“Желтоқсан” ұйымы болмағанда шындық айтылмай қалар еді

2543
Adyrna.kz Telegram
Біздің бүгінгі спикеріміз - желтоқсаншы Ерлан Әбдірашитұлы Декелбаев. Ол 1986 жылы инженер қызметін атқарған. Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін алты жылға сотталған. 1990 жылы КСРО депутаты М.Шахановтың Қазақ ССР Жоғарғы кеңес жанынан құрылған «Желтоқсан көтерілісіне түпкілікті баға беру» комиссиясының жұмысшы тобында, 1992-93 жылдары Қазақстан Республикасы халық-депутаты М.Шахановтың көмекшісі болған. «Аллажар» фильмінің авторы және коюшы-режиссері Қ.Әбеновтің шәкірті, режиссердің-көмекшісі қызметтерін атқарған. 1989 жылы құрылған «Желтоқсан» ұйымының мүшесі.

-Ерлан аға, әңгімемізді Желтоқсан көтерілісінен бастасақ. Сіздің тағдырыңызға бұл көтеріліс қалай әсер етті?

-1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде Кеңестер одағының бүкіл әскері мен жендеттері  алаңда болған жастарды аяусыз құртуға бағыттады. Соттады, оқулары мен жұмыстарынан қуыды. Қыздарымыз зорланды, итке таланды. Ол аздай, Мәскеудің орталық саяси бюросы бүкіл қазақ халқына қарсы “Қазақ ұлтшылдығы” деген үлкен айып тақты. Бұл дегеніміз қазақ халқы ұлт ретінде жойылуға шақ қалып, тағдыры қыл үстінде тұрды.

Ал мені екі күн алаңда болғаным үшін 1987 жылдың 2 ақпанында  Алматы қалалық соты, ҚазССР қылмыстық кодексінің 65-ші бабымен 6 жылға бас бостандығымнан айырды. Ескерте кетейін, қылмыстық кодекстің 60-65 баптарын 70 жыл ішінде Совет өкіметі қазақ халқына тұңғыш рет қолданды. Сот үкімі оқылғанда, сот залының бұрышында анамның көз жасы қалай аққаны көз алдымнан әлі де кете қойған жоқ. Бас бостандығымнан айырылғаным мен үшін әрине ауыр болды. Түрменің азабы мен о жақтың қара зілдей ауыр өмірі туралы түрмеде отырып келгендер ғана біледі. Мен үшін ең  қиынның-қиыны  бас бостандығымнан айырылғаным емес, анамның екі жыл бойы жазықсыз аққан көз жасы болды. Өлім алдында да талай рет ауруханада жатып шыққан екен. Ол туралы мен кейін бостандыққа шыққан соң білдім.

Біраз желтоқсандықтарды бостандықтарынан айырғаннан кейін этаппен Маңғышлақтың №34-ші еңбекпен түзеу колониясына жіберді. Сол жақта Сәбит Исабеков, Құттыбек Аймаханов, Әлібек Музафаров, Кенжебай Отарбаев, Нұрман Шыныбаев, Қасым Әбілхаиров, Құрманғазы Рахметов  және басқа желтоқсандықтармен  сол зонада таныстым. Маңғышлақтың зонасында екі айдай ғана болдық. Біздерді аса қауіпті қылмыскерлер ретінде, Ресейге дейін Кенестер Одағының жан-жақтағы түрмелеріне тарата бастады. Мені КарЛАГ-тың түрмесіне жіберді. Басында қиын боды. Уақыт өте ол жердің «өмірі» мен қатаң жүйесіне де етім үйреніп кетті. Алайда, түрме, абақты, аштық, этап  деген Кенестер Одағының фашистік жүйесі басымызды жарып, денсаулықтарымыздан айырып, қабырғамызды сындырғанымен, біздің  рухымызды сындыра алмады.

Жазамды КарЛАГ-та өтеп жатқан кезімде КГБ-нің екі қызметкері келіп: «Колбиннің атына кешірім хат жазссаң, бір айдан соң бостандыққа шығасың. Бас тартсаң осы жерде шіріп өлесің» - дегенде, алаңдағы сұмдықтар мен сот залында отырған анамның аққан көз жасын  көз алдымда бір мезетте елестетіп шықтым. Ашуым келгені соншалық, Колбиннің атына кешірім хат жазудан бас тарттым. «Мен Колбиннің атына кешірім хат жазбаймын. Керісінше ол менің халқымның атына кешірім хат жазссын» - деп, бостандықты емес, қазағымның намысын  таңдадым. Осыдан кейін бостандықты көрмейтіндей күй кешіп, өмірім осымен біткендей болды. Өлім мен өмірдің ортасында жүріп, абақтыда әр күнің 15-20 күнге теңелетін бұндай жерде кімнің отырғысы келеді. Бірақ, арада  көп ұзамай қайта құру саясатының біршама алға басуына байланысты 1989 жылдың басынан бастап бірталай желтоқсандықтардың істері қайта қаралып, жаза мерзімдеріміз қықартылып бостандыққа шыға бастадық.

-Жуырда сіз әлеуметтік желіде түрмеден шыққаннан кейінгі болған қазақ тіліне қатысты бір оқиғаны жаздыңыз. Демек, Желтоқсан көтерілісі елдің рухын оятып, тіл үшін күресті бастауға да сеп болған деуге бола ма?

-Әрине! 1989 жылдың 3-ақпанында, ҚазМҰ-дың тарих факультетінің студенті болып жүргенде Желтоқсан көтерілісіне қатысып, бес жылға сотталған Ермұхан Қуандықов екеуміз КарЛАГ-тың қақаған аязында көптен күткен бостандығымызға  бірге шығып, Қарағанды теміржол  вокзалына ұшып бардық.  Вокзалға келсек  билет келесі күнге Алматы – Петропавл рейсіне ғана қалыпты. Байқасақ, вокзалдағы хабарландырудың барлығы тек орыс тілінде ғана айтылып жатыр. Бұл біздің намысымызға  кезекті рет тиді. Бостандыққа шыққанымызға небәрі 2-3 сағаттай ғана болды. Қарағандының теміржол вокзалының әкімшілігіне барып оларға хабарландырулар неге қазақ тілінде жарияланбайтыны туралы айттық. Сол жерде отырған кілең  орыстар бізге қарсыласып ауыр-ауыр сөздер айта ма деп ойлағанбыз. Ең қызығы олар бізді мұқият тыңдап болған соң, еш қарсылық көрсетпей, шағымдарымызды «шағым кітапшасына»  жазып кетуімізді сұрады. Сөйтіп, кітапшаға вокзалдағы хабарландырулар қазақ тілінде болу қажеттігін ескертіп, Алматыдағы мекен-жайымды көрсетіп арыз жазып кеттік.

Арада 1-2 айдай өткен соң, Алматыдағы үйіме Қарағанды вокзалынан хат келді. Конвертті ашып қарасам, “Құрметті Ерлан Декелбаев, Сіздің шағымыңыз  Қарағанды вокзалының  жалпы жиналысында қаралды. Қазіргі уақытта вокзалдың барлық хабарландырулары қазақ және орыс тілдерінде хабарлануда” деген жазуды оқығанымда, бір қуанып «Қазақ тіліне титтей  болса да үлесімізді  қосыппыз ғой» - деп кәдімгідей марқайып қалдым.

-Бостандыққа шыққаннан кейін көп ұзамай, Сіздер “Желтоқсан” ұйымын құрдыңыздар. Осы туралы айтып өтсеңіз...

-Біз абақтыдан шыққаннан кейін бір-бірімізді іздей бастадық. Бір күні “Қазақфильм” киностудиясында бір режиссер жігіт Желтоқсандықтардың басын қосып жатыр деген хабарды естідік. Сөйтіп “Қазақфильмге” барсақ, Аманжол Нәлібаев (5 жылға сотталған), Бақтыбек Иманқожаев (театр институтында оқып жүріп 3 жылға сотталып кеткен), Хасен Қожахметов, Жармұханбет Тлегеновтер отыр екен. Қасыма Чита түрмесінен қашып келген Құрманбай Қалмұратовты ертіп бардым. Арамызда Маңғышлақтың зонасында бірге болған Құттыбек Аймаханов бар екен. Ал, әлгі режиссер Қалдыбай Әбенов болатын. Қалдекең бізге өзін таныстырып болған соң,  шынайы деректерге сүйене отырып  желтоқсан  көтерілісі туралы “Аллажар” фильмін түсіргісі келетінін айтты. Фильмге  қажетті материалдарды жинау үшін Желтоқсан көтерілісін жан-жақты зерттеп, деректер табу керек болды. Сондықтан біз көтерілістің шындығын халыққа жеткізу үшін ұйым құрайық деп шешіп, ұйымның атауын бірауыздан «Желтоқсан» деп атап, оның  алғашқы төрағасы етіп Бақтыбек Иманқожаевты сайладық. Әрбіз сөзіміз бен іздерімізді аңдып отырған КГБ-ның заманында, ұйымның алғашқы мүшелері болып: Қалдыбай Әбенов, Бақтыбек Иманқожаев, Аманжол Нәлібаев, Өткірхан Мүлкібаев, Жармұхамед Тілегенов, Құттыбек Аймаханов, Ерлан Декелбаев, Құрманбай Халмұратов сияқты азаматтарымыз  болды. Арада уақыт өте түрмеден аман есен оралған Шора Қарабаев, Жеңіс Дәулетов сияқты басқада желтоқсандықтар қатарымызға қосыла бастады. Өстіп Қалдыбай ағамыздың «Қазақфильм» киностудиясының 250-ші бөлмесінде, 1989 жылдың  20-мамырында өз жарғымыз бен мақсатнамамызды қабылдап, Кеңестер Одағының қылышынан қаны тамып, Колбин тақта отырған кезде «Желтоқсан» ұйымын құрып, бірден саяси күресімізге кірісіп кеттік. Қалдыбай аға сол жылдары желтоқсандықтарға қол ұшын созып, өзінің қанатының астына алып, біздерге іс жүзінде қолдау көрсеткен ең алғашқы зиялылардың бірі болды.

-Сіздердің алға қойған негізгі мақсаттарыңыз қандай еді?

-Өкінішке орай «Желтоқсан» ұйымы 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне тарихи әділ, дұрыс саяси баға беру мақсатында құрылған  ең алғашқы тәуелсіз комиссия болғаны туралы ешкім білмейді.  Алғашқы мақсаттарымыз:

- түрмеде отырған қалған желтоқсандықтарды босатып алу,

-  желтоқсан көтерілісіне тарихи әділ, дұрыс саяси баға беріп халыққа шындықты жеткізу.

- желтоқсан  жендеттерін жазаға тарту

- “Аллажар” фильміне көмектесу

- Мәскеудің  орталық саяси бюросының тікелей бұйрығымен шыққан “Қазақ ұлтшылдығы” деген ауыр қаулысының күшін жойғызу

- Желтоқсан көтерілісі кезінде жапа шеккен адамдарды тауып, бұл мәселені Халықаралық деңгейде көтеру және т/б көптеген ұлттық мәселеге байланысты идеологияларымыз болды. Медаль, орден, пәтер алу деген түсімізге де кірген емес, ойымызда да болған емес.

 -Ол кезде Желтоқсан шындығын ашамыз деп ниеттенген басқа қандай ұйымдар болды?

-«Желтоқсан» ұйымын бізге үкімет құрып берген жоқ. Біз Қалдыбай ағамыздың арқасында  түрмеде отырып келген желтоқсандық жігіттер болып, өз күшімізбен құрып, ешкімге бағынбайтын «Желтоқсан» атты тәуелсіз комиссия құрдық. Қадыр Мырзалиевтың комиссиясы болды. Ол комиссия ешқандай жұмыс тыңдыра алмады. Содан кейін ҚазССР Жоғарғы кенес  жанынан, КСРО депутаты Мұхтар Шахановтың комиссиясы құрылды. Қателеспесем, ол күз айларында құрылды. Ол кездері біздер Қадыр Мырзалиевпен де, Мұхтар Шахановпен де араласпайтынбыз. Желтоқсанға байланысты мағұлматтарды өз күшімізбен жинап, өзімізше жұмыс істеп жүргенбіз. Бұл жолда «Желтоқсан» ұйымының ұзақ жылдар бойы төрағасы болған марқұм Аманжол Нәлібаев ағамыздың әділдіктің ақ туын көтере білген және төккен маңдай тері мен еңбегі ұшаң теңіз екенін атап өткім келеді

-Ол - репрессияның қызып тұрған кезі. Соған қарамастан тәуекелге бардыңыздар. Сол кездегі Сіздердің алғашқы қадамдарыңыз қандай болды?

-Сол кездері қалай ғана қорықпай жұмыс істегеніміз туралы қазір ойлансам, өзім де таң қаламын. Біздің алғашқы қадамымыз – Желтоқсан көтерілісінің 3 жылдығында алаңға барып, еске алу митингісін жасау еді. Бұл туралы жуырда Abai.kz сайтында Қалдыбай ағамыздың "Заманбек және Желтоқсан" атты мақаласы шықты. Сол сұхбаттан алғашқы жасаған қадамдарымыз туралы кеңірек оқи аласыздар.

Сіздер алғаш құрылған ұйым болғанымен, кейіннен Мұхтар Шахановтың комиссиясында да  біраз жұмыс істедіңіздер? Осы жайында айтып берсеңіз?

-Иә, біз “Қазақфильм” киностудиясында Қалдыбай ағамыздың кабинетінде жарты жылдай бөлек отырдық. Бізге Құрманғазы атындағы консерваториясының доценті, ҚазССР Жоғарғы кеңесінің жанынан құрылған, КСРО депутаты М.Шахановтың 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне түпкілікті баға беру комиссиясында  сол кездері қызмет атқарған  (марқұм иманды болсын) Әмина Нұғманова деген апамыз біздерге қолдау көрсетіп арамызға жиі келіп араласып тұратын. «Желтоқсан» ұйымының  белсенді түрде, істеп жатқан қызу жұмыстарымыз бен  желтоқсанға байланысты көптеген мағұлматтар тауып жатқанымызды көріп, М. Шахановқа  жеткізіп отырды.

1990 жылдың қаңтар айында  Аманжол Нәлібаев, Қалдыбай Әбенов және мен Әмина апайымыздың ұйытқы болуымен  Мұхтар Шаханов ағамыздың шақыруымен «Жалын» журналының редакциясында орналасқан кабинетіне бардық. Мұхаңмен біраз сөйлескеннен кейін Әмина апай Мұхаңға: “Осы жігіттерді қасыңа алсаң ұтылмайсың. Біраз дүниені төңкеретін де осылар!”- деп өтініш білдірді. Біз де Мұхаңға қолымыздағы көптеген материалдарды көрсетіп, бірлесе отырып жұмыс істеуге  ұсыныс жасадық. Сөйтіп  Аманжол Нәлібаев ағам екеуміз «Желтоқсан» ұйымы тарапынан, М.Шахановтың Қазақ ССР Жоғарғы кеңес жанынан құрылған комиссияның құрамына ресми түрде қабылдандық. Ал Қалдыбай аға, осы комиссияға көмектесуден басқа, дайындап берген материалдарымыз бойынша «Аллажар» фильмін де қатар түсіре бастады.

-Сіздер ол жерге қандай құжаттар тапсырдыңыздар?

-Өте көп. «Желтоқсан» ұйымы тарапынан қажетті мәліметтер мен арыздарды жинауға барымызша  аянбай  жұмыс жасадық.  Комиссияда бірге істеген Мейірхан Әбдіманапов екеуміз жастарға қарсы қолданған арматураларды қай жерде дайындап, оған кім тапсырма бергені туралы мағұлматтар таптық. Арматураны дайындаған «Электоробытприбор» заводтың директорымен кездесіп, барлық жағдайды қағазға түсіртіп алдық та Мұхаңның алдына алып бардық. Басына сапер күрек тиіп ауыр жарақат алған  алғашқы адамды да, зорланған қыздарды да таптық. Жалпы сол кездері «Мен желтоқсан кезінде жарақат  алып, жәбір көрдім» деп бір адамның қолынан арыз жаздыртып алудың өзі машақаттың машақаты болатын. Белгілі нәрсе. Бәрі қорқып қалған. Сол кездері зардап шеккен бір-екі адам тауып, қолдарынан арыз жаздыртып алған  кезімізде, Мұхаң да, біз де қатты қуанып қалатынбыз. Өйткені зардап шеккен  бір адамның жазған  арызы ауадай қажет еді.

-Ұйымның мүшелері ретінде Кеңестер Одағында бұрын соңды болмаған саяси аштық акциясын да ұйымдастыдыңыздар. Оның нәтижесі қандай болды және билік тарапынан кімдер қолдады?

-1990 жылдың 24-сәуірінде «Желтоқсан» ұйымының жігіттері “Желтоқсан тұтқындары түрмеден босатылсын!” “Қазақ ұлтшылдығы жойылсын!” “М.Шахановтың комиссиясына жұмыс істеуге мүмкіндік берілсін!”деген транспоранттар жазып, ескі алаңның алдына барып талаптарымызды қойып, ең алғашқы саяси пикетімізді  ұйымдастырдық. Себебі, сол кездері Мұхаңның комиссиясы жабылу алдында тұрған. Комиссияға да, біздерге де жан-жақтан қысым көрсету жұмыстары күшейіп, барлықтарыңды өлтіреміз дегенге дейін барды. Егер бұлай жалғаса беретін болса, біз көшеге бүкіл халықты алып шығамыз деп Үкіметке де, қалалық әкімшілікке де қатаң ескерту жасадық. Өйткені бірлесе отырып жасаған комиссия үлкен жұмыстар атқарып, жендеттердің жасаған көптеген қылмыстары ашылайын деп тұрған сәтінде, сылтау тауып комиссияны «жабамыз» дегендері де саяси тапсырыспен жасалғандары көрініп тұрды. Біздің тағдырымыз тағыда қыл үстінде тұрды.  Бірақ біз қоямыз ба. Айналамызға ОМОН-дар қаптады. Видео камераларымен КГБ-ның адамдары келіп транспоранттарымызбен бірге біздерді түсіріп жатты.  Біз бәрібір кетпедік. Өкінішке орай бұл пикетіміз нәтижесіз аяқталды.

Арада жиырма күн  өткен соң  Қайрат Рысқұлбековпен бірге 14-15 жылға сотталған Т.Тайжұмаев, Қ.Күзембаев, Т.Ташеновтарды түрмеден босатып алу үшін, басымызды тағыда бәйгеге тігіп  саяси аштық жариялайтын болдық.  Жиналысымызды жасап, хаттамамызды толтырып жиналыстың шешімі бойынша  Құрманбай Қалмұратов, Михаил Көбеков, Өткірхан Мүлкібаев, Қайратпен бірге тұрып, 14 жылға сотталған Түгелбай Тәшеновтың ағасы Қайыргелді Ташенов және Ж.Барлыбаев деген азаматтарымыз аштыққа жататын болды. Қалғандарымыз ұйымдастырушылар  ретінде, саяси аштыққа шыққанымыз туралы және ондағы талаптарымызды тізіп, сол кездегі ҚазССР Президент Н.Назарбаевтың атына хат жаздық. Ондағы талаптарымыз:

-Түрмеде отырған қалған желтоқсандықтарды бостандыққа шығару,

-Мәскеудің  орталық саяси бюросының  “Қазақ ұлтшылдығы” деген ауыр қаулысының күшін жойғызу.

-Желтоқсан жендеттерін жауапкершілікке тарту.

-ҚазССР Жоғарғы Кеңес жанынан құрылған желтоқсан көтерілісне байланысты М.Шахановтың комиссиясына қысым көрсетуді тоқататып, жабылайын деп тұрған комиссияға жұмыс істеуге толықтай мүмкіндік берілсін деген талаптар қойдық.

Сөйтіп төрт  желтоқсандық жігіттеріміз төрт күн, төрт түн бойы жаңбырға да қарамастан аштықта жатты. Біраз уақыттан кейін аштық жариялаушылар қатарын желтоқсандық Құттыбек Аймаханов толтырды. Тек, төртінші күні ғана аспаннан шелектеп жаңбыр жауып тұрған кезде  “Желтоқсандықтар түрмеден босатылсын” деген қаулы шықты. Біздің жаңбыр астында көрген қуанышымызды көрсеңдер ғой. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Біз жыладық та, қуанғанымыздан айғаладық та! Біздерге жанашырлық білдірген және осы қаулының шығуына көмектескен  сол кездегі депутаттар Серік Абдархманов, Иманғали Тасмағамбетов, Мұрат Әуезов, С.Сартаевтар  болды. Бұл біздің -  Кеңестер Одағында, Тәуелсіздігімізді алмай тұрған кезіміздегі ең алғашқы тарихта қалған тұңғыш ең үлкен саяси жеңісіміз болды. Ал 1990 жылдың мамыр айының 21-де Мәскеудің КСРО Орталық Комитеті «Қазақ ұлтшылдығы» деген ауыр айыпты қате кеткен қаулы деп танып, оның күшін жойды. Сол комиссияның тіреуі де, жабылып қалмауына да себепші болған «Желтоқсан» ұйымы болғаны жайында ешкім білмейді. Бұл туралы да «Аллажар» фильмінің жалғасында көретін боласыздар.

-Сіздердің күрестеріңіз тек Желтоқсан шындығын ашумен ғана шектелді ме? Әлде, басқа да ұлттық мәселелерді көтердіңіздер ме?

-Төрт жігітімізді түрмеден босатып алған соң, 1990 жылдың мамыр айының 20-да  “Кино үйінде»  «Желтоқсан» ұйымынан, «Желтоқсан» ұлттық-демократиялық партиясының құрылтайын өткізіп, партияға айналдық. Оның негізгі мақсаты –  Кеңестер Одағынан  бөлек өзімізді Егеменді ел ретінде жариялау, орыс тілін мүлдем алып тастап қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялау, шет елде жүрген қандастарымызды Отанымызға қайтаруға үлес қосу, Ислам дінімен қатар  салт-дәстүрімізді жаңғыртуға, Кеңестер Одағының басқа республикаларында әскери борыштарын атқарып жүрген қазақ солдаттарын өз елімізде қызмет атқарсын  деген көптеген ұлттық мүддеге байланысты жарғыларымызды  қабылдадық.  «Желтоқсан» партиясының ақ туын көтеріп, Үкіметке және көшелерді аралап елдерге хабарландыруларды таратып, халқымызды саяси белсенділікке шақырдық. Арамызда студенттер де болды. Сырттан қосылған азаматтарда болды. Партиямызды қолдап, ізгі ниетімен  өз қуанышын білдірген зиялылардың ішінде  Әмина Нұғманова деген ақ пейілді апамыз болды. Әмина апамыздың бізге жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз. Халыққа «Желтоқсан» партиясының бағдарламасын таныстырып, насихат жүргізу мақсатында  “Желтоқсан” деген газетімізді де  шығардық. Газетіміздің маңдайшасында «Қазақстанның  болашағы - Тәуелсіздікте” деген ұранымыз болды. Ұмытпасам газетіміз екі мың данамен шықты ау деймін. Оның барлығын типографияда жасырын түрде шығарғанбыз. Газетімізді жер-жерде, аяғымыздан су өтіп, басымыздан күн өткеніне қарамастан, жаяу жүріп тараттық. Газетке қаржыны да өз қалтамыздан шығардық.  Өкінішке орай қаражат тапшылығынан  газетіміз де екі-үш жылдан кейін жабылып қалды. Біздің «Қазақстанның болашағы – Тәуелсіздікте» деген ұранымызды көріп, көпшілігі қорқып, бізге жақындамады. КСРО кезі ғой, түсінікті. Сол кездері аз  болғанымызбен, біз - санымызбен  емес, сапамызбен, рухымызбен, бірлігімізбен мықты болдық. Сол рух пен бірлігіміздің  арқасында біраз жеңістерге жеттік.

-Ал, жеке ұйым ретінде Желтоқсан көтерілісін Халықаралық мінберлерде көтере алдыңыздар ма?

-Сол кездегі біздің ұйымның мүшесі, «Желтоқсан» партиясының  өкілі ретінде Михаил Көбеков деген жігітіміз Украинадағы  Иваново-Франковск қаласына барып, “Адам құқықтарын қорғау” тақырыбындағы халықаралық демократиялық күштердің ұйымдастыруымен болған конференциясына қатысып қайтты. Онда Европадан келген адамдарға Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісі кезінде Москваның тікелей бұйрығымен Коммунистік партияның қазақ халқына қарсы жасалған геноциді мен  «Желтоқсан» партиясының атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып, Михаил бауырымыз абыройымызды Халықаралық дәрежеге дейін көтеріп кеткен еді. Қалдыбай аға, Аманжол Нәлібаев, Хасен Қожахмет және мен   АҚШ-тың «Америка Халықаралық Хельсинки тобының» Вашингтоннан келген  Джери Лойбер мен Катарина Космэн деген журналистерге де желтоқсан жендеттерінің қазақ халқына қарсы жасаған қылмыстары туралы бар білгенімізді айтып, жайып салдық. Американдық журналистер бұл сұқбатымызды 1990 жылдың қазан айында бүкіл Америка мен Европаға 60 беттен асатын журналды мыңдаған тиражбен таратқан. «Желтоқсан» ұйымы осындай жолмен халықаралық деңгейге дейін желтоқсан шындығы туралы өз дауыстарын жеткізе білді. 1990  жылдары Алматы қаласында басқа да қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, митингілер ұйымдастырып, негізгі жауапкершілікті «Желтоқсан» ұйымы өз мойнына ала отырып,  «Қазақстан КСРО-дан бөлек, Егеменді ел болуына байланысты қарар қабылдап, халықтар арасында референдум жүргізетінімізге дейін жариялап, біраз құжаттарды Мәскеу мен ҚазССР Үкіметіне дейін тапсырған кездеріміз де болды. Жасаған жұмыстарымыз өте көп, бәрін айтып бұл жерге сыйдыра алмайтын шығармын.   Айтпасам болмайын деп тұр, 1993 жылы демократтар үйінде Аманжол Нәлібаев ағамыз бастаған біздің жігіттер үкімет адамдарына желтоқсандықтарды ресми түрде жаппай саяси-қуғын сүргін құрбандары ретінде ақтау туралы талаптарымызды қоя бастадық. 10-15 күнге созылған тағыда аштық жарияладық.  Сәбит Исабеков, Жамбыл Тайджұмаев, Кенжебай Отарбаев ж/е тағыда басқалары өз өмірлерін тағыда қауіпке төндіріп аштыққа жатты. Сол қарсылықтары үшін екі жылдан түрмеде отырып келген желтоқсандықтар тағыда 15 тәулікке қамалды. Біраз жігіттеріміз  әкімшілік жазаға  тартылды. Жеті желтоқсандық өз өмірлеріне қол саламыз деп халқына аманат хатын да дайындап қойды. Ал «Желтоқсан» ұйымының төрағасы Аманжол Нәлібаев пен Әбдіманапов Мейірхан деген бауырымыз ешбір кедергілерге қарамастан, ескі алаңның алдында 45 күн бойы аштық жариялады. Сол күрестің нәтижесінде аштық жариялаған желтоқсандықтардың барлық талаптарын орындау үшін, Өкімет амалсыздан арнайы комиссия құрып қаулы шығарды. Өкімет қаулы шығарғанымен өз уәдесінде тұрмай  тағыда орындамады. Ал біздер күресімізді ары қарай жалғастыруға мәжбүр болдық. Осындай күрестің арқасында 1996 жылы Желтоқсандықтар ресми түрде қуғын-сүргін құрбандары ретінде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандары» деп танылып толық ақталдық.

-Көпшілік Мұхтар Шахановтың комиссиясын біледі. «Аллажар» фильмін біледі. Алайда, осындай ауқымды жұмыс атқарсаңыздар да, әлі күнге дейін Сіздердің ұйымдарыңыз туралы басым көпшілігі білмейді. Неге?

-Мұхтар ағаның комиссиясы өте үлкен жұмыстар атқарғаны рас. Оны жоққа шығара алмаймын. Бірақ  одан бұрын құрылған «Желтоқсан» ұйымының атқарған істері тіптен  ауқымды да, ауыр  еді. Рас, бұл ұйым қазір көпшілікке беймәлім. Себебі, осы ұйымның жақсылығын көрген кейбір “зиялыларымыз” бұл туралы мүлде айтпайды. Біздің ұйым туралы айтатын адамдарымыздың көбі қайтыс болып кетті. Біразы ұмытып кетті. Ол  кездері біздер  атымызды шығарайық деп жұмыс істеген жоқпыз. Бар ниетіміз – Мұхаңның комиссиясы мен “Аллажар” фильміне қолдау көрсетіп, көмектесу еді. Жаңа жоғарыда айтып кеткенімдей “Желтоқсан” ұйымы  болмағанда, М.Шахановтың комиссиясы жабылып, желтоқсан туралы көптеген шындықтар айтылмай кетер еді. Біз сол кездері бір-бірімізге қолдау көрсетіп, тіреу болғанымызды біреулер ұмытса, Қалдыбай аға екеуміз  ұмытқанымыз жоқ. Бәрі бейнетаспада сақтаулы. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бұл тарихи факт.

-Сіздер жуырда БАҚ арқылы “Аллажар” фильмінің жалғасы түсірілетіні туралы айттыңыздар. Бұл фильм не туралы болмақ? Бұған қандай материалдар қолданылады?

Иә, біз Қалдыбай аға екеуміз әлеуметтік желіде де, ақпарат құралдарында да осы фильмнің жалғасы болатынын айтып келе жатқанымызға біраз жыл болды. «Аллажар» фильмнің жалғасы Желтоқсан көтерілісі туралы емес. Бұл фильм Қалдыбай ағамыздың отыз жылдан бері айтып келе жатқан, 1989 жылы «Қазафильмде» құрылған аты аңызға айналған «Желтоқсан»  ұйымының халықаралық саяси аренада және Егемендік жолында  атқарған  күрестері туралы көп сериялы деректі эпопея болмақ.  Қалдыбай ағамыздың отыз жылдан бері келе жатқан 60 сағаттық бейнематериалдары мен  сонау 1989 жылы «Желтоқсан» ұйымы ретінде құрылғаннан бері сақталып келе жатқан аса құнды құжаттарымызда бар. Аталған бейнематериалдар мен құжаттарды  негізге ала отырып   осы фильмді ұрпақ алдында жарыққа шығаруға бел будық. Біз бейнематериалдар мен құжаттарды  құпия түрде  сақтап отырмыз. «Қалдеке! «Аллажар» фильмін жарыққа шығарған кезде сенің аяғыңнан шалып, қиянат жасағандар өте көп болды. «Аллажар» фильмінің жалғасын түсіру үшін, барлық бейнематериалдарды маған аманат етіп тапсырып отырсың. Менің аяғымнан шалып, қиянат жасайтындар болатынын біліп отырмын. Олар кімдер болады?» - деген сұрағыма: «Өз ауылыңның ең жақын иттері  қабатын болады!» - деп менің ойымдағымды дәл айтқан кезде таң қалдым.  Мен бәрін түсіндім. Бұл Қалдыбай ағамыздың маған қалдырған аманаты! Қалдекеңнің жағдайын өздеріңіз білесіздер, тым нашар. Көтерейін деп жатқан жүгім тым ауыр. «Ей, Алла! Бір Өзің жар бола гөр!» - деп, Алла денсаулық берсе, бұл туындыны жарыққа шығарамын.

-Бұл фильмді шығару үшін, Сіздерге нақты қандай көмек  қажет?

-Бізге ең біріншіден кино түсіретін видеокамера, микрофон, штатив сияқты құралдар ауадай қажет болып тұр. Біраз түсіретін  жұмыстары бар. Ең болмағанда 3 миллиондай қаражат табыла қалса, жоғарыдағы аталған құралдады сатып алып, түсірілім тобын құрып, жұмысыма  кірісе берер едім. Жалпы бұл фильмді шығару үшін бәленбай миллиондаған доллар қажет етпейді. Өйткені материалдардың бәрі дайын, қолымызда тұр.Мұндағы ең негізгі жұмыс – монтаждық жұмыстар. Қаражат тапшылығына қарамастан Қалдыбай аға екеуміз біраз жұмыстарды да атқарып, осы бағытта жұмысымызды тоқтапай келеміз. Ең болмаса желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына арнап, 1-2 сериясын шығарсақ та жаман болмас еді.


Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

Пікірлер