондықтан қандай текті жерден шыққанмен де өмірде өз жолын таба алмай, жеке басының ғана мүддесінің аясынан аса алмаушылықты тектілік деп танымаған. Яғни, тектіліктің негізгі өлшемдерінің бірі абыройлы азаматқа айналу болып табылады. Осыған орай халық арасында “Жаманнан жақсы туады адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туады бір аяқ асқа алғысыз” деген қанатты сөз айтылады. Тектілік адамның ізгілікке, баянды мақсаттарға ұмтылып, жақсы үлгі-өрнек қалдыруынан көрінеді. Ал пендешілік пен нәпсіқұмарлықтың теріс жолына түскен азамат тексіздіктің құрсауына шырмала түседі. Нағыз          тектілік  сыпайылықтан   кешірімпаздықтан, мейірбандықтан көрініп, осы ізгі ниетпен ешкімді төмендетпей, шеттетпей биіктеуге мүмкіндік береді. Халқының, Отанының мүддесін жоғары қоя білген адамдардың қатары көбейген сайын тектіліктің де қадірі артып, қоғамдағы қайшылықтар шешімі жеңілдейді». Бұл пікірден құндылықтық жоғары сапаға ие «тектілік» концептісі әлеуметтік статусты ғана білдіруші емес, жалпы адам бойындағы асыл қасиеттерді де айқындаушы және біріктіруші бірлік екендігін байқаймыз. «Текті» ұғымына тән сапалық белгілерді халық танымы өзінің өмірлік тәжірибесінің негізінде анықтап, ғасырдан-ғасырға тіл арқылы табыстап отырған. Сөз өнерін шебер меңгерген қазақ халқы бұл ұғымның мән-мазмұнын ашатын тілдік бірліктердің табиғатын терең зерделей отырып, адам бойындағы асыл қасиеттердің жиынын «текті» сөзінің бойына дарытқан. «Текті» сөзінің генерациясы – осы. Сонымен қатар, бұл сөзбен эквивалент қолданылатын «жақсы» сөзі де дәл осындай сапалық қасиеттерді сіңіріп, ұлттық дүниетанымда стереотиптік деңгейге жеткен. «Текті кекті ұмытар, ақылмен ойын жылытар», «Жақсы керісіп отырып келіседі, жаман келісіп отырып керіседі», «Тұлпар түбін табады, жақсы елін табады», «Жақсы жаныңа жолдас, жаман наныңа жолдас» деген мақал-мәтелдерден «текті» сөзімен синоним ретінде «жақсы» сөзінің ұлт таным-түсінігіндегі рецепциясын анық байқауға болады. Сонымен қатар, қарапайым өмірде де, әдебиеттерде де «жақсы» сөзінің «текті» ұғымының мәнін ашуға қызмет ететін узуалды түрдегі қолданысын көреміз.  Мақал-мәтелдердегі «тектілік» концептісін лингвоаксиологиялық тұрғыда  зерттеудің маңызын мәдениеттанушы ғалым Т.Ғабитов дәл көрсетеді: «Патриархалды-феодалдық өмір тәртібін бейнелейтін қазақ мақалдарын зерттеу олардың идеялық мазмұнының өзегі «жаман адам» мен «жақсы адам» түсініктерінен құралатынын көрсетеді. Қолдаушы формула «жақсы адам» мен кінәлаушы «жаман адам» отбасылық өмірде де, қоғамдық өмірде де моральдық нормалардың бүтін жиынтығын білдіретін қорытындылаушы түсініктер болды. «Жақсы» мен «жаман» халықтық мораль тұрғысында былайша бағаланады немесе сыналады: «Жақсы іске келеді, жаман асқа келеді», «Жақсыдан қашпа, жаманға баспа»» [1, 253].  Қазақ мемлекеттілігінің мерейлі тұсында дүниеге келген жыраулар поэзиясынан ұлттық рухтың аса биік көрінісін көреміз. Ұлттық болмыстың бабалар жасап беріп кеткен сипаты, ерлігі мен өрлігі, кеңдігі мен кемелдігі, даналығы мен дарқандығы жыраулар шығармашығында «тектілік» концептісіне топтасқан. Құндылықтар жүйесін зерттеуші ғалымдар мұны атап көрсетеді: «Қазақ халқы қалыптастырған рухани құндылықтар арасында ақын-жыраулар шығармашылығы маңызды орын алады... Асан Қайғы, Доспамбет жырау, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Шал ақын және т.б. – өз дәуірінің философиялық идеалдарын білдірген ойшылардың бүтіндей бір шоғыры. Жыраулар мен ақындар өздерін толғандырған мәңгі философиялық мәселелерді өз шығармаларында бейнелей отырып, орасан зор рухани күш-жігерді қорытты...» [1, 246].

Мәселен: Жақсының жақсылығы сол болар,

Жаманменен бас қосып,

Сөйлемекке ар етер;

Жаманның жамандығы сол болар,

Сөйлесе дәйім бетін қара етер. [8,39]

 

Жаманнан туған жақсы бар

Адам айтса нанғысыз,

Жақсыдан туған жаман бар,

Бір аяқ асқа алғысыз. [8, 44]

 

Жат туғанды өз еткен

Жақсының ғұмыры аз-ақ болмас па! [8,44]

Шалкиіз жырау

Қазақ халқының мақал-мәтелдері мен жыраулар шығармашылығы негізінде қарастырылған мәдени мазмұндағы «тектілік» концептісі құндылық ретінде адамға тән сапалық қасиеттерді айқындаушы тіркестер туғызып, еліміз үшін ерекше мәнге ие жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге өзіндік үлесін қосады.

 

Бекет Үсенбекұлы ӨТЕГЕН

Пікірлер