ШЫҢҒЫС МҰҚАН: Оқушыларымыз Германияда робототехникадан өткен сайыста алғаш рет жүлделі болды

6458
Adyrna.kz Telegram

Робот құрастырушылардың дүниежүзілік олимпиадасы бар. World Robot Olympiad. 2004 жылдан бері өтеді. Қазақстанның оқушылары 2014 жылдан бері қатысып келеді.

Биыл алғаш рет оқушыларымыз жүлделі екінші орынды иеленді. Бұл олимпиаданы жеңбек түгілі қатысу үшін жолдама алудың өзі оңай емес. Дүниежүзінен 15 мыңнан аса команда қатысып, 73 елден тек қана 365 команда жолдама алған.

Германияда өткен сайыстың финалына Шымкенттің Жамбыл Жабаев атындағы №26 мектебі мен №9 IT-лицеядің оқушылары Иманғали Мыңжасар мен Бибарыс Михаш шығып, екінші орын алды.

Бұл - еліміздің білім жүйесіндегі үлкен жетістік. Қазір білім саласында жүріп жатқан реформалар, мұғалімдер мәртебесі, білім саласына келіп жатқан инвестиция жетістіктерге жетелейтіні хақ.

Айта кету керек, соңғы жылдары Шымкент қаласының мектептеріне арнайы кабинеттер көптеп алынып жатыр. Қазіргі таңда қаладағы 127 мектепте робототехника кабинеті бар. Оқушылар бос уақытында робот құрастырумен айналысады.

Бостонда екі жыл тұрғанымда роботтарды итше жүгіртіп қойған Boston Dynamics-тің жұмыстарын көріп, болашақтың кілті кім робот құрастыра алады соның қолында екен деген ой келген. Сонымен бірге CRISPR генді түзеу биотехнологиясының қалай дамып жатқанын көріп отырсаң, білімді жұрттың ғана келешегі кемел болатыны кәміл.

Сондай-ақ осымен міне үшінші жыл Шымкент қаласындағы мектертердің бастауыш сыныптарына шахмат сыныптары ашылды. Аптасына бір рет 1-4 сынып оқушылары міндетті түрде шахмат сабағына қатысады. Бұл өз кезегінде басқа да пәндерді игеруге септігін тигізіп жатыр. Алдағы уақытта мықты шахматшылар Шымкенттен шығып жатса таңғалмаңыз.

Жалпы Қазақстандағы әрбір бесінші оқушы қазақы оңтүстік өңірдің мектептерінде оқиды. Демек ел экономикасын көтеру үшін алдымен оңтүстіктің білім жүйесін көтеру керек деп ойлаймын және солай болып та жатыр.

Шыңғыс МҰҚАН

Пікірлер