Өскемендегі драма театрға Рүстем Есдәулеттің аты берілсін!

2911
Adyrna.kz Telegram

Өскемендегі зиялы қауым өкілдері осындай ұсыныс айтып, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке ұсыныс-хат жазды. Хаттың мәтінін назарларыңызға ұсына отырып, қолдау білдірулеріңізді сұраймыз!

Құрметті Даниал Кенжетайұлы!

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, тікелей мұрындық болуымен қолға алынған, бүгінгі күні республикамыздың түкпір-түкпірінде мүмкіндігінше жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты жобаларға Сіз басқарып отырған Шығыс Қазақстан облысының сүбелі үлес қосып жатқанына үнемі марқайып жүреміз. Әсіресе, әлем тарихында, оның даму тегершігінің үнемі прогрестік бағытқа бет бұруында, жалпы адамзат дамуы эволюциясында ересен үлкен рөл атқарған Алтай, оны мекен еткен түркілердің өткеніне кәрі Еуропа мен мұхиттың арғы бетіндегі Американың жіті назар аударуы, тікелей Елбасы мен Сіз ықпал етіп, жағдай жасаған ғалым-зерттеушілердің арқасы. Өңірімізден табылған Алтын адам, тағы да басқа құнды жәдігерлер – осы сөзіміздің айғақты дәлелі.

Әрине, кез келген ірі тарихи құбылысты туғызатын да, оны жүзеге асыратын да – халық. Нақтылап айтсақ, халықтың арасынан суырылып шыққан аса талантты жеке тұлға. Ал, адам факторын қалай қадірлеу, оны мадақтау мен марапаттау, елі мен жұртының абыройына абырой, даңқына даңқ қосқан тұлғаларды мәңгілік есте қалдыру мәселесінде, Сіз ерекше қарымдылық байқатып жүрсіз. Оған халықтың көзі әлдеқашан жеткен. Мәселен, Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» жобасына орай, сеңі мәңгі бұзылмай келген Шығыс Қазақстан облысындағы әбден ескірген, тозығы жеткен, өткен қоғамдық формациялардың қаңсық мұрасы сынды жер-су, қала-ауыл, көше, мектеп, т.б. атаулардың соңғы екі жыл ішінде аса шапшаң жаңғырып, өздерінің бұрынғы тарихи атауларымен қайтара табысып немесе ел мен жұрттың көкейінде жүрген есімдерге ие болып жатқаны, осылардың ішіндегі шүйделісі – Зырянның Алтай аталуы, Сіздің қайраткерлік тұлғаңызды асқақтата түскені рас. Әманда тілеулеспіз!

Ендігі ұсыныс-тілегіміздің тізгіні де Сіздің қолыңызда. 2009 жылдың қара күзінде қазақ өнерінің шыңына өрмелеп шығып, күні болуға қызмет жасап жүрген алаштың аса дарынды жас режиссері Рүстем Есдәулетов кенеттен дүниеден озды. Орда бұзар отыз жасында. Ол облыс өнерінің қара шаңырағы – облыстық драма театрының, онда бұрын-соңды болмаған қазақ труппасының ашылып, өркендеп дамуына ерен еңбек еткен азамат еді. Алдымен облыста бұрын-соңды болмаған қазақ труппасын ашып, жүре-бара сол театрдың директоры қызметінде жүріп республика сахналарында Шығыс Қазақстанның атын, өнерпаздарын айшықтады. Республикада ұлттық тұрғыдан алғанда бұрын аты мен заты беймағұлым Шығыстың абыройы көтерілді. Танымалдылыққа ие болды. Рүстем Оразбайұлы онмен де шектелген жоқ, шығыстың театрын халықаралық деңгейге шығарды: облыстық театр артистері өз шығармашылықтарының сан қырлы екендігін Ресей, Қырғызстан, Еуропа сахналарында мейлінше дәлелдеді. Ол – Тәуелсіз Қазақстанның мүлдем жаңа форматты режиссерлерінің көшбасшысы болды.

Рүстем Есдәулетов әрі сан қырлы режиссер, әрі лирик ақын, әрі мықты драматург, әрі үлкен педагог болатын. Ең бастысы, ол – Адам еді. Ұлы Абайдың «Адам бол!» деген басты қағидасын кеудесінен шыбындай жаны пыр етіп ұшып кеткенше мүлтіксіз орындады. Өле-өлгенше халқына, өзінің туып-өскен Шығысына жанкештілікпен еңбек етті. Соңғы демі де театр сахнасында үзілді.

Құрметті Даниал Кенжетайұлы!

«Жердің атын ел шығарады, елдің атын ер шығарады» дейді кемеңгер халқымыз. Кешегі күні осы туған Шығысы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, бойындағы Алласы сыйлаған барлық мүмкіндіктері мен арда қасиеттерін еліне садақалаған Рүстем Есдулетовтай режиссердің дүниеден өткеніне 2019 жылы он жыл толады екен. Сол атаулы жылға және кешегі күні Елбасы шегелеп айтқан Жастар жылына орайластырып облыстық драма театрына өзі ыстығына күйіп, суығына тоңған, мұқым саналы ғұмырын қазақтың өнері мен театрына бағыштаған Рүстем Есдәулетовтың атын берсек деген өтінішіміз бар. Облыс билігі театрға осы азаматтың атын беру арқылы «Рухани жаңғыру» жобасының екі бабы бойынша мұратқа жетеді: біріншіден – халықтың талап-тілегі үдерісінен шығады; екіншіден – жас ұрпаққа өзінің шынайы патриоттарын құрметтеуді үйретеді! Егер де Өзіңіз тарапыңыздан бұл ұсыныс қолдау тауып жатса, өңір халқының қуанышпен қолдайтынына кепілміз.

Ізгі ниетпен:

Әлібек Қаңтарбаев – жазушы, ҚР Жазушылар Одағы ШҚО филиалының директоры;

Түсіпхан Түсіпбеков – қоғам қайраткері, «Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіптік одағы» ҚБ-нің ШҚО филиалының төрағасы;

Жаңабай Әшімов – еңбек ардагері, ШҚ облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы; 

Серік Құсанбаев – айтыскер ақын, «Алтай асу» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры, ҚР Мәдениет қайраткері;

Пікірлер