1,4 миллиард шығын. Антикор ХҚКО бойынша қылмыстық іс анықтады

2029
Adyrna.kz Telegram

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Астана қаласы бойынша мамандандырылған департаментінің ұйымдасқан тобына және азаматтық тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды "Адырна" порталы.

Ведомствоның мәліметінше, қылмыстық іс «SC Web-Module» және «ХҚКО ИАЖ» ақпараттық жүйелеріне көлік құралдары туралы мәліметтерді заңсыз енгізу және жою, мәмілелердің жазбаша нысандарын бұрмалау фактілері бойынша тергелді.

"Қылмыстық топ 2022 жылдың қаңтар-мамыр аралығында заңда белгіленген алымдар мен төлемдерді төлемей, шетелден әкелінген 475 автокөлікті заңсыз тіркегені анықталды. Осыған байланысты мемлекетке 1,4 млрд. теңге сомасында аса ірі көлемде залал келтірілген.

Барлығы 30 адам қылмыс жасады деген күдікке ілінген. Олардың қатарында Астанадағы No2 Арнаулы халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы, төрт полиция қызметкері мен көліктерді заңсыз тіркеуде өз қызметтерін ұсынған делдалдар бар. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдары тексерілуде», - деді Антикор.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қазақстандықтарды автокөліктерді тіркеу кезінде делдалдардың қызметін пайдаланбауға шақырады.

Еске салайық, 2022 жылдың тамызында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет арнайы ХҚКО қызметкерлері мен полиция қызметкерлері көліктерді тіркеу кезінде заңсыз баю схемасын пайдаланғанын мәлімдеген. Антикордың айтуынша, Астанада да осындай схема тоқтатылды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер