Жыр қағаны Жұматай

2267
Adyrna.kz Telegram

Бүгін "жыр қағаны" Жұматайдың туған күні.

Жақыпбаев Жұматай (1945—1990) - Алматы облысы, Талдықорған ауданындағы Ешкіөлмес ауылында туған.

1961 жылы Ескелді ауданындағы Жетісу орта мектебін бітірген. 1967 жылы ҚазМУ-ді аяқтайды. Талдықорған облысы "Октябрь туы"газетінде
"Жалын" журналында, "Жалын" баспасында, Қазақстан Жазушылар одағында жұмыс істеген.
Ақын қазақ өлеңіне нәзік те сырбаз сезімге, сырлы суретке толы, әсем нақышпен өрнектелген қанық бояулы жырлар әкелген.

"Саратан" (1979)
"Ләйлә" (1981)
"Шұғынық гүл төркіні (1988) жыр жинақтарында туған жердің көркем табиғатын махаббатты, сұлулықты тебірене жырлады.

Ақын дүние салған соң жарық көрген "Көкте хаттар" (1992) өлендер жинағы оқырман қауымның жылы ілтипатына ие болды.

ЖҰМАТАЙ ӨЛЕҢДЕРІ

Нөсер қылған қой көздің шөкім мұңын,
Қозы мінез бір лирик отыр,күнім.
Отыр,күнім,алдымда,мен айтайын
Ақынның шопырлығын.

Күрмелмеген, күмілжіп бір сəт тілі,
Күлімсіреп алдынан тұрса ақ күні.
Қолын артқан рульден берілгендей
Автоға жұмсақтығы.

Терезеден желемік самал өпсе,
Самал өпсе — сергітер амал етсе,
Зуылдайды сұр «Вольга» асфальтпен
Жатаған самолетше.

Айналамды автодан шолам келіп,
(Зуласа ағаш — көк жасыл боран делік)
Əкем менің əкеткен мейірімді
Жүрмін-ау содан көріп.

Имандай шын жыршыңның осы айтқаны,
Осы айтқаны секілді дос айтқаны…
Анадайдан үш кемпір көрінді де,
Қолдарын шошайтпайды.

Үш кемпірдің тұсына бірақ əлгі
Сусылдаған сұр «Волга » тұра қалды.
~Апа,мін, ~ деп ашылды айқара есік,
Қалды есте бұ да мəңгі.

Жарып өтіп Жетісу нуын дағы,
Сұр бедеуше автосы зуылдады.
~Қол көтеріп неліктен тұрмайсыздар?..
Диалог туындады.

~Қол құрғырды «Уолга» деп көтермедік,
Көтерсек те көкиіп өтер дедік.
Қамшы сабы тірлікте аналарды
Ардақтап өтер ме едік.

Басқамызға сол сөзге кейін күлген,
Сабақтады басқаша ол ойын мүлдем.
~Барлық ана сиятын авто болса,
Шофер боп өтуге де бейілмін мен.

Телеэкран көзімен жайлы əлемге,
Қарай-қарай өзіме айнамен де,
Байқағаным ~ ұқсастық сол ағаммен
Бар екен, Лəйлə, менде.

*****

Безенбесе, безенер үйі өрнекпен,
Сол шаһарға басымды ием көптен.
Жұпар аңқып-мамырда, ақшам туса,
Жайнайтын неонды отпен.

Жан-жағыма қарауға үлгермей көп,
Өз босағам өзімнің іргем ғой деп.
Асқақ келе жатушы ем, жермен емес,
Аспанмен жүргендей боп.

Көше бойлап қаз-қатар өріктері,
Тауса алмайтын гүлдерін төгіп, тегі.
Қазірде ол ғажайып бір заманда
Мұнан да көрікті еді.

Жүгіртемін мен оны енді əр саққа,
Түтінінен сейілтер желді аңсап та.
Өркендеді, қанша өсті, əсемдігі
Жетпеді сен бар шаққа.

*****

Айтамын жанның басқа әнін,
Дедім де, үміт жоқ енді.
Ыза боп отқа тастадым,
Өзіңе жазған өлеңді.

Қағазды баурап алды да,
Жалын кеп шеттен қармады.
Қалғаны түгел жанды да,
Бес әріп бар тұс жанбады.

Сарғыштау дақ бар бетінде,
Сол үшін өртпен дүрдараз.
Ошақтың қалды шетінде,
«Ләйлә» деп құйттай бір қағаз.

Жұлып кеп алдым ойланбай,
Аз болар бұл сәт ой да тым.
Жүректен өшпей қойғандай,
Отқа да жанбай қойды атың.

*****

Ешкімге мұндай мінез берілмеген,
Күнім ең көптен бері көрінбеген.
Ойымда ештеме жоқ, домбыра ойнап,
Жатыр ем нағашымның төрінде мен.

Үстіне артылған соң дара білек,
Шанақта бір оқшау күй барады үдеп.
Төр. Бөлме. Бір кезде әжем кірді,
Бесінім қаза болып барады деп.

Мұратқа соныменен жетті ме екен?
Бір тілде күбірлеп ап кетті бөтен.
Селк еттім. Не деп кетті? Сөйтсем әжем:
«Ләйлә, илло — алла»… деп тұр екен.

Онсыз да жойылса да саны аз күнә, Сүреге ұйи қалды сабаз мына.
… Өлең не? Ішінде атың бар болған соң,
Оқығым келіп кетті намазды да.

*****

Кермиығым, мен сені кеш аңсадым,
Қаншама рет тоқтады десеңші әнім.
Ен дәулеттен айрылған сияқтанам
Еске түссе ессіз күн, есер шағым.

Жұтқызбаған жұпарын жалбыз едің,
Жалбыз едің, жанымның жалғызы едің.
Кербез күшпен келдің де билеп алдың,
Келбетіңмен кеудемнің жанды жерін.

Бейнең сенің өңге бір, түсте бір кеп,
Диуаналық жолдарға түскенім көп.
Таусылған соң амалым, тұрам ылғи,
Тағы да бір қиғылық істегім кеп.

Іздегенім сен болсаң — таптым қайғы,
Ондай жанға байыздап бақ тұрмайды.
Қисық, қыңыр болса да мен жүрген жол,
Бақыт үшін күреске таптырмайды.

*****

Сонау жасық, сонау отты кезімнен
Күнім бар ма сені ойламай көз ілген?
Соным үшін шошындым мен басқадан,
Соным үшін шошындым мен өзімнен.

Бұл өмірде үлгірмеген, үлгірген
Қызықтардан осыны ұғып үлгіргем.
Барлық әйел бір — ақ әйел болса егер,
Онда несін ақын болып жүрмін мен?!

Жолын таппай жаралап бір сыңар қыз,
Оны да біз алдарқатқан шығармыз.
Біз сүймесек, сүйісеміз неліктен,
Біз неліктен ғашық емес, құмармыз?!

Сүймей тұрып сүйеміз деп былжырап,
Қасақана өп-өтірік тұнжырап.
Қанша адамды алдаймыз бір өмірде,
Қанша сәби сондықтан да жүр жылап.

*****

Айта алмайтын бағасын кейде ерін дәл,
Мерзімі бар сақталар бейненің де әр.
Күнде естесің-меңің бар ақ жүзіңде,
Биқасап көйлегің бар.

Жадым жақсы, жағымды қинамайын,
Ибасы да асқақтау, илан, айым;
Көзді жұмсам, шығады бір көрініс
Ғажайып кинодайын.

Адам қатар өсірген айламенен,
Айнала-ағаш, жап-жасыл айнала-емен,
Көлеңкеден шығасың…Басталады
Бір фильм «Ләйлә» деген.

Ғажап фильм осынау өңірдегі ең,
Соны көріп мұңаям, көңілденем.
Жазып, қойып, шығарған режиссері
Бар оның Өмір деген.

*****

Айыбым болса,кеше жүр,
Асқақтау жердің маралы.
Жырладым сені неше жыл,
Жындантып неше қаланы?

Траптан түссең алға аттап,
Тәкаппар, асқақ түрменен,
Қалың ел сені ардақтап,
Қарсы алса деп ем гүлменен.

Дүние діні, тілі көп,
Дүрліге жылда той қамдап,
Ләйләнің туған күні деп,
Ләйлісе деп ем мейрамдап.

Жетпеспін сонау арманға,
Жеткенмен менде құдірет.
Ақынның тілін алған ба
Адамзат ауылы бір рет?!

*****

Қиялым едің қаршадай кезден жастанған,
Көретін болдым өмірден енді түрлі сын.
Сүюден сені жоқ еді менде басқа арман,
Қылыққа сол бір қызығып, күліп жүрмісің?

Күле ғой, жаным, күрсініп шыққан өр үнге,
Гәнжәуи жазған жырдағы қызбен аттас ең,
О, Ләйлә, егер болмасаң өзің өмірде,
Басқа мұратты бас қатырсам да таппас ем.

Арманшыл жанның бәрі де қиял мол шақта
Жандарын өртеп, түсетін шығар отты ізге.
Махаббат даңқын шығарар ақын болсақ та,
Өмірде, мүмкін, сүюден опа жоқ бізге?!

Дегенмен, кейде телміріп әрбір асылға,
Жаныңды жұлып, жадағай үміт тонайды-ақ,
Басымды сипап басқа бір қыздың қасында
Далаға қарап отырам сосын сені ойлап.

*****

Ханшадай өзін ұстаған,
Қара алмас көзді, бал ерін,
Басынан құс та ұшпаған,
Бұла өскен асқақ жан едің.

Қара оқа құсап бұрымың
Жарқылдап әрбір талы да,
Жарасып барлық қылығың,
Жараспай пенде жаныңа,

Көңілің балқып тәтті әнмен,
Кірпігің, қасың дірілдеп,
Өтуші ең жасыл бақтармен,
Өтуші ең шалқи күлімдеп!

Жадымда қалды жатталып:
Бек әсем қызыл көйлегің,
Күлуге сол сәт шақ қалып,
Қасыңды керіп сөйлеуің.

Жыр болсын басқан ізің де,
Аңыз боп атың әдемі.
Тәкаппар аппақ жүзіңде
Тарыдай бір мең бар еді.

Жаныма бір мұң жетті де,
Жабығып өтті уақытым.
Тарыдай меңде кетті ме
Таба алмай қойған бақытым?!

*****

Тынып ем, тұнайын деп тыныппын ғой,
Сен мені көрмеген соң ұмыттың ғой.
Жанымда мұң бар еді мың бәлелі,
Мен соған түсе-түсе құнықтым ғой.

Мен қазір көз салмаймын айналаға,
Ләйлә дертін жазар деп Ләйлә ғана.
Елден ерек бұ не бұл? Тәкаппар ұл
Көп ойлап, қиялиға айнала ма?
Бұл мінез ұят болды. Ұят болса,
Мен енді қашайын ба айдалаға?

Бозбала ақын-қай жөнді ес білемін,
Бір арман көкейімді тесті менің!
Көрінгеннен сұрадым-көрінбедің,
Эфирлерден жыладым-естімедің.

*****

«О, Ләйлә, мұңсызбын демеспін,
Қайғырса, қанатсыз емес кім?!
Бірақ та жынданып кететін
Мен саған Мәжнүн емеспін!»
Бала күнгі өлеңнен.

Қасы да керік, қара алмас көзді, ай қабақ,
Мойныңа жұқа алқызыл шарф байлар ап,
Алаулап жүзің аса бір асқақ нұрменен,
Алыстан тұрдың көз қарасыңмен аймалап.

Қарадың солай, қарадың солай, обал не,
Қарамадың ба,жоқ әлде?

Кетіп те қалмай, кетіп те қалмай содан көп…
Керемет бір ой кешікпей маған соғар деп,
Балалық шығар, бармадым сенің қасыңа,
Батырлығым өз басыма пәле болар деп.

Ойладым солай, ойладым солай, обал не,
Қате ойладым ба, жоқ әлде?

Қуаныштан күліп, ойым бір шалқып билемек,
Кеттім мен сосын күнәсіз арман сүйрелеп.
Қап-қара шашты бала ақын болып тұр екем,
Қабырғадағы айнаны көрсем үйге кеп.

Ақын боп кеттім, ақын боп кеттім,обал не,
Болмайын ба, жоқ әлде?

 

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер