Шымкентте жаңа ипподромның құрылысы аяқталды

2873
Adyrna.kz Telegram

Өткен демалыс күндері Шымкент қаласының Бозарық ауданында орналасқан жаңа ипподромның ресми техникалық ашылуы өтті. Іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.

Халықаралық деңгей 

Нысан барлық халықаралық стандарттарға сәйкес салынған, бұл Шымкентке жаңа инвестициялар мен бизнесті дамыту үшін тартылыс нүктесі болуға мүмкіндік береді.

«Ипподромда конкурмен айналысатын балаларымыздың алғашқы жаттығулары басталды. Мұнда олимпиадалық резервтегі ат спорты мектебіндегі жаттықтырушылардың барлық құрамы мен жылқылар көшірілді. Біз ипподромның орналасқан жерінің өзгеруіне, сондай-ақ қалада осындай заманауи нысанның пайда болғанына өте қуаныштымыз. Енді мұнда жаттығып қана қоймай, ірі халықаралық жарыстар мен бәйгелер, ұлттық спорт түрлері бойынша кездесулер мен олимпиадалық іріктеу кезеңдерін өткізуге болады. Біздің федерация басқа елдерден келген делегацияларды мақтанышпен қарсы ала алады. Құрылыс салушы мен әкімдікке осындай тамаша сыйлық пен балалардың болашағына қосқан баға жетпес үлесі үшін алғыс айтамыз», - деп атап өтті жас спортшылардың ата-аналары.

Табысты серіктестік және мықты команда 

Бұл ипподром – мемлекеттің, бизнестің және үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен жұмысының нәтижесі.  Жобада 500-ден астам адам және 20 мердігер ұйым еңбек етті. 

«Бұл жобаға бар күш-жігерімізді салдық. Құрылысшылар осы жерде қаншама ұйқысыз түндерін өткізді, өйткені биыл ипподромды тапсырып, қалаға керемет жаңа жылдық сыйлық жасағысы келді. Серіктестермен, шағын және орта бизнес өкілдерімен бірлесіп үлкен жұмыс атқарылды. Қажырлы еңбегі мен шынайы ниеті үшін өз командама алғыс айтамын. Біз сыйлығымызды Шымкент тұрғындарына зор қуанышпен табыстаймыз! Ол Қазақстан үшін дәстүрлі ат спортын одан әрі дамытуға ықпал етеді деп үміттенеміз. Жобаның инвесторы болғанымызға қуаныштымыз», - деді жоба жетекшісі Айдын Жакежанов.

Қарқын мен масштаб

Бұл – еліміздегі ең үлкен ипподром болып табылады және оның оңтүстік өңірдегі басты көрікті жерлердің біріне айналатыны сөзсіз. 

Ипподром 1500 көрерменге арналған. Онда ат аренасы бар манеждерден бөлек, 53 атқа арналған ат қора, мінбері бар жабық ғимарат, ветеринарлық бөлімше, қосымша бөлмелер, 310 көлікке арналған кең тұрақ бар. Мінбердің жоғарғы қабаты ашық террассамен қамтылған.

Ойындар мен жарыстар үшін арнайы амортизациялағыш қоршаумен қоршалған ұзындығы 2012 метрлік жарыс жолы қарастырылған. Ол жылқылар мен шабандоздардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ көкпар мен конкурге арналған алаң бар.

Алаңдар кварц құмымен толтырылған. Ал арнайы жасыл аймақ табиғи тастармен, түрлі көшеттермен және күркелермен жабдықталған.

Құрылыс басталғаннан бері жұмыс көлемі бұрын жоспарланғанмен салыстырғанда едәуір өскен. Игеру алаңы 1,5 есеге - 24 гектардан 39 гектарға дейін,  бәйгеге арналған шеңбер ұзындығы - 14 мыңнан 41 мың шаршы метрге дейін, ені - бірден екі есеге - 10-нан 20 м-ге дейін кеңейтілген. Көкпар алаңы 16 мыңнан 18 мың шаршы метрге дейін ұлғайтылған. Жер жұмыстарының көлемі 550 000 м3 өскен — бұл 27000 жүк көлігі.  

Нысанды салушы BI Group компаниясы жобаға өз қаражаты есебінен құны 1 млрд теңге болатын манеж құрылысын қосқан. Ипподром құрылысы компанияға 6 млрд теңгеге түсті. 

Ипподромның ресми ашылу 2023 жылдың көктеміне жоспарланған.

Пікірлер