"Әкімдер мұзқала салғанша, мұзға айналған Екібастұзға көмек беруі керек!" - Қазыбек Иса

4503
Adyrna.kz Telegram

ҚР Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса жыл сайын мұз бөлшектерінен қашап салынатын жасанды қалашықтарға бөлінетін қаржыны тоқтатуды талап етті. Автор аталмыш қажетсіз жобалар үшін мемлекет қаржысын босқа шығындамай, қайта барлық күшті Екібастұз қаласының әлеуетін көтеруге жұмсау қажет екендігін айтты. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы хабарлады.  

 “Жаңа жыл” деп мұзқала салғыш әкімдер, оның орнына онсыз да мұзқалаға айналған Екібастұзға көмек беруі керек! Бұл сөз, ең алдымен,  Тәуелсіздік күнін аттап өтіп, жаңа жыл мерекесіне бір ай бұрын кіріскен, биылдың өзінде бюджеттен мұз қалашық салып, шырша орнатуға 44,1 миллион теңге бөлген Қостанай қаласы әкімі Марат Жүндібаевқа және басқа қалалар әкімдеріне арналады. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігінің сауалына жауап берген қала әкімінің баспасөз хатшысы Мәжит Шүленов те мәлім еткен.

Қостанай қаласы әкімі Марат Жүндібаевтың “Астана” телеарнасына айтуынша, жаңа жылға бөлінген бұл бюджет ақшасы көп емес екен, әлі жеткіліксіз көрінеді…Бұдан бөлек Қостанайдағы 2 шағын ауданда жаңа жылдық шырша мен сырғанақтар бой көтереді екен. Қостанай қаласы әкімдігінің айтуынша, 2019 жылы да жаңажылдық безендіруге 44 млн теңге жұмсалған, - деді депутат.

Кейіннен депутат Екібастұздағы дөкей-олигарх Клебановтың есірген қылығын сынап тастады.

- Ал кезінде Жылу энергия орталықтарын тиынға алып, доллармен миллионерлер аталып отырған олигарх Клебановтар мен тілі дұрыс болмағасын тірлігі дұрыс болмайтын облыс, қала басшыларының кесірінен қақаған аязда жылусыз қалған Екібастұз қаласы тұрғындары пана іздеп, мұзқалашыққа айналған өз үйлерінен бас сауғалап безіп кетті…
Жылыну үшін ыстық су құйған бөтелкелерді құшақтап ұйықтауға дейін бару не деген масқарашылық!

Ал осының бәріне, тікелей кінәлі, тұрғынүй-коммуналдық салаға жауап еретін Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Олег Круктың облыс әкімі міндетін атқарушы болғаны аязда жылу іздеген жұртты одан сайын қалтыратып жіберді… Әзірше, “міндетін атқарушы” деген уақытша анықтауыштан жұбаныш тауып, болашақта халықпен халықтың тілінде сөйлесе алатын іскер әкімнен үмітті болып отыр…

Бір топ парламент депутаттары Екібастұз қаласына барып, апатты жағдайды оңалту үшін үлестерін қосып қайтты. Қымбатшылықтан қысылып, айлығы шайлығына жетпей, нанын зорға тауып отырған халықтың қыруар қаржысын күн жылығанда еріп кетер жасанды “құрылыспен” суға ағызып жібергенше, жұртқа пайдалы іске жұмсау керек, әкім мырзалар! - деп ойын түйіндеді тіл жанашыры.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер