Қарақат Әбден бала асырап алған отбасыға мемлекеттен ай сайын 1 млн теңге төлеуді ұсынды

1947
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандағы сәбилер үйінде қазір 707 бүлдіршін тұрып жатыр, ал балалар үйінде 4916 тәрбиеленуші бар. Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден балалар үйі мен сәбилер үйіндегі тәрбиеленушілерге бөлінетін қаражатты жобалаудың баламасын ұсынып, бала асырап алған отбасыға мемлекеттен ай сайын 1 млн теңге төлеу қажет екендігін айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Балалар үйіндегі бүлдіршінге ай сайын бөлінетін қаражатты бала асырап алғысы келетін отбасыға бағыттау керек.  Бұл арқылы балаларды отбасыға берудің формасын дамытуға болады. Бұл туралы мәжіліс депутаты Қарақат Абден премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.

Еліміз бойынша қазір сәбилер үйінде 707 бүлдіршін тұрып жатыр, ал балалар үйінде 4916 тәрбиеленуші бар.

"Бұрынғы кездермен салыстырғанда, бұл біршама жақсы көрсеткіш. Енді осы үрдісті бәсеңдетпей балаларды отбасыларға орналастырудың жолдарын дамыту керек. Қазір жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыға берудің бірнеше формасы бар: бала асырап алу; қамқоршылық; патронаттық тәрбие; патронаттық жанұя. Оның қатарында кәсіби немесе фостерлік отбасыларды құру бастамасы да бар. Бұл жоба да еліміздегі балалар үйінің санын азайтуға бағытталғаны белгілі. Осы орайда пилоттық форматта іске қосылған бұл жобаның қазіргі жағдайы қандай? Арнайы дайындықтан өткен фостерлік отбасылардың саны артты ма? Еліміздегі жетім балаларды орналастыруға шамамен 500 фостерлік отбасы қажет деп көрсетілген", – деді депутат.

Депутат, сонымен қатар, балалар үйі жетімдерді әлеуметтендіру бойынша тиімді жұмыс жасай алмай отырғанын айтты. Осы ретте өз ұсынысын білдірді.

"Көп жағдайда балалар үйінің жетекшілері асырап алғысы келетіндерге немесе патронаттық отбасыларға оларды беруге ниет білдірмейді. Бас прокуратура мен бала асырап алу жөніндегі агенттік тарапынан жүргізілген тексерістің нәтижесінде тіпті бала асырап алуға қарсы жасанды кедергілерді ойлап тапқан жетекшілер де анықталды. Өйткені әр балаға мемлекеттен көлемді ақша бөлінеді. Мысалы, балалар үйіндегі бір бүлдіршін үшін мемлекеттен айына 1 милллионға жуық қаражат беріледі. Осы қаражатты бала асырап алғысы келетін отбасыларды қолдауға бағыттасақ, бала үшін бұл әлдеқайда пайдалы болары анық", – деді Қарақат Әбден.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер