Жалған | Видео: "Айыртас ауылының тұрғындары мал шаруашылығымен айналысуға тікұшақ сатып алды"

2860
Adyrna.kz Telegram

Әлеуметтік желіде "Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Айыртас ауылының тұрғындары мал шаруашылығымен айналысуға тікұшақ сатып алды" деген сарында видео тарады. Adyrna.kz WhatsApp арқылы тараған хабарламаның қаншалықты рас екенін тексеріп көрді.

Онда: "Мінекей, Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатырмыз. Сол себепті халық болып жиналып ауылымызға тікұшақ сатып алдық. Қазір малдың бәрінде GPS-чиптер бар. Мынау аппараттар арқылы жылқылардың қай жерде жүргенін ауылдан көріп отырамыз. Кімнің үйірі қайда жатыр бәрін көрсетіп тұрады. Бұл техника керасинмен ұшады. Сондықтан ол жағын да ойластырып, жанармайды биылға жететіндей тегіс алдырып қойдық. Ауылымыз шалғайда жатқаннан кейін тікұшақ жедел-жәрдем міндетін де атқарады. Мал шаруашылығын дамытамыз деп жатырмыз. Үкіметке ауыз ашып қарап отырғаннан ештене түспейді. Сондықтан ауыл тұрғындары өздері қаражаттарын шығарып, мынадай тікұшақ сатып алды. Барлығыңызға осындай тікұшақ сатып алуға кеңес береміз. Біздің Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында орналасқан Айыртас ауылы Бұрынғы Семей облысымен шектесіп жатыр. Біз ең алыс жатқан ауыл болғандықтан халықтың ауызбіршілігінің арқасында осындай тікұшақ алынды", - делінген. 

Үкім: Жалған

Ақтоғай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі Adyrna.kz редакциясына бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

"Видеода баяндалған мәлімет жалған екенін хабарлаймыз. Видеотүсірушінің ойдан құрастырған ақпараты. Бұл тікұшақ ешқандай да ауыл шаруашылығы жануарларын қарау үшін және жедел-жәрдем қызметін атқармайды. Аталмыш тікұшақ Ақтоғай ауданы аумағына геологиялық зерттеу, барлау жұмыстарын жүргізу үшін арнайы келген "Kazakhstan Fortescue LLP" компаниясының меншігіндегі тікұшақ", - деп хабарлады аудан әкімдігі. 

 

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер