15-қараша - Батырлар күні

10187
Adyrna.kz Telegram

Қамал бұзар қазақтың батырлары,
Намыс-от боп жан-күйі лапылдады. Арыстандай белгілі айбаттанып,
Жолбарыстай жауына атылғаны...

Елдік үшін мұз шайнап,
отқа кірген,
Ерлік құрып еңселі
топқа кірген
Жаудың легі жеткенде ел шетіне,
Атой салып ал сонда
атқа мінген.

Ауылдастан кезі жоқ алыс қонған,
Қарындастан жері жоқ қалыс қалған.
Толағай төс,бура жон батырлар-ай,
Найзасының ұшында
намыс жанған.

Бүлік салып бой берсе
жаттан кісі,
Батырдың бұл бабына баққан тұсы.
Жүрегінде жігерлі бір кек қайнап,
Білегінде бұлқынған
батпан күші.

Жау қолынан қайысса
соқпақ, далам,
Батыр батыр бола ма
от қаппаған?!
Жерін қорғап,болсыншы жаны пида,
Төрін бірақ жауына таптатпаған.

Қазақтың батырлары-ай,
Бүркіт қабақ,
Жаудың зоры тұрған ғой үркіп қарап.
Дүлей жаудың үрейін ұшырған ғой,
Шүйіле түскен сəтте сілкіп қанат.

Ей, жас ұрпақ,
сол ерлер сенің бабаң,
Бейбіт ғұмыр келген жоқ
тегін саған.
...Баһадүр батырлардың арқасы ғой--
Жерім бүтін тұрғаны,елім аман.

Ақын Наурызбай Жарбосынұлы,
С.Қожанов жəне
І.Жансүгіров атындағы сыйлықтың иегері

Пікірлер