Құндылықты сақтау - қадірлі жол

6184
Adyrna.kz Telegram

«Халықтың ізгі дәстүрі –

біздің ең асыл мұрамыз»

Б.Момышұлы

Ат үстінде күн көріп, толарсақтан қан кешіп, ауыздықпен су ішіп, талай-талай заманның ауыртпашылық атты жүгін арқалаған қара орман қазақтай халықтың ерте кезден сақталып, қазынасы бар үйдің санасында жатталып қалған салт-дәстүрі, ырым-тыйымдары, наным-сенімдері бар. Бұлардың барлығы біртұтас қауымдас ұлттың құдды жәдігері іспеттес. Ұлттық құндылықтар ұлтымыздың рухани жан дүниесінің байлығы мен барлығынан, табиғилығы мен шынайылығынан, кеңпейілділігі мен дархандығынан сипат беріп, көз алдымызға ақ жаулықты да ардақты апа-әжелеріміздің керемет те келісті етіп тіккен кестедегі бейнесіндей көріністі ап келеді.

Ата-бабаларымыздан мирас есебінде қалған құндылықтардың маңызы бір ананың баласындай, бірге туып өскен бауырдай болып үлкенге құрмет, кішіге ізет етудің таптырмас алтын көпірі секілденеді. Олай дейтін себебім бір ананың балалары дәстүрлерімізден хабардар, салтына сенетін, сертіне беріктігін көрсете білсе, қазіргі таңдағы көз алдымыздан бейнесюжеттей жылжып жатқан шытырман да жантүршігер оқиғаларға тап қылмас па еді, кім білсін?! Ақ жаулықты әженің өнегелі өсиеттерімен, ақ сақалды қарияның алақанға сап берген батасымен, тоғыз ай толғатып, өмірдің есігін аштырған аяулы ананың ақ сүтімен, асқар таудай әкенің тәртібімен бойға сіңірген игі қасиеттер сіңімді болып келсе, өскелең келешектің болашағының жарқын болуына бірден-бір таптырмас кепілдік болар еді. Осы тұста көкейде мынадай келісті сауал орын алады. Болашақ кімнің қолында?! Ол сіз бен біздің қолдан келер буынның қолына көшетін бір мемлекеттің тамыры кеңге жайылған тағдыры деп білемін. Ал тағдырды тағылымды да тарихи етіп жазу тағы да біздерге байланысты. Біздер деген кімдер?! Олар – кеудесінде «қазақ» деп соғатын жұдырық жүрегі бар, көкірегінде отаншылдық сезімі ұялаған, ұлттық болмысы сақталған қазақ елінің азаматтары мен азаматшалары. Осындай болмысты жеке тұлғалардың көптігі ел іргесінің кеңуіне, өзге мемлекеттермен терезесінің теңесуіне, қамалы берік қорғанның қалыптасуына ықпал етері сөзсіз.

Ұлттық құндылықтар – ұлт қорғаны. Неліктен?! Себебі «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, ұлт қорғаны болуы үшін де бесікте берілер тәлім-тәрбиенің нәрімен жас сәби сусындап өсуі қажет. Сәби кезде құлағына анасының әуелеген бесік жыры мен кимешек киген әжесінің айтқан ертегілері, аңыз-әңгімелері сіңірілуі тиіс. Ұлттың болмысы рухани құндылықтардың сақталуынан айқындалады. Ал осы тұста «құндылық дегеніміз не?» деген сауалға жауап іздеп көрелік. Құндылық дегеніміз ата-бабамыздан керуеннің көшімен, аттың дүбірімен жалғасын тауып осы кезге дейін жеткен әдеп-ғұрыптарымыз, салт-дәстүрлеріміз, тәлім-тәрбиеміз, дініміз десе болады. Адам болып өмір есігін ашқан әр пенденің адам атқа лайық өмір сүріп, адами қасиеттерімен адам болып аттануына ықпал берген бұл құндылықтардың құнын қаншалықты деңгейде ұстап жүргеніміз ойландырады.   «Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» демекші, «Қыздың қырық үйден тыйымы»  және «Жігітке жеті өнердің аздығы», «Адам болатын бала алысқа қарайды» сынды мақал-мәтелдер қазіргі қоғамның көрінісіне аса қатты қажет деп ойлаймын. Өйткені қоғамымыздағы кей қыздардың, жігіттердің және ата-аналардың опасыздық оқиғалары көз алдымызда жүр. Қай уақытта да қазақ халқы қызға жоғарғы құрметпен қарап, бағалаған. Қырық үйден тыйым арқылы ардың, абыройдың құндылығын дәріптеген. Бұл туралы ел ағасы Бекболат Тілеуханов былай дейді: «Қыздың ары – ұлттың ары. Қыздан ар кетсе, ұлттан қуат кетеді. Ұят белгісі аман халықтың рухы мықты, қуаты күшті. Ол жаудан жеңілмейді деген тұжырымға келген. Соны білген қазақ «қызға қырық үйден тыйым» дейді. Ол бір үйдің ғана қызы, қалған үйге қаймана қызы. Қыздың ары сол ауылдың гүлі болған. Сол ауылдың ары да болған. Қыздан ар кеткенде, қыздан ұят кеткенде мемлекеттен қуат кетеді». Расында қыздарымыздың арын күзете білмеген елдің сыйы да, рухы да төмен тұрады. Мен оның барлығын тізбектеп жаза бергенді жөн көрмедім. Қазір таңданатын да, тамсанатын да ештеңе қалмай бара жатқан секілді. Осы орайда біздің рухымызды қайта шыңдап, алып шығатын бір жолын ашып айтқан Бекболат Тілеуханов ағамыздың мына бір маңызы зор сөзіне тоқталуды жөн санаймын: «Рухани азғындаудан құтқаратын бір ғана жол бар. Ол –  сенің иманың, ол – сенің исламың, ол – сенің арың. Иманнан айырылғанда ынтаң бұзылады. Ынтаң бұзылғанда ұлттығыңнан айырыласың. Тас түйін тұтастығың үшін де дінің мықты болуы керек. Иманың кетсе, жиғаның кетеді». Сондықтан да иманымызды кетірмей, ибалылығымызды сақтап, өр халықтың ұрпағы екендігімізді қаперімізден шығармағанымыз жөн болар еді. Қазақ елінің шоқтығы биік, ойы өтімді жазушыларының бірі Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» атты еңбегінде былай дейді: «Біреулерге Құдай бәрін береді. Байлық та бар, алтын, гауһар, інжу-маржан бәрі бар. Төрт құбыласы сай. Бірақ Иман әлсіз. Бір кем дүние». Қандай қиындық кезіктірсең де, қандай қуанышқа жолықсаң да жүрек төріңде Аллаға деген сенім мен иман нұры мекендеуі керек-ті. Иманы мықты адам кез келген адасулардан, жолдан таюдан аман болады. Ал иманды қайдан аламыз дегенге келер болсақ, иманды ұлттық құндылықтарымыздан аламыз.

Орақ ауыз, от тілді,  шешен сөзге ділмар ата-бабаларымыздан қалған өсиеттер мен нақыл сөздердің, мақал-мәтелдердің және ырым-тыйымдардың барлығының берер тағылымы мол. Мейірімділік пен имандылыққа, ізгілік пен адамгершілікке, яғни адами құндылықтарға  бағыттауы жан дүниенің рухани байлығының артуына ықпал етеді. Ал жан дүниесі бай адам қандай қиындық кездессе де мойымай, өзінің тура жолынан таймай жүруіне өзі көмектесе алады. Қазіргі қоғамның бейнесіне көз салар болсақ,  «жаңылған жақ, сүрінген тұяқ болмайды» деген мақалдың аясынан асып жығыларлық жағдаяттарға тап келіп тұр. Мұның салдары менен себебі неде деп өзгеден емес-ау өзімізден сұрағанымыз абзал болар еді. Осы орайда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мына бір өлең шумағы ойға оралады:

Жақсылық көрсем өзімнен,

Жамандық көрсем өзімнен.

Тағдыр қылды деулерді,

Шығарамын сөзімнен.

Өзім қылдым деулерді,

Таса қылман көзімнен.

Адам баласы ана құрсағынан шыққаннан кейін жақсы тәрбиемен сусындайды, кейін ортасына қарай өзгеріске ұшырайды. Алайда ортасындағы өзгерістердің жақсы жағы мен жаман жағын таңдап алу еркі өзіне байланысты. Ескере кетерлік бір жай бар. Егер оның рухани дүниесі ата-анасы үйреткен тәліммен толыққанды сусындаған болса, жақсылыққа жаны құштар бағытқа бұрылары хақ.

Қай кезеңнің не қай ғасырдың болмасын өзіндік ерекшеліктері бар. Ескіліктен өтіп, жаңашылдыққа жеткен біздің әлі де жүйелей алмай, олқылыққа әуестеніп, өзгеге еліктеп, өзімізді ұмытып бара жатқандай келбетіміз сырт көзге емес, өзімізге өзімізді жаға ұстатарлық жайға түсіріп отырғаны қынжылтады. Адам баласы болып дүниеге келіп, хайуанның тірлігін жасап жүргеніміз қалай?! Көк бөрінің ұрпағы саналатын халқымның тектілігі қайда қалды?!

Бабаларымыз адамзаттың хас жауы деп үш арсызды атап кеткен. Олар: күлкі, ұйқы және тамақ. Дәл қазір қара халық айтқан арсыздардан арсыздық саны артып кеткен секілді. Құндылығымызды төмендетіп, қадірімізді жоюдың сәл-ақ алдында тұрғанымызға кімнің де болса іштей жаны түршігері анық. Сырттан келіп жатқан әртүрлі діни ағымдардың және түрлі сайқымазақтықтың көріністері жаны жайсаң халқымның ұлттық қадір-қасиетін, сат-дәстүрін жоққа шығара алмайды. Себебі қазақ айға қарап ұлитын, жамандықтың исін алыстан сақтықпен жоритын азулы да айбарлы көк бөрінің ұрпақтары емес пе?! Біздің қанда ар-намыс деген өрт жалыны бар. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген мақал бала кезден кімнің де болса қаперінде қалды деп ойлаймын.

Замана ағымының көшіне қарай өзге жақтан келіп жатқан діни ағымдардың жетегінде анасының етегіне жабысқан баладай болып еріп кетіп жатқан қаракөз қандастарымыз және тепсе темір үзердей қайратты азаматтарымыз қаншама десеңізші?! Бұған не себеп? Себеп-салдардың түп төркіні санамыздың тез улануында болып тұр-ау. Улануға тез бейімділігіміз санамызға сіңген ата-ананың тәрбиесі мен дәстүрімізді тез жоққа шығара алуымызда. Сана өзге ойларға тойтарыс беруі үшін Абай Құнанбаев айтқандай «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» қағидасын ескерген жөн болар еді. Оған қоса ұлттық құндылықтарды кеңінен дәріптеуді көбейту керек. Жастардың арасында үгіт-насихат жүргізу, телеарналық жобалар, әлеуметтік рухани сайттар, тарихи орындарға саяхат ұйымдастыру, ұлттық бұйымдарды заманауи талапқа сәйкес қайта жаңғыртып шығару, онлайн-конференция семинарлар өткізу, ұлттық ойындардан тренингтер ұйымдастыру сынды түрлі тәжірибелік, рухани дүниені дамытуға септігін тигізетін мағлұматы мол бағдарламалардың санын арттыру және кеңінен таралуына жол ашу қажет деп ойлаймын.

Ұлттық құндылықтарды сақтау – ұлттық рухымыздың, ар-намысымыздың, бабалар алдындағы парызымыздың биік шыңына апарар ең қасиетті де қадірлі жол. Ойымның түйінін өз өлеңіммен аяқтағым келеді:

Бабамызды батыр тұтқан халықпыз,

Асқар таудай аласармас алыппыз.

Ат үстінде толарсақтан қан кешіп,

Талай мәрте жеңіс отын жағыппыз.

Дәстүрінен аттамаған жасым бар,

Қонақ келсе ұсынатын асым бар.

Ұлттығымды ұлықтаған үлкені,

Қарттарым бар қазыналы асылдар.

Тектілік бар қанымызда тасынған,

Жамандықты жақсылықпен жасырған.

Жолбарыстың  айбарындай қайратпен,

Басымыздан сөз болмаған асырған.

Өреніміз өр халықтың жігерлі,

Оны бүкіл әлем-дағы біледі.

Қазақ деген өшпейтұғын бір есім,

Әр қазақтың жүрегінде жүреді.

 

Айнадин Қызылгүл Закарияқызы

Пікірлер