Бес періште

2620
Adyrna.kz Telegram

Жалмауыз от жалмаған, жалаңдаған,
Қарекетке қауқарсыз қараң адам.
Кірпігін жұмған сәби күл боп кетті,
Шырылдап кеше шыққан шаранадан.

Ыс жұтқызып, тартқызса сынақ бірге,
Көмек сұрап сыңсисың, жылап кімге?!
Бес баланың ажалы бес түрлі емес,
Тастай тағдыр байланған бір-ақ түнге.

Бес періште есітпей азан әнін,
Пеш түбінде тынды үзіп ғазал жанын.
Көкірегім күйіктен қарсы айрылар,
Елестетсем сипатын жаназаның.

Қаңғұрт қоғам,
әлжуаз, еңбектеген,
Өмірді өксікпенен өрнектеген.
Жөргекпұлға жарымай сорлы аналар,
Зыр жүгіріп, түнде бесік тербетпеген.

Бөрік атып баланың өсіміне,
Кергиміз-ау,
аманат көші кімге?
Бес баланың обалы қай мойында?
Бескүндіктің симаған бесігіне.

Бейбіт Бөжен
Кереку қаласы
Пікірлер