Еуропалық одақ Қазақстанды "қара тізімге" енгізген жоқ

1960
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан шенген бойынша "қара тізімге" енгізілген жоқ. Бұл туралы Қазақстандағы ЕО өкілдігінің баспасөз және ақпарат бөлімі хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

"1 наурыздан бастап Қазақстан азаматтарына Шенген визасын беру тәртібінде айтарлықтай өзгерістер болмайды. Еуропалық одақ Қазақстанды "қара тізімге" енгізген жоқ" - делінген хабарламада.

Ереже бойынша, Шенген визасын беру туралы шешімді ЕО-ға мүше мемлекеттің тиісті консулдығы 15 күн ішінде қабылдайды. Бұл ереже Қазақстанға да қатысты қолданылатын болады.

"Ерекше, жеке жағдайларда, егер өтінішті егжей-тегжейлі тексеру және/немесе қосымша құжаттарды ұсыну қажет болса, бұл мерзім 45 күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Бұл тәжірибе тек ерекше жағдайларда ғана ұлтына қарамастан барлық өтініш берушілерге бұрынан бері қолданылып келеді",- деп хабарлады Қазақстандағы ЕО өкілдігі. 

Қазақстан үшін жақында енгізілген қосымша консультациялар өткізу рәсімі жеті күнге дейін созылуы мүмкін және бұл консультациялар стандартты 15 күндік рәсім аясында жүргізіледі. Сондықтан өтініш берушілердің виза алу уақыты айтарлықтай ұзармайды.

"Қосымша консультациялар – бірқатар елдерге қолданылатын және Виза кодексімен реттелетін стандартты рәсім. Шенген аймағына мүше мемлекеттер бір-бірімен кеңесу үшін жүйелі түрде пайдаланып отыратын Шенген ақпараттық жүйесінде (SIS) «қара тізімдер» жоқ",- делінген хабарламада.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер