Ұлттық жоспар – тең мүмкіндіктер негізі

2777
Adyrna.kz Telegram

Тең қоғам – тең мүмкіндік. Әне-міне дегенше осы күнге де жеттік! Бұған дейін жалпыға ортақ кедергісіз орта құру жайлы талай айттық та, жаздық та. Шүкір, мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға едәуір көңіл бөлініп келеді. Күні кеше Атырауда мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналар қоғамдық көліктерде тегін қатынауға мүмкіндік алды. Мұның өзі үлкен қолдау. Ұсынысты ата-аналардың өзі білдірген екен.

Сондай-ақ барлық мемлекеттік қызметтер мүмкіндігі шектеулі жандар үшін онлайн қарастырылған. Соңғы өзгеріс бойынша, енді мүмкіндігі шектеулі жандар әлеуметтік төлем алу үшін ешқайдай барып, сарсанға түспейді. Артық әуре болмай, өтінішін онлайн білдіре алады. Бұрын еңбекке жарамсыздық жөніндегі жәрдемақыларды алу үшін анықтаманы қағаз түрінде ұсыну керек болатын. Қазір қағазбастылықтан арылып, барлығы қолжетімді бола түсті.

Сандарға сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде 188 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар екен. Олар қоғамның тең мүшесі ретінде өсуі үшін тең білім алуы қажет. Оқу-ағарту министрлігі де бұл мәселелердің шешімін тауып қойған. Биылдан бастап, инклюзивті білім беру ауқымы кеңейеді. Енді білім беру қажеттіліктері бар балалар санатына аз қамтылған, толық емес отбасыдан шыққан балалар да жатқызылатын болады. Тіпті алдағы жылдары Ғылым және жоғары білім министрлігі мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін білім гранттарының санын арттыруды жоспарлап отыр.

Осы аптада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарын» қоғам талқысына шығарып, бір қуантып тастады. Онда біршама бастама көтеріліп, біраз оң ұсыныс жазылған.

Мәселен, мүмкіндігі шектеулі адамдардың қолы оңай жете бермейтін протездік құралдармен қамтамасыз ету, оңалту орталықтарын барынша дамыту, туа бітті дерттерді ертерек анықтау, білім беруді қажет ететін балаларға тұрақты қолдау көрсету, мүмкіндігі шектеулі жандарға төленетін әлеуметтік төлемді ұлғайту бастамалары көтерілген.

Бүгінгі таңда мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік жағдайымен қоса құқықтық жағдайы да түзеліп келеді.

Айталық, өткен жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін кіріп-шығуына жағдай әзірлемеген тұлғалар 60 миллион теңге айыппұл арқалаған. 1 062 нысанға тексеріс жүргізіліп, талапқа сай не сай еместігі қаралған.

Өкінішке орай, заңбұзушылықтардың көбі Түркістан (23 пайыз) өңіріне тиесілі, одан кейінгі орында – Қостанай (22 пайыз), Алматы соңынан (7 пайыз). Бірақ жағдай бұрынғыдан әлдеқайда жақсарған деуге толық негіз бар.

Алдағы уақытта аталған ұлттық жоспар қоғамның көңілінен шығып, қолдау тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл жолғы Үкіметтің мүмкіндігі шектеулі жандарға әзірлеген ұлттық жоспары қай жағынан болсын құп көрерлік!

Пікірлер