Оңтүстіктен солтүстікке көшкендерге кезексіз 20 гектар жер берілмек

2732
Adyrna.kz Telegram
Фото: ratel.kz
Фото: ratel.kz

Енді оңтүстіктен солтүстікке көшкен қазақстандықтар мен қандастарға өз кәсібін жүргізуге кезексіз 20 гектар жер беріледі. Бұл туралы Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ілияс Испанлвтың айтуынша, биыл оңтүстіктен солтүстікке 7 550 адам көшкен. Оның 1 200-і – қандас, тек 76 адам оңтүстікке қайтқан.

“Солтүстіктен көшіп кеткен 33 адамға сол жақтың климаты, ал 30 адамға солтүстіктен тапқан жұмысы ұнамаған. Енді биыл солтүстікке көшіп барған азаматтарға өз шаруашылығын жүргізуге кезексіз 20 гектарға дейін жер беру мәселесі заң жобасында тұр”, - деді Ілияс Испанов ОКҚ-да өткен брифингте.

Сонымен қатар, ол бұрын солтүстікке көшіп барған қазақстандықтар мен қандастарға 40 сотық және 1 гектар жер беріліп келгенін айта кетті.

“Енді шаруа қожалығын жүргізуге 20 гектар жер беріледі. Бірінші 5 жылда жер жалға беріледі. Егер 5 жылда ол өзі ойлаған межеге жетіп, кәсібін дамытса, онда жер 49 жылға жалға беріледі”, - деді басшы.

Бүгінде заң жобасы депутаттардың қарауында жатыр.

«Өзгеріс күшіне енген жоқ. Біз ұсынысты енгіздік. Қазір заң жобасы депутаттардың қарауында жатыр. Заң жаңа жылдан кейін күшіне енуі керек. Көктемгі егіс жұмыстары басталғанға дейін өзгерісті күшіне енгізуге тырысамыз», - деді Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы.

Пікірлер