Мәншүк Мәметованың әкесі - Алашорда қайраткері. Ахмет Мәметовтің құрметіне ескерткіш белгі қойылды

3140
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы репрессия құрбандары музей кешенінің аумағында Алашорда қайраткері Ахмет Мәметовке ескерткіш белгі қойылды. Бұл туралы әдебиеттанушы-ғалым Мақсат Тәж-Мұрат айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Белгі тасты қою 7 мамыр, Отан қорғаушылар күніне сәйкес келді. Ахаң заманында әскерде болмаған, алайда Отанын қаламымен, дәрігерлік қызметімен және Мәншүктей батыр қызымызды тәрбиелеуімен қорғады. Жаңалық ауылындағы Ілияс Жансүгіров атындағы № 37 мектеп оқушыларының әскери киіммен сап түзеп кеп аталарына құрмет көрсетуінің осындай символдық мәні болды.

Олармен бірге ескерткіш ашу рәсіміне Ахаңның бір туған інісі Қанаттың қыздары —Шолпан, Маржан, Айман және Сәуледен тараған ұрпақ қатысты. Сол төрт қыздан бүгінде көзі тірі Шолпан апай белгі қою рәсімін ашып, сөз сөйледі»,- деді ол.


Айта кетейік, Ахмет Мәметов (Ахмедғали Мамытұлы) – ағартушы, ақын, журналист, дәрігер. Оның “Кеңес”, “Ғибрат” атты өлең жинақтары бар. Қайраткер 1917 — 1918 жылдары “Бірлік туы” (Ташкент), “Ойыл уәлаяты” газеттерінде, Орал облысы земство басқармасында жұмыс істеді.

1920 жылы Орал губревкомының үгіт-насихат және Жымпиты уездік ревкомының халық ағарту бөлімдерінде қызмет атқарды. 1927 — 1929 жылдары Маңғыстау, Семей өңірлерінде дәрігер, ал 1930 жылы Алматы қаласында Қазақ тері және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институтының алғашқы директоры болды. 1937 жылы тұтқындалып, ату жазасына кесілді.

Мәметовтің ағасынан асырап алған қызы Мәншүк Мәметова шығыс қыздары арасынан тұңғыш рет Кеңес Одағының Батыры атағын алған болатын.

Пікірлер