"Қатыгез адам билей алмайды". Танымал өнер қайраткері Болат Аюханов өмірден озды

6276
Adyrna.kz Telegram

Белгілі өнер қайраткері, қазақтың дарынды балетмейстері Болат Аюханов өмірден озды. Суыт хабар жайлы теарт өнерінің майталманы, импресарио Эльбрус Имамбаев хабар айтты. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы жазды. 

Сексен бес жасқа қараған шағында белгілі балетмейстер, биші, өнер талапкерлерінің ұлағатты ұстазы Болат Аюханов өмірден өтті.  Болат Аюханов мағыналы ғұмыр кешіп, Қазақ балет өнеріне ұшан-теңіз үлес қосты.

Болат Ғазизұлы Семейде 1938 жылы дүниеге келген. 1955 жылы Алматы хореографиялық училищесін, 1957 жылы Ленинградтың А. Я. Ваганова атындағы би академиясын бітірген. Қазақ опера және балет театрының бишісі болады (1957 – 1959). 1959 – 1964 жылдары ГИТИС-тің балетмейстерлік бөлімінде оқиды. 1967 жылы “Алматының жас балеті” ансамблін құрды. Сол жылдан бастап осы ансамбльдің билері мен хореографиялық миниатюраларды, композицияларды (“Аққу”, “Айтыс”, “Аңшылар биі”), бір, екі актылы балеттерді сахнаға қойды. Сондай-ақ Брусиловскийдің “Қыз Жібек” (Ш. Жиенқұловамен бірге), Д. Шостаковичтің 4-симфониясы бойынша “Қылмыс пен жаза”, П. Чайковскийдің “Евгений Онегин” т. б.  балеті негізінде қойылған гран па (жеке өзінің хореографиялық болжамдары) тәрізді жұмыстары қазақ балетінің ғана емес, дүние жүзілік балет тарихына енген жаңалықтары болды. Соңғы жылдары қойған “Эдит Пиаф – Францияның рухы” атты спектаклі сыншылар мен мамандардың жоғары бағасына ие болды. Қазақстанның халық артисі (1973).

Сонымен қатар, Болат Аюханов “Менің балетім”, “Сезімдер өмірбаяны” кітаптарын жазып, жарыққа шығарды.

Отандық балет артистерін тәрбиелеп шығаруға да көп үлес қосты. Оның шәкірті Л. Әлпиева 1997 жылы Венада өткен халықаралық балет артистері конкурсының 1-сыйлығын иемденді.

"Адырна" ұлттық порталының атынан қайраткердің туған-туысқандарына, замандастары мен шәкірттеріне қайғыра отырып көңіл айтамыз. Марқұмның иман байлығы кемел болсын!

Пікірлер