Бақандай бес мектептің оқушыларын үсітіп, көмірді жоқ қылған шенділер жазаланатын болды

2561
Adyrna.kz Telegram
Түркістан облысы, Жетісай ауданында бақандай бес мектептің оқушылары қыс бойы қабырғасына мұз қатқан суық мектепте дірдектеп, амалсыз сабақ оқуға мәжбүр болған. Себебі қаражат бөлінбей, бұл білім беру нысандары көмірсіз қалған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Прокуратура білім бөлімінің былықтарын тексеріп, мектептерге көмір қаражат бөлінбегенін анықтады, деп жазады otyrar.kz. Салдарынан мыңдаған оқушы суық сыныптарда сабақ оқуға мәжбүр.

Желтоқсан және қаңтар айларында оқушылар уақытша басқа мектептерге ауыстырылыпты. Жылуды қамтамасыз етуге жауапты адамдар жоспар бойынша мектеп газбен жылытылуы керектігін жеткізді. Алайда, құжаттар уақытылы дайындалмағандықтан, оқу орны білім беру маусымы басталғанда газсыз да, көмірсіз де қалған.

Бұған қатысты жауапты мамандар жауап берді:

- "Жетісай аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің қызметкерлері, экономистер мен бухгалтерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта барлық кемшіліктер жойылды, бүгінде барлық бес мектеп қатты отынмен толықтай қамтамасыз етілді", - деді Жетісай ауданы прокурорының орынбасары Рысбек Ерназаров.

Күннің күрт сууына байланысты өңір мектептерінде көмір қоры тез таусыла бастаған. Құқық қорғау органдары арнайы араласып, кілтиманның шешімін табуға, жағдайды тұрақтандыруға мұрындық болды.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер