1916 жылғы көтерілістің діни сипаты

4029
Adyrna.kz Telegram

Орыс отаршылдары қол астындағы халықтардың мәдениетін жабайы, тұрпайы деп бағалап қана қоймай, оларға өз әдеп-ғұрыптарын, тілін, христиан православиелік конфессиясында да күштеп енгізгісі келгені анық. Орыстың дала комиссиясына қіруші зерттеушілері «қазақтардың дінінде мұсылмандығынан мәжусилығы мол, православие шіркеуіне кіргізуге үміт бар» - деп ойлағанымен қатты қателескен, себебі өз дінін сатушылар саны мардымды болмағанын көреміз. Дегенмен әртүрлі айла-шарғымен, экономикалық, идеологиялық тетіктер арқылы  православиенің басым болуын қарастырған. Мысалы медресе-мектептерде орыс тілі міндетті деп есептеліп, шіркеулерді мектептерге ықпалды етіп қойды. «1870 жылы наурыз айының 26-сында қабылданған үкіметтің «бұратана» халықтар арасында сауаттылықты ашу туралы арнайы ережесінде мешіттердің жанында ашылған мектептерде орыс тілін оқыту міндетті деп танылды.» (Ж.Қ. Қасымбаев. «Қазақстан тарихы» Алматы. Рауан. 1997.) Дін жолындағы жасалып жатқан көпе-көрнеу қиянат, ар-ұждан бостандығы аясы тарылуы қазақ халқының қажыр-қайратын діни танымын қорғауға бағыттап, қарсылық белсенділігін арттырды, өз дінін қолдаған тұтастай акциялар көрініс берді. Науан хазрет (Н.Таласов), Шайке молда (Ш. Қосшығұлов), Құсайын ишан (Х. Бекишев) және де басқа діни қайраткерлер өз дінін петициялар жазып құқықтың ауқымда белсенді түрде қорғай бастады.  Қарсы әрекеттердің қандай болғандығын А.Байтұрсыновтың «Осы күнгі соттың тәртібіндегі кемшіліктер» атты мақаласындағы «...народный сотта екі атшыға еһуди (бұқар жебірейі-автор) бауыздаған атты мұсылманға сатқаны үшін айлық абақты кескен. Екінші бір судья Құлмағанбет дегенге шіркеуге демеурін бергені үшін екі ай абақты кескен.»- деген үкімдер бар болған жолдарынан көруге болады. («Ақ жол» Алматы. Жалын. 1991.)  «Киргизы враждебно смотрят на переход своих соплеменников в христианство и лишь только прибежит к миссионеру со степи киргиз для крещения, как тотчас на улицах поселка является ватага киргизов, всюду рыскающих, чтобы словить бежавщего и умчать в степи»-деп жазған И. Беляев атты орыс миссионерлерінің бірі. 1905 жылдың маусымында Министрлер комитетінің төрағасы граф М. Ю. Виттеге жолданған Жетісу облысы қазақтары мен қырғыздарының 11 тармақтан тұратын перициясының 6 тармағы дін мәселесіне арналды.. Онда істердің шариғат бойынша қарастырылуы талап етілді. Дінін сатқан зәнәдіктер (неофиттер) қазақ қауымнан тыс деп есептеліп, адат (ғұрыптық құқық) жолымен қудаланған, туыстық (уммелік) қатынастардан шығарылып өлсе құны сұраусыз деп есептелген. Мұсылман қауымының діни басшылары орыс үкіметі тек әкімшілік билік жүргізу үшін ғана емес, сонымен қатар исламды тықсыра рухани билікке де ие болу үшін келгенін анық түсінді. Оқығандар қатарында да діни һәлге аландаушылық орын алды. М. Дулатұлының мұрасын зертеушілер де атақты «Оян, қазақ»-тағы «Жер кетті, дін нашарлап, Һәл һарам боп» жолдарында ақынның дін тағдырыңа алаңдаушылығы болғанын басып айтады.

Көтерілістің қай уақытта басталғаны туралы бірыңғай пікір жоқ және де қалың бұқара бейқұт жатты деу қате пікір. Жарлық шығатын 1916 жылдың 25 маусымына дейін-ақ орыс өкіметіне қарсы Фергана жазығында толқулар болды деп есептеледі, себебі Түркістан өлкесінің бай-манаптары, ірі саудагерлері сол жылдың сәуір-мамырында-ақ Петроград барып патшаға соғыс үшін қара жұмысқа адам алуға өтініш жасаған. Олардың ойынша «артық ауыздар» мен «артық колдар» (қазір де гастарбайтер атымен шығарылып отырады) тыныштықты бұзушылардың ұйытқысы еді. Бірінші дүниежүзілік соғыстың ылаңынан мұсылмандар әлемінің тозуы, қоғамда қалыптасып тұрған әлеуметтік-құқықтық жағдайды қаламаған діни ұран шылауына шалынған клерикалды топтар орыс билігіне қарсы ғазауатқа шақырды. Халықтар арасындағы жанжалдарды шебер пайдаланатын шетелдік диверсиялық-барлау топтарының ізі енді діншілдер (кейіннен басмашылар қозғалысына негіз болған нақышбандийа тариқаты) арасынан табылды. Ал патша жарлығы 1916 жылдың 28 маусымында қазақ еліне жеткенде тұтанғалы тұрған даланы бірден наразылық, азаматтық бойұсынбаушылық жайлады және жазалау шаралары басталғанда қарсылықты көңіл-күй лап ете түсті. Әуелі Қытаймен шекаралас жатқан Семей облысы, Түркістан өлкесінің уезд бен болыстықтарынан бастау алып ел ішін тәртіпсізлік пен бейберекетсіздік жайлады, ал ол өз кезегінде патша үкіметінің қытай апиынына деген зәрулігін арттырды, себебі қытайлық апиын ағыны азайды, ал апиын соғыстағы жаралыларға аса қажет еді. Апиын зәрулігін соғыс тұсында Ресейде енгізілген «сухой закон» арттыра түсті, араққа қатысты қатшылық мәңгіген маскүнемдерді есесін апиыннан алуға итермеледі. Осыған байланысты Ресей үкіметі шекаралық аумақта төтенше жағдай енгізді. Өлке әкімшілігі. қытайлық анархиялық «Геляо» партиясы қару-жарақпен көтерілісшілерді қамтамасыз етіп жатыр деп жоғары жаққа мәлімдеме беріп, шу көтерді. Шынымен, осы жасырын ұйымның үш мүшесі 1915 жылы Жетісу облысында монархиялық режимді құлату жөнінде үгіт жүргізген.  Қалыптасқан жағдайды  ұтымды пайдалану ойластырылып  «1916 жылы большевиктер тапсырмасы бойынша Қырымнан қазақ даласына жасырын түрде» Әліби Жангелдин де келді. (І. Дабаев. «Жангелдиннің жұмбақ әлемі»» Алматы. 2015.)  Патша үкіметі «көтеріліс себебін өзінің іс-әрекетінен іздемей, «түрік және герман үгітінен», олардың «қазақ ішіндегі агентері» - ұлт зиялыларының саяси белсенді бөлігінен және дін қызметкерлерінен көрді»-деп жазады М. Қойгелдиев. («Алаш қозғалысы.» Алматы. Санат.1995.)

Соғыстың нәтижесі дүдәмал болып тұрған 1916 жылдың мамыр айында Ұлыбритания мен Франция астыртын келіссөздер арқылы ыдырай бастаған Осман империясының мұрасын бөлісуге кіріседі. Отаршылдықтың жілігін шағып майын ішкен көлеңкелі ойын шеберлері саналатын екі ел Ресей Антантаға мүше болып  одақ үшін қан төгіп жатса да, «еуропалық жандарм» атанып өрікпеген көңілді орыс патшасын Ыстанбұл мен Босфор бұғазынан дәмелі деп келіссөзді оған беймәлім болған жағдайда жүргізеді. Шындығына келгенде оны тақырға отырғызып кету амалы еді, солай болды да. Сөйтіп, бірінші дүниежүзілік соғысты жүргізіп жатқандардың шын мәніндегі  пиғылы да ашылды - ол отаршыл мемлекеттердің күйрегелі тұрған Осман империясын шетінен кертіп, кеміріп  бөліп алып, мұнайлы нарығына ие болу амалы ғана екен. Соғысқа киліккен алып империялар соғыс шырғалаңына маталып-малтығып жатқанда түріктер «османдар дәулетінің» даңқын қайта жаңғыртар мүмкіндік келіп тұр деген жаңсақ есеппен Үштік Одақ жағында соғысқа кірісіп кетті және де жастүріктер жаңа геосаяси ойынының басын бастады. Олар Осман дәулетін жаңғыртумен шектелмей барша түрік халықтарын біріктіретін этнодіни бірлестік - Ұлы Тұран мемлекетін құратын сәт туді деп те пайымдап қалады, бірақ оңбай қателескендерін тек кейінен білді.  Астыртын жасалған Сайкс-Пико келісімі османдар дәулетінің қайта дәуірлеуін  күтпестен арабтардың ұлт-азаттық қозғалысына түрткі беріп, оны бастап та жіберді, кейіннен арты діни сипат алып уаххабшылар мен түрік халифатшыларының күресіне ұласты. Ал әзірге, ағылшындардың ақшасына арбалған арабтар кешегі крест жорықтары кездері мен орта ғасырларда діннің бірден-бір құтқарушылары мен тірегі ғана емес, сонымен бірге ислам дінінің етек жаюы «қаһарлы түріктер қылышы» арқасында болғанын ұмытып түріктердің Хиджаз, Неджд мен Шам гарнизондарында қараусыз қалған жүздеген өрімдей жас сарбаздарын қойша бауыздады. «Бұл тура құрбан айт кезіндегі қан шығаратын рәсімді еске түсіреді»-деп жазады кейіннен түрік ұлтшылы Құсейн Атсыз. 1916 жылы мұсылмандар әлемінің беделінің кетуі, Осман дәулетінің күнінің батуы және сұлтан тағының шайқалуы басқа өлкеде жатқан, түрік сұлтанын әлі де халифамыз деп танитын мұсылмандардың наразылығын туғызды. Ал Антанта әскері Галлиполиде бұғазды бақылауда ұстады, ал Кавказ соғысы барысында орыс әскелерінің Эрзұрымды алып Ыстамбұлға баратын тура жолға шығуы османдар дәуірінің жантәсілім сәті таяу екенін аңғартты. Барлық иеліктерінен айырылып жұрдай  болып отырған османлылар  Осман дәулетін аман сақтап қалу ұлт қауіпсіздігі деп жар салып,  билік басындағы жастүріктер енді исламға баса көңіл бөлуге мәжбүр болды. Бұрын олар еуропалықтарша діни сенімнің азаматтық биліктен бөлінуін қалаған еді, бұл кейіннен алаштыңда бағдарламасына енгенін иіні келіп тұрғанда айта кеткен абзал. Олардың пантүркілік және панисламдық идеология  тұжырымдамасы  қазақ даласына да жетіп, осында ұлт-азаттық қозғалыстың өрістеуіне алғышарт жасады деуге болады.

Тарих сахнасына қазақ атымен шыққан халық жаратылысынан мұсылман еді.  Абай хәкімге қатысты өткен ғасырдың 80-ші жылдарындағы «Жұлдыз» журналының бір санында берілген бір деректе құла түзде кездейсоқ кездесе кеткен арғы атасы мен ұлы нағашысының төмендегі бір амандасуы суреттеледі. Осы сәлемдесуден адамгершілік болмысқа, ұлттық бітім мен мұсылмандық кейіпке не тән не маңызды екеннін анық аңғаруға болады:

  • Ассалаумағалүйкум!
  • Уа ағалейкүм ассалам. Кімсің ?
  • Адаммын.
  • Адам екеніңді сәлеміңнен танып тұрмын.
  • Мұсылманмын.
  • Мұсылман екеніңді мұртыңнан танып тұрмын.
  • Қазақпын.
  • Қазақ екеніңді бөркіңнен танып тұрмын.

Қарапайым жөнсұрасу - қазіргі қазақ қоғамында қызу талас тудырып, шешімін таппай тұрған адами құндылықта, рухани көрсеткіште пен ұлттық бірегейлікке қатысты өлшемдерде ненің ілгері, ненің кейін екеніне  жөн көрсетіп тұрғандай.  XVIII ғасырда Қытайда болған қазақ елшілері өздерінің шығу тегімен таныстырғанда Қоғам, Қотан, Қобан аталарымен қатар Қоңдыгер деген аталарының барын айтқан. Бұл шежіреден қондыгер - түрік сұлтаны барлық мұсылмандардың діни басшысы, Ыстанбұлдағы халифа тағының иесі деп білетін қазақтың діни түсінігін көреміз.

Түрік сұлтанын қолдау қозғалысы кейіннен әлем мұсылмандары арасынан, әсіресе Үндістанда қызу қолдау тауып халифатистер қозғалысы деп аталғаны мәлім, ал әзірге бұл үндеу сол 1916 жылы орыстың қол астындағы халықтардан түсінік таба білді деуге болады. Бұған дәлел Түркістан өлкесінде сол жылдары дәруіш-уағызшылардың «мұсылманабад» (халифат) құруға шақыруы. Дін астарын жарлық шыққаннан кейін көтеріліс барысында қазақ даласындағы дәстүрлі биліктін қалпына келтірілуіндегі хандармен бірге шариғат жолымен үкім шығаратын қазылар институтының жаңғыртылуынан да көруге болады. Әдетте діни ғұрып бойынша қазыны билік басындағы хан  немесе сұлтан тағайындайды. Қарағаш болысындағы көтерілісте ханмен қатар қазы билігі қалыпқа келтірілді. 1917 жылғы желтоқсанда Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезіне арнайы шақырылған Шәкәрім қажы Алашорда үкіметінің қазысы, яғни биі болып сайланған деген пікір бар. (Д. Тілеуберді. Арап Еспенбетов. Шәкәрім Алашорда үкіметінің қазысы, яғни биі болып сайланған. Abai.kz. қазан. 2018.)  Сәкен Сейфуллин Ақмола өңірінің көтерілісшілері хандарды, олардың уәзірлерін де қажылардан тағайындады деген деректер береді. (С.Сейфуллин. «Тар жол, тайғақ кешу». .58 бет. Алматы. «Жазушы» 1977.)

Герман империясының ықпалындағы түрік-османдар үшін ең қауіпті жаулары орыстар еді, сондықтан Ыстамбұлда бірыңғай әскери кеңесшілерден тұратын герман миссиясы жұмыс істеді. Дәл  осы қалада неміс елшілігінде астыртын ұйым мүшелерімен Ресей империясын большевиктер күшімен іштен шалу меморандумына қол қойылады. Бірақта жағдай жастүріктер ойлағандай бағытта өрбімеді. 1915 жылдың аяғында 90 мыңдық кавказ майданындағы түріктің 3-ші корпусы толық жойылып кетті. Ұрыс барысында 60 мыңдайы тұтқынға түсіп, 30 мыңдайы аязда үсіп өлді.  Антанта әскері Галлиполиде тұрды, түріктердің герман үкіметіне арқа сүйеуі арта түсті, өйткені орыстардың соғысты сылтауратып көздегені қасиетті Константинопольды  православие ағымы аясына қайтарып, Босфорды әскери бақылауда ұстау болды. Содан болар түріктер мұсылмандарға арналған өз үндеулерінде «орыс қауіпіне» қарсы соғысуға шақырды. Мұстафа Шоқай өз естеліктерінде сол кезде Петроградта ксенофобиялық көңіл-күйі күшейіп, Айя София ғимаратына жарты айдың орнына правослвиелік кресті орнату керек деген клерикалдық ұрандар пайда болды деп жазады. Дегенмен шығыс майданындағы орыс солдаттары арасын қожыраушылық елесі кезе бастайды Көне түріктерден келе жатқан жалпыұлттық қауіп тұсында бірігуге шақыратын,  құтқару үндеуін тарататын дәстүрі болғаны анық. Ежелден түркі тілді халықтар үндеуді таратушыны қайшы, қайғы немесе қайқы деп атаған. Бұған мысал Асан Қайғының қайраткерлігімен немесе жеті қайқының жар салуының арқасында қазақ жұртының бірігуі, Маңқыстаудың түркіпендерден азат етілуі. Солардың кейпіне енген түрік-эмиссарлары: «Мұсылмандар, бізге билік етуші ислам халифы - түрік сұлтаны Ресеймен  және оны одақтастарымен соғысуда. Оған көмектесу әрбір мұсылманның  қасиетті парызы»-деп жер- жерді аралап үгіт-насихат жүргізді. Орыс билігіне қарсы қоюда әккі герман-түрік насихатшыларының үндеуі Шыңжандағы қытай мұсылмандарына да жеткен. Қашғардағы орыс консулдығы Шыңжандағы қытай үкіметіне осы жайда әлсін-әлсін дөң-айбат көрсетіп отыруға мәжбүр болды, себебі қытайлықтардың ортаазиялық мұсылмандарға дем беріп отыруының артында герман агентерінің іс-әрекеті тұр деп күдіктенді. Шыңжанда тұтқынға түсіп герман резидентінің (протектораттағы өкіл) араласуының арқасында аман қалған бес түрік агенті 1915 жылдың 14 шілдесінде аман-есен Қапалға жетіп үгіт жұмысын енді қазақтар мен қырғыздардың арасында жүргізген. Олар елдеріне аман-есен жеткеннен кейін мемуарларын жазғандықтан есімдері  түрік жұртшылығына танымал, тарихқа мәлім.  Көлеңкелі саяси ойынның бүге-шігесі толық ашылып зерттелмегенін ескеріп топшылап айтсақ Қапалға келіп, Жетісу қазақтары және қырғыздардың көтерілісіне сеп болған бес түрік эмиссарлары, Торғай орталығындағы көтеріліс басшысынан енді уезд комиссары болған Аманкелді Имановтың  әскери кеңесшілері ішінен Хидоят, Жамал және тағы да бір түрік азаматының («1916 жыл.» 197 бет. Рауан баспасы. 1996.) көрініс берулері пантүркіліктің ықпалы болды дегенге  саяды. Олар әскери тұтқындар ма, әлде арнайы жіберілген эмиссарлар ма оны тарихи зерттеулер аша жатар деген ойдамыз. Назарға  алынатын жайлардың ішінде.мәселен, сол кезде қырғыздарға түрік генералы келді, ал 1916 жылдың басында көтеріліс басшысы Шабданов Мақыш Түркияда болып қайтты деген сыбыстар тараған.

Ескерусіз қалмай айтыла кететін жәйіт - Жетісу, Ақмола, Торғай өңірлеріндегі көтеріліс басшыларының бүлікші есебінде тұтқындалып өлім жазасына кесілетінін білсе де, абақтыда отырса не өлім жазасына бара жатса да бес бас намазының біреуін де қаза қылмауы үшін жендеттерден мұрсат сұрап, діндарлық қалпын жоғалтпауы. Бұл жағдай көтерілістің өне бойында қазақ даласының барлық өңірінде көрініс берді. Аманкелді өмірінің соңғы сағаты жақынын сезгеннен кейін құманмен су алдырып, ғұсыл құйынып, бейуақыт болса да құтпан намазын оқып үлгерген. Барлық мазасыз ғұмырын азаттыққа арнап, басын бәйгеге тіккен, даланың төл перзенті, қазақтың батыр ұлдарының бірі Кейкі Көкембайұлы да «шоқынды»  болудан бас тартып қызылдар жағына өтпеген, сол Жалдама бойындағы  хан сайланып, сардар тағайындалған, анттасып-баталасқан діни жөн-жосықты, бәтуәлі (көтерілісшілер қарулы күрес туралы ұйғарымды мәмле демей діни ұғымды бәтуә деп атаған) биліктен өзгеге жүрмей қайсарлықпен қаза тапқан.

Ұлт-азаттық көтеріліс қазан төңкерісінен кейін уақыт талабына сай жаңа сатыға көтерілмеді, көтерілісшілерге ықпал етуші, әлемдік тәжірибеде қалыптасқан саяси күрес әдістерін игерген әр топтағы зиялылар құрған әр түрлі саяси партиялар («Алаш», «Үш жүз» «Түркістан федералистер партиясы») өзара жақындаспай жетекші ұйымдастырушылық орталығын  құру мүмкіндігіне жетпеді. Қазақстанның әр түрлі аймағындағы көтеріліс ошақтары бір орталыққа бағынған біртұтас ұлт-азаттық көтеріліс дәрежесіне жете алмады, оған жершілдік және рулық факторларының әсері емес, жерінің шалғайлығы, халықтың әр түрлі әкімшіліктерге бағындырылған бытыраңқы орналасуы кінәлі. Ол кездері рулық институттардың іс жүзінде басты функциялары жұмыс істемейтін кезеңге жеткен еді. Трайбализмді кінәлі қылу методологиялық тұрғыдан қате. Рулық, өңірлік, жүздік мүдделер жоқ екенін Бекболат Әшекеевтің Иса Дәркембайұлының «Дар алдындағы сөз» атты дастанындағы үзіндіден көруге болады:

Бекболат айтқан сөзі өлер шақта:

Дұғай сәлем тапсырам көп Дулатқа,

Ағайын бірге түған Шапырышты,

Албан мен сәлем айтам Суан жаққа,

Сәлем де Орта жүздің баласына,

Кіші жүз, Орынбордың қаласына,

Ағаңды асып отыр Алматыда,

Зарыма құлағыңды саласыңда.

Дұғай сәлем айтайын қырғызыма,

Жауға қарсы бірге шапқан жұлдызыма. («1916 жыл» Рауан баспасы.1996)

Ұлттың жетекшілері арасында ауажайылушылық, аражікшілдік, сыртқатебушілік пен кертартпалық орын алғаны рас, саяси алауыздық пен ыдыраушылық да белең алды. Ұлттық буржуазия қарулы көтерілісті қолдауға ықылысты еместі, «вандея» жетекшілігі халық арасынан шыққан рухани көсемдердің қолында екенін ұғып, оларды ығыстырғысы келді, көтерілістің басып-жаншылуын көтерілістің аяқталғаны деп түсініп ел тізгінін қолға алуға тырысты, бұқараға қатысты үстемдарлық (жоғарыдан қарау) ұстанымын өзгертпеді.  Ұсақ буржуазия мен көтерілісшілердің өзі қалыптасқан жағдайға қанағаттанбады, үлкен белсенділік көрсете бастады, себебі бұқара тізгіні әлі де дала көсемдерінің қолында еді, көп нәрсе олардың ишарасымен шешіліп жатты. Бұл  кезінде кеше патшалық әкімшілікке арқа сүйеген  шенділерді үрейлендірді, олар  көтерілісті қолдаудан бас тартып, көтерілісті қажетті буржуазиялық-демократиялық сипатқа ие болу дәрежесіне жеткізбеуге тырысты. Түрік панисламдығы мен пантүрікшілдігі де Түркістанда өз мақсатына жете алмады және де бұқара діни концепциядан сословиені жеңуге бағытталған теңдік идеясына құлшұна кірісті. Шашыраңқы жатқан ресейлік түркі жұрттарының басы піспеді, бірін-бірі толық түсінбеді. Бұқара әділетті қоғам құру арманын ұсынған социал-революционерлердің әсерлі де, бірақ онша түсінікті емес идеясына ілесті. Көпшілігі кедейленген, феодалды-патриархалды қатынастардан зәбір көріп, запа шеккен қазақ еңбекшілерінің арман-тілегіне большевиктердің ұраны сәйкес келді.  Бұл тарихи таңдау сол кездегі әлем халықтарының арасында белең алған  үрдіс, уақыт талабы еді. Бірақ большевиктер сол мақсаттарын іске асыруда  қатал, аяусыз шараларға барып, ұлт мүдделерінен тап мүддесін жоғары қойып халықты тағы да жік-жікке бөліп, тәуелсіздік таңы атқатша дейін әбден титықтатты...

Ыдырыс Иса Байзақұлы

Пікірлер