Тоқаев Қытаймен екіжақты экономикалық қатынастарды дамыту керектігін айтты

1446
Adyrna.kz Telegram

Қасым-Жомарт Тоқаев Leaders Talk бағдарламасына берген сұқбатында Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастар мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Қытай біздің сыртқы саясатымызда аса маңызды рөл атқарады. 2019 жылы қыркүйек айында мен Қытайға мемлекеттік сапармен бардым. Біз ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен нәтижелі келіссөз жүргіздік. Халықтарымыздың ынтымақтастығын нығайту үшін екі жаққа да тиімді саясат жүргізу жөнінде уағдаластық. Демек, біз екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті, мәңгі достықты нығайта түсуіміз керек. Бұл қазақ халқының мүддесіне, нақтырақ айтқанда, ұзақмерзімді мүддесіне толық сай келеді. Мен осындай саясатты берік ұстануға ниеттімін. Жақын көршіміз – Қытаймен арадағы стратегиялық серіктестіктің маңызды екені сөзсіз»,—деді Президент.

Мемлекет басшысы әңгімелсу барысында екіжақты экономикалық қатынастарды дамыту керектігін атап өтті.

«Экономикалық ынтымақтастық саласында керемет нәтижелерге қол жеткіздік. Бірақ біз алға қарай жылжуымыз керек. Сондықтан мен Қытай өркениетінің бесігі саналатын Сиань қаласына жасайтын алдағы сапарымнан үмітім мол. Бізге жаңа келісімдер, жаңа мәмілелер қажет. Себебі біз бір орында қалып, нәтиже күтіп отырмауымыз керек. Осынау күрделі әлемде экономикалық байланыстарымызды нығайтуға күш салуға тиіспіз. Мен екі ел жастарының ынтымақтастығы мен достық қарым-қатынасын дамытуға ниеттімін. Жас буын бірін-бірі жақсы білуі қажет»,—деді ол.

Пікірлер