Сұхбат: "Рухымыз биіктеп қайттық!"

2045
Adyrna.kz Telegram

- Нұргүл Ескендірқызы, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы облысымыздағы шығармашылық ұжымның бірі екенін жақсы білеміз. Шығармашылық тұрғыдан жаңа ізденістерге, тың репертуарға барып жатқандарыңызды көріп, байқап жүрміз. Әрине, қуанарлық жағдай. Білуімше, сәуір айының 17- 18 күндері Алматыға гастрольдық сапармен барып келдіңіздер, сол әсермен бөліссеңіз?

- Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы өзіңіз айтқандай іргелі шығармашылық ұжым. 60 жылдан астам тарихы бар филармонияның қалыптасу, даму кезеңдері болды. Қазір шығармашылық ұжым толысу, кемелдену шағында дер едім. Сәуір айының 17-18 күндері филармонияның К. Күмісбеков атындағы қазақ аспаптар оркестрі, «Гәкку» би ансамблі және жеке орындаушылар Алматы қаласында гастрольдық сапармен барып қайтты. Осы сапар көптен ойда жүрген шаруаларымыздың бірі болатын. Биыл қазақ оркестрінің құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған гастрольдық сапарымыз жоғары деңгейде өтті дей аламыз. «Арқаның кербез сұлу Көкшетау» атты концерттік бағдарламамыз Алматының талғампаз көрермендерін тәнті етті десем, артық айтқандық болмас...

- Атауы да айшықты екен. Концерттік бағдарлама несімен қызықты болды, қандай ұстанымды басшылыққа алдыңыздар?

- Басты мақсатымыз қазақ оркестрінің деңгейін таныту, сондағы ұлттық өнердің жанашырлары мен білгірлерімен жолығысу, тәжірибе алмасу болды. Айтпақшы, біздің концертіміз Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрдің концерт залында өтті. Аттақты оркестрмен шығармашылық байланыста болуға әр бір ұжым мүдделі деп ойлаймын. Сол мүмкіндікке қол жеткізді. Концерттік бағдарламамыз негізінде оркестрдің орындауындағы шығармаларға, соның ішінде қазақтың күйлеріне құрылды. Күй – қазақтың жаны, асқақ рухы, сөнбес өмір сәулесі. Осы сапарымыз күй атасы Құрманғазының 205 жылдығына, аспандағы аққуға әнін қосқан Ақан серінің 180 жылдығына, қазақтан шыққан кәсіби композитор Мұқан Төлебаевтың 10 жылдығына сәйкес келді. Әрине, Құраманғазының «Терісқақпай», «Машина» секілді күйлері орындалды. М. Төлебаевтың атақты «Біржан-Сара» операсынан үзінді көрсеттік. Сараның ролінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері жерлесіміз Салтанат Ахметова шырқады.

Оркестріміз Кенжебек Күмісбеков атында болғасын жерлес, танымал композитордың «Арман» күйін, «Менің далам» , Ақын К. Салықовтың сөзіне жазылған «Аққуым айдыныңа оралдың ба» атты әндерін ала бардық.

- Көрермендердің ерекше көңілінен шыққан қандай шығармалар болды?

- Алматының талғампаз көрермендері біздің «Гәкку» би ансамблінің өнеріне ерекше ризашылықтарын білдірді. Сондағы білгір мамандар, дирижерлер қазақ оркестрінің шығармашылық жағынан шыңдалғанын, репертуарының байығанын айтты. Еліміздегі облыстық филармониялардың қазақ оркестрлерінің ортасында ойып алатын орнымыз бар екенін сезіну – біз үшін үлкен қуаныш болды. Белгілі композитор Ермұрат Үсеновпен шығармашылық байланысымыздың арқасында біздің тікелей сұранысымызбен «Кенесары -ақ семсер» атты кантата жазылған болатын. Соны Алматыдағы Б. Байқадамов атындағы хор капелласымен қосылып әншілеріміз С. Бекмолдин, А. Қалмағамбетова, Э. Төлеубаева орындады. Өшпес рухты, сарқылмас қайратты, мұқалмас жігерді танытатын аталмыш кантата көрермендерді бір желпінтіп тастады. Рухымыз биіктеп қайттық!

- Байқауымша Алматы сапар сіздерге ерекше шабыт пен құлшыныс сыйлаған сияқты. Өнер – тар шеңберде өспейді, оған әрине өріс керек. Мүмкіндік болса, шығандап шығып тұрған дұрыс. Алматы әсеріне тағы не қосар едіңіз?

- Айтпақшы, біздің шығармашылық ұжымның сахна мәдениеті, кіріс-шығысы, жүргізушілеріміз Алтынай мен Тоқтарбектің дауыс ырғағына, үндеріне, келістіріп оқып, жүргізген мәтіндеріне, дәстүрлі әншілеріміз Эльмираның, Сәрсенбайдың, Жанардың орындауындағы әндерге еріксіз қол соғып, қошамет білдіріп отырды. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның білікті профессор педагогтарымен жылы шырайда кездесуіміз, дидарласып тәжірибе алмасумыз біз үшін үлкен олжа болды.

- Өнер биігінен көріне берулеріңізге тілектеспіз!

Сұқбаттасқан Ерболат Баят,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-жазушы

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер