"ПЕДОФИЛ" ДЕГЕН КІМ?  ..әлде педофилден қалай сақтану керек?

5200
Adyrna.kz Telegram

Инстаграмдағы direct-ге актриса ретінде құрметтейтін, тал бойында бір мін жоқ Гүлшарат ханым педофилдер туралы қозғауымды өтініпті. Ертеректе қыз баланы ойы бұзықтардан қорғайтын едік. Соңғы кездері ұл баламызды да көзімізден таса етпеуге тырысып жүрміз. Бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ана менің бұл постымды жадында сақтауын өтінемін. Бұрыннан оқып келе жатқан көзіқарақты оқырмандарым әлеуметтік желіде үнемі қоғамда болып жатқан педофилдер туралы біраз пост жазып, журналистік зерттеуімді бөліскенімнен хабардар.

Ал енді мына әңгімені осыдан үш жыл бұрын жаздым. Журналистік зерттеуімді біреу оқыса, енді бірі оқымағаны анық. Сондықтан да, мына төменде жазғандарымды еске мықтап ұстап, өз парақшаларыңызға сақтап қойыңыздар.

Естеріңізде ме, маусым айында (2015 жылы) Алматы қаласы, Бостандық ауданындағы көп қабатты үйлердің бірінде 12 жасар қызды бір педофил зорламақшы болады. Оны бүкіл телеарна көрсетті. Подъездегі бейнекамерадан көріп отырып, менің өзімнің денем түршігіп кетті. Сол күні жұмыс бабымен Бостандық ауданы ІІБ-не барсам, сонда осы істі жүргізіп жатыр екен.

- Айтпақшы, сіз қайда тұрасыз? - деді тергеуші.

Менің тұратын жерімді білген полиция қызметкері:

- Кешегі оқиға сіз тұрып жатқан үйдің жанындағы 5 қабатты үйде болған.

Көзім шарамнан шығып кете жаздаған мен:

- Ол жауызды ұстадыңыздар ма? - деп сұрадым.

- Ондайлар ұстата ма, бірақ, қолымызда факт бар. Қазір суретін барлық жерге қойып қойдық.

- Видеода 15 секунд көрсетілген. Әйтеуір, қыз аман ба?

- Өзінің дегенін істей алмаған. Шүкір, қызға тиіспеген.

Абырой болғанда ол екі аяқты иттің арам пиғылы іске аспай қалғанына қатты қуандым. Бірақ байғұс қыздың жұдырықтай жүрегінен дым қалмаған шығар. Бұл жауыздар тапа-тал түске де қарамайды екен. Рас айтамын сол күні үйге келгеннен кейін, үй жағым күзетшілерге толып, жүз камера болса да, жүрегім алқымымнан шықты. Жан-жағыма алақ-жұлақ етіп, мың мәрте қараған шығармын. Дәл жанымдағы 5 қабатты үйлерді тереземнен қараймын да, талай рет сол жерлерге көлігімді түн жарымында қойған кездерім есіме түсіп, қалшылдап кетем. Ал өздеріңіз ойлаңыздар, кіп-кішкентай қыздың күйін. Үйге кіре салысымен сол күні осы педофилдер туралы зерттей бастадым. Ақпараттарды оқып отырып таңданбасқа болмады.

Педофилдерді зерттеп жүрген психолог пен психиатрлардың өзі түсінбей жүргенге ұқсайды. Ауру дейін десе, сау адамның тамағын жеп, тірлігін жасайды екен. Мәселен, Ресейде осыдан бірнеше жыл бұрын бір кішкентай қызды зорлап, өлтірген маньяк-педофилді ұстау үшін, тізімге ілінген педофилдарға тексеру жүргізген. Соның ішінде біреуі өте білімді кісі екен. Алайда әйелі өзінің күйеуін қатты жақсы көргендіктен, күйеуінің қылмысын білсе де, жасырыпты.

Бірақ 3 күннен соң, әйелі күйеуін ұстап берген көрінеді.

- Мен жолдасымды қатты сүйдім. Бірақ дәл мынадай қадамға барғанына сене алмадым бастапқыда. 11-12 жастағы пәк қыздарды зорлап, өлтіргені менің жаныма қатты батты. Сол үшін алдарыңызға келіп отырмын, - дейді жары.

Тағы бір мысал, сол Ресейде мұғалім педофил ұсталған көрінеді. Тілі өте майда. Бірден балаларды өзіне баулап алады. Үлгілі ұстазды бүкіл мектеп қатты құрметтеген. Ұсталмас па еді кім білсін, егер 11 жастағы пысық қыз сол күні қашып кетпегенде. Барлығы таңданып "Оның түріне қарасаңыз, адамға қиянат жасамақ түгілі, шыбын да өлтірмейтін кісі сияқты, сұмдық" деп жағаларын ұстауда әріптестері.

Американдықтар педофилдармен қаншама жылдар күресіп келеді. Түрлі тренингтер де жүргізіп жатыр. Мәселен, балабақшадағы ұл-қыздарды психологиялық тұрғыда зерттеген. Сондағы байқағаны 95 пайыз бала аңғал болып келеді. Оларға "Ана жақта сенің мамаң күтіп тұр, жүр апарайын" десе, еріп кете барған. Соның ішінде бір ғана балақай "Жоқ, менің мамам қайтсе де, осы жерге келеді. Мен сізді танымаймын" деп айқайлаған. Көрдіңіз бе, кейде балалардың үйде ата-анамен ашылып сөйлескеннің арқасы бұл.

Ата-аналарға айтарым күнделікті балаларыңызға айтып отырыңыздар:

1. Ешқашан жалғыз жүрмесін. Жанында топтасқан достары болсын.

2. Бөтен адамның шақырғанына бармасын. Ақша ұсынған жағдайда болса, алмасын.

3. Күнделікті балаларыңыздың немен айналысқанын қадағалаңыз. Вконтакте мен түрлі желіде отырған балаларыңызды қадағалаңыздар. Ол жерде неше түрлі ағымдар бар. Әлде, компьютер, планшет, смартфонына түрлі жолдағы порнографиялық желіні алып тастайтын функцияны қосып беріңіз. "Родительский контроль" деген болады.

4. Балаңыздың қолына ысқырық, әлде қазір шығып жатқан компас GPS сағатты байлап қойыңыз. Әгәрәки, бөтен еркек жанына жақындағанда, ол дереу сағатын басып, әлде ысқырықпен шақыра қояды. Негізі GPS сағатын тағып жүрсе, өзіңіз де біліп отырасыз балаңыздың қай жерде жүргенін.

Дүниежүзінде осы педофилдардан күніне жүздеген бала зардап шегуде. Бұл айықпас ауру екен. Мұнымен ауырғандар өздерін тоқтата алмайды. Жазасын алғаннан соң бәрібір сол істегенін жасайды. Ертеректе гректер мұндай педофил жауыздардың сол жерін егеуқұйрықтарға жегізген (оның суреті де бар, бірақ бұл жерге қоймадым). Соны басқа ер адамдарға көрсеткен. Себебі, еркектерге сабақ болсын дейді. Бұл педофилдар Кеңес үкіметі тұсында да болған, бірақ ондай нәрселерді көбінесе халыққа жеткізбеген. Құпия түрде өздері жазалаған.

Ал ата-ана, сіздерге айтарым, көздеріңіздің ақ пен қарасы болған құлындарыңызбен күнделікті сырласып жəне олар мына қағидаларды ұстанып жүрсе, педофил түгілі сайтан да жанына жақындай алмайды. Аман жүрсін жер бетіндегі әрбір балақай, ӘУМИН!

Бибігүл Дәулетбекқызы

Пікірлер