Медальдардың қиын тағдыры

1721
Adyrna.kz Telegram

Қылмыс жасамағаны үшін медальмен марапаттау – әбден жетілдірілген, өте нәзік троллинг сияқты. Егер марапаттау расымен де, шын көңілден шыққан болса, онда ол біздің елде қылмыс жасамау дегеніңіздің өзі үлкен ерлік деген сөз, яғни ол сирек кездесетін, кейбіреулердің маңдайына ғана бұйыратын бақыт болып шығады. Мұндай логикаға сүйенсек, онда басым көпшілік адамдардың қылмыс жасауы кәдімгі қалыпты құбылыс болғаны. Мен тіпті мұның қайсысы жаман құбылыс екенін түсінбей де қалдым, сондықтан мұны көрнекті құрал ретінде медальды пайдаланған троллинг деп есептейікші.

Жалпы біздің тарихта медальдардың тағдыры ерекше қызықты. Шолу жасап көрейік. Ол патша үкіметінің ерекше қызмет жасағандарды XIX ғасырда марапаттауынан басталды. Қазақтарға тән емес бұл салт өте қиындықпен енгізілді.

Казактар ерекше ерлігі немесе еңбегі үшін "ат-шапан" бергенге күлсе, қазақтар орыстардың ерлігі үшін қатындар тағатын алқа бергеніне күлді. Қазақтар қызметін бұлдамады, ешкімге тәуелді не міндетті болмау үшін ол жасаған қызметіне біреуден бірдеңе алам деп ойламады да, ешкімнен медаль күтпеді. Ал "ат-шапан" далада кең тараған салт еді және оның сөзсіз құны да болды.

Кенесары хан 1847ж. 19 мамырда өлген соң П.Д. Горчаков әскери министр, генерал-адъютант А. Чернышовқа былай деп жазды: "Осы істе ерекше көзге түскен қырғыздарды марапаттау үшін, қымбатты ағзам, маған 6 алтын және сонша күміс медаль – бір-бірден Александров, екі-екіден Аннинский және үш-үштен Георгиев лентасын берсеңіз деп сұраймын".

Орыстар сатқын қазақтарды ленталы медальдармен құттықтады. Оны қазақтар күлкіге айналдырды – кінәлі болғандары үшін мойындарына қарғы бау тақты деп мазақтады. Енді қазақтар нұсқаулықтарда көрсетілгендей мойындарына патша ағзамның салпыншақ медальдарын тағып жүретін болды.

Кенесарыны қолдамаған, сол үшін жеріне тимеуге сөз алған, бірнеше арғын руларының басшысы Шеген Мусин өзінің рұқсатынсыз Торғай, Ырғыз жерлеріне бекініс салуға рұқсат берген басшы-сұлтандарға қарсы жаулық әрекетке көше бастады. 1845 жылы ол Ахмет Жантөринге өкінішпен былай деп жазды: "Сіз маған алтын сырға бердіңіз. Мен оны мойынға тағам деп қатынға айналдым, барқыт кафтанды кием деп ересек жеткіншекке айналдым... Менің ойымша, сен сұлтандықтан, мен биліктен бас тартамыз-ау деймін".

XIX ғ. екінші жартысында ислам діні халық арасында кең етек жайып, ол орыстандыруға (христиандыққа) кедергі болды, ауыл старшындары мен билер патша үкіметі берген белгілер мен крест бейнелерінен бас тартты.

Осы кезге дейін георгийлік лентасы бар медальдар (Орта Азияны бағындырғандығы үшін), өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақтарға қарсы жазалау соғыстары үшін ордендер қасарысқан айтыстарға себепші болып келеді.

Екінші әлемдік соғыстағы орден, медальдардың құны қандай? Олар Ваалам мен Соловкиге жер аударылған соғыс мүгедектерін, тұтқынға түскен орден иегерлерін концлагерьден құтқара алмады. Мен тіпті "Батырлық" атақтың ұлттық белгілеріне қарап берілгендігі туралы айтпай-ақ та қояйын.
Ал 90-жылдары ашыққан ардагерлер орден-медальдарын сатуға да мәжбүр болды.

СССР кезіндегі коррупция тек қана мансап емес, барлық орден-медальдарды, оның ішінде "Еңбек Ері" алтын жұлдыздарын да тауарға айналдырды.
Сәбет марапатының құны әбден кеткендігінің жарқын мысалы – Брежневтің өзі. Ол орден-медаль коллекциясын жинақтаушы символға айналды.

Жаңа ордендер мен медальдар Қазақстанда да жасалды. Бірақ он жыл өтер-өтпестен-ақ олар да құнсыздана бастады – бір медаль қарапайым жұмысшыға, мұғалімге, дәрігерге берілсе, сонымен бірге министрлік пен әкімдіктер айналасындағы қатардағы қызметкерлерден бастап жоғарыға жақын ондаған адамдар марапатталатындығы белгілі болды. Айтулы даталар мен кәсіптік мерекелер қарсаңында марапаттар тіпті жаңбырша жауды. Бұл адамдардың еңбегіне, олардың кәсіптік шеберлігіне назар аудармау, оны бағаламаудың белгісі, есесіне бірден бірнеше адамға белгілі бір датаны атап өтуге, артынан келесі датаға дейін оларды ұмытып кетуге арналған формальды іске айналды. Мен тіпті кез-келген сыйлықтың беделін түсіретін кейбір жексұрын адамдардың марапатталуын айтпай-ақ та қояйын.

Жақында бір топ көп балалы ананың медальдан бас тартуы – символдық көрсеткіш. Оларға алқа емес, ең алдымен пәтер, немесе ең болмағанда ат-шапан (машина, шуба) дұрыс болар еді (шапан – айтуға тұрарлық ақшалай сыйлық).

Мүмкін қазіргі айқай-шудың авторлары полицейлердің жағымды образын туғызғысы келген шығар. Бірақ көптеген заң бұзушылықтар мен кең тараған азаптау практикасы фонында жекелеген полицейлердің позитивті мысалдары не беруші еді? Бұл жерде ешқандай да медаль көмектеспейді.

Аударған Қуаныш Еділхантегі,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер