Месси: Росариодағы бала арман

2502
Adyrna.kz Telegram

Әлемнің ең үздік футболшысы кім? Бұл сұрақкөпке ұнамауы мүмкін. Себебі, сұрақ төңірегінде келіспеушілік көп. Бірі – Роналду, екіншісі – Азар, ендігісі – Коутиньо дер. Бәрі әртүрлі санат бойынша үздік. Сол категорияларды бір ойыншыдан іздесеңіз, жауабы – Месси. Аргентинада Ро­сарио атты қала бар. Сол қалада кішкентай Лео арманын ала доппен байла­ныс­тырған. Сан Луис көше­сімен доп теуіп келе жатып, кейін өз атында көше боларын сез­ді ме екен? Мар­тин Мигель де Гюмес ескерткішін көр­генде, өзіне бір емес, үш ескерткіш қойы­­­ла­рын ойлады ма екен? Кім білсін? Бірақ оның бір ойы белгілі. Ол футболмен мәңгі бірге болғысы келді. Әжесі жанына ерт­кен бала бүгін бір­түрлі қобалжулы. Түндегі жай маза берер емес. Түсі ме, өңі ме бел­гісіз, оған бір кісі келді. Қолында добы бар. Орташа бойлы, аққұба келген, сақалы бар. Киген киіміне қарағанда, футболшы секілді. Қолындағы допты ұстатып жатып, «қандай қиындық кездессе де, арманыңнан бас тартпа» деді. Леоға қарап тұрып, жылы шы­раймен жымиды. Енді тіл қатамын дегенше, бейне жоқ болып кетті. Кішкентай Андрес ұзақ ойланып жатып, ұйқыға кетті. Таңертең әжесі күндегі әдеті­мен немересін оятты. Таңғы асын ішкізіп, Леоны кезекті жаттығуға апармақ. Сүт ішіп отырған неме­ресіне бүгін медициналық тексеріс­тен өту керек екенін түсіндіріп жа­тыр. Леоны киіндіріп, керек-жара­ғын алып, спорт қалашығына бет алды. Жол бойы Лео кешегі ға­жайып­тың жұмбағын шешумен дал болды. «Неге футболшы аға маған келді? Айтқан сөзі қандай әсерлі. Спорт формасын айт­саңшы. Маған берген добы да өзгеше секілді. Росариода ондай доп жоқ» деген сан сұрақ баланың мазасын қашырды. Әжесіне айтқысы-ақ келеді. Айтайын десе, онсыз да жасы келген қартты мазала­ғысы келмейді. Бар тірлігін тастап, осы баланың қамымен жүр. Селия әже немересінің өз­геден ерек екенін жақсы түсінеді. Кішкентайынан әлсіз, жиі ауы­рады. Сондықтан баланың бола­шағына алаңдайды. Алаң­дайды да, жанынан бір елі айырылмайды. Әр нәрсені ойлап, қалашыққа қалай жеткенін білмей де қалыпты. Әжесі мұны бірден тексеріс жүріп жатқан жерге әкелді. Мариолар бая­ғыда келген екен, Санчесті дәрігер­лер тексеріп жатыпты. Әжесімен бірге кезекке тұрды. Бақса, тексеріс бұрынғыға ұқса­майды. Мұның алдында бір топ бала қан талдамасы мен флюро­гра­фиядан өткен. Соның нәти­жесін хабарлап, оған қоса тағы бірнеше тексеруден өтеді екен. Көп күтпей Леоның кезегі келді. Медбике әжесі екеуін бас дәрігердің каби­нетіне апарды. Дәрігер жылы амандасып, мән-жайды түсіндіріп жатыр. – Селия ханым, тал­дама нәти­желері көңіл қуантпайды. Леоның өсу гармоны тоқтаған. Керекті ем-дом шараларын жаса­масақ, бала ары қарай өспей қалады. Өспесе, футбол ойнауды да доғару керек. Лео онсыз да кішкентай, жалғастыра берсе, сүйекке зақым келеді. Әжесінің жанарына жас толып кетті. Немересіне үздіге қарап тұрып, дәрігерден бағасына қа­рамай емдеу курсынан өтетінін айтты. Дәрігер ағай әжесіне бір­деңелерді түсіндіріп жатыр. Ол ендігі сөздерді естімеді. Леоның қиял әлемінің күл паршасы шықты. Осыдан 10 минут бұрын ойында «әлемнің үздік ойыншысы болам» деген мақсат бар-ды. Ақ-көк жейдеде Марадона сияқты аргентиналықтардың ар­манын орындағысы келетін. Енді қайтпек? Ойына түндегі жайт түсті. «Тұра тұр, футболшы аға бәрін білген екен ғой. Менің қайткенде де, арманымнан бас тартпауым керек. Сонда мен де дәл сол ағай секілді боламын» деді ішінен. Ендігіде өзін қамшы­ламаққа бекінді. Ештеңеге қара­мастан, жаттығуларды жібермей, бәрінен ширақ қимылдауға ты­рысады. Өзі үшін жанын салып жүрген әжесінің, ата-анасының үмітін ақтағысы келеді. Мессиге күнде өсу гармонын күшейтетін дәрі береді, ине са­лады. Басында инеден ауыр­сынатын, қазір үйренісіп қалды. Жаттығудың бірін жібермейтін болды. Әжесі оятпай-ақ, өзі ертемен тұрады. Бір жылдың ішінде Леода кәдімгідей өзгеріс бар. Дене-тұрқы өскен, ойын жүйесі де өзгерген. Әкесі жаттықтыратын «Грандоли­дан» «Ньюэллс Олд Бойзға» ауыс­қан. Әкесі болғанмен, клубта қатал бапкер. Баласына артығымен жаттығу жасатады. Соның арқасында болар, Лео ойынға төселіп алды. Шабуылда небір сойқанды бастайды. Ньюэллс жанкүйерлері оның алаңдағы сиқырына үйреніп алған. Ойын сайын қолдау білдіруге келеді. Селия әжесі де немересінің бір ойынынан қалмайды. Бірде әкесі Леоның кезекті ойынын таспаға түсірген. Оның не қажеті барын бала түсінбеді. Хорхе мұны жайдан-жай істемеді. Ұлында ерекше таланттың барын біледі. Бірақ денсаулығындағы кінәраты мен қолының қысқалығы қын­жылтады. Осы көктемде «Ривер Плейт» Леоны сатып ал­ғысы келген. Алайда қажетті ем-дом шараларына ақшалары жет­пейтінін айтты. Месси жанұясы күнделікті салынатын ине мен дәрумендерге ақшаны әзер тауып жүр. Әкесінің ендігі үміті – ойын бейнеленген таспада. Достары таспаны «Барселонаға» жіберуге кеңес берген. Хорхе атақты Ла-Масия туралы жиі еститін. Жас таланттардың бағын ашатын футбол академиясы екенінен ха­бары бар. Бүгін сол клубтан жауап келу қажет. Кешке қарай жаттығуды аяқ­тап, заттарын жинастыруға каби­нетіне келді. Келсе, үстел үстінде конверт жатыр. Жазуын оқып, көзі шарасынан шығып кеткен. Дәл өзі күткен хат. Ақыры келіпті. Үмітін үзе бастап еді, келгені осындай жақсы болар ма? Ашып көрді, ішінде екі билет пен хабарлама тұр. «Барселона» Леоны базасына шақырыпты. 17 мау­сымда Ката­лония астанасында болуларын өтініпті. Кешкі аста жаңалықты естіген Леоның көңілі алабұртты. Асын ішпестен, добын алып далаға шығып кетті. Теуіп келе жатып, достарын, көшесін, мектебін ойлады. Оларды қалай қалдырып кетпек? Антонеланы ше? Лукаспен бірге «Ривер Плейтта» ойнаймыз деуші еді ғой. Досы мұны сатқынға баласа қайтпек? Көшенің басына жете бере, артқа бұрылды. Қараса, ешкім жоқ, қас қарайып кетіпті. Көзімен аспанды бір шалды. Биікте бір жұлдыз ерекше жарқы­райды. Қайта қарағысы келді. Ұзақ қарап тұрды. Бірде жұлдыз ішінен әлгі доп берген ағайды көргендей болды. Өз ойынан шошынған секілді. Артынша, мұның бір белгі екенін түсінді. Не болса да, тәуекел десті. Бірақ танымайтын қалаға қалай бармақ? Барселонаны Росариода­ғыдай бағындыра алар ма екен? Ла Масия жылы шырай таныта ма? Сансыз сауалдардың жауабын іздегенше, Барселонаға аттанатын күн туды. Ертемен тұрып, Росарио­ның таңғы ауасымен тыныстағысы келді. «Эль Че Геварадан» бастап, Росарио­ның орталық стадионына дейін аралап шықты. Қимастық бар. Санта-Фемен байланысты балалық бар. Росариодан Буэнос Айреске жүретін автобус келді. Автобусқа отырарда, өне бойы жансыз қал­ғандай күй кешті. Әжесі үлкен өмірге қадам басқанын, енді ер­ке­лікке орын жоғын ескертті. Дос­тары, ата-анасы, туыстары шы­ғарып салып жатыр. Лукас пен Антонелла да бар. Антоға үзік-үзік қарап қояды. Бұл Ката­лонияға кеткенде, бірі қағып кете ме деп қорқады. Артынша, ағасы Лукас қарап жүрер деп өзін сабырға шақырады. Санта-Фе жаққа ойлана қарайды. Бала Лионельді Росарио көшелерінің бірінде қалдырғанын ұғынады. Келесі келгенінде, бәрі басқаша бола­тынын сезеді. Автобус Росарионы артқа тастап, Ла Эмилияға жақындады. Енді шегінерге жол жоқ. Алда арманымен астасқан Барселона күтеді.

 Айзат Айдарқызы

                                                                      https://aikyn.kz/2018/11/03/72262.html?fbclid=IwAR1uAUe87tIiNfw7k_dIBnWQY0WmgkNGuwdJuhN0N9MS4Pu0Gs1SIz3YYEM

Пікірлер