Мәжіліс депутаттарының ел алдындағы жауапкершілігі екі есе артады – Әсем Қайдарова

1749
Adyrna.kz Telegram

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясына қатысты «Қазақстандық Қоғамдық даму институты» Басқарма Төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова пікір білдірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

"Билікке келген жаңа депутаттарды саяси жүйе өзгерісінің бастауы деп атай аламыз. Олардың құрамына халық сенім артып жүрген белгілі тұлғалар, журналистер, кәсіпкерлер келді. Депутаттардың алға қойған міндеттерін қалай атқаратынын, жұмысының нәтижесін алдағы уақытта көретін боламыз",  деді Әсем Қайдарова.

Сонымен қатар, ол ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың да депутат ретінде қызмет ететінін атап өтті.

"Сайланған депутаттар арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Олардың билікке келуі қоғамға оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Өйткені Батыс мемлекеттерінде мүмкіндігі шектеулі жандар елдің толық мүшесі ретінде өмір сүреді. Қоғамдық көліктермен өздері жүріп, сауда орталықтарына еркін барып, сауда жасай алады. Сондықтан бізге де ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жағдай жасау керек. Ол үшін билік өкілдері нақты шешімдерді қабылдауы тиіс. Мұндай жандардың депутаттыққа сайлануы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзін қоғамның тең мүшесі ретінде сезінуіне, пайдалы заңдардың қабылдануына ықпал етеді,  деді "Қазақстандық Қоғамдық даму институты" Басқарма Төрағасының орынбасары.

Спикер бүгінгі сессияда бірқатар мәселенің көтерілгендігін айқындай түсті. Ол отырыста мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту, ауылдарға қатысты түрлі маңызды мәселелерді көтергенін айтты.

"Бұрын заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенат қабылдайтын. Мәжіліс депутаттары халықтың өкілі болғандықтан, ел алдындағы жауапкершілігі екі есе күшейеді. Заңды Сенат қабылдап жүрсе, ендігі соңғы шешім Мәжілісте болады. Сондықтан депутаттар халықпен тығыз қарым-қатынаста бола отырып, олардың мәселелерін шешуге барынша атсалысуы тиіс, деді Әсем Қайдарова.

Спикердің сөзінше, енді депутаттар «депутаттық сауалнаманы» министрліктерге, әкімдіктерге көптеп жолдауы қажет. Олар өңірлердегі инфрақұрылым мәселесін көтеруі керек. Себебі инфрақұрылым дамымай, туризм де дамымайды.

Пікірлер