Мүгедектер ипотекаға пәтер алғысы келеді – Әйгерім Дәулетбаева

3213
Adyrna.kz Telegram

Қоғамда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мүсіркей қарау қалыпты жағдайға айналған. Алайда аталған санаттағы азаматтар қоғамға масыл болмай, өз мәселесін өзі шешкенді жөн көреді. Бұл Тараз қаласы мәслихатының депутаты әрі "Мүгедектердің жастар қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әйгерім Дәулетбаеваның пікірі.

Әйгерім Дәулетбаеваның өзі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санатына жатады. Алайда ол мүгедекпін деп қарап отырмай, өзімен тағдырлас жандарға қол ұшын беріп жүр.

«Қазір негізінен сайлау округыма қатысты адамдар жиі келеді. Сондай-ақ Тараз қаласындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың бәрі маған келіп, мәселесін айтып жатады. Біреуі зейнеткетақы алу медициналық тексеруден өтуді, енді біреуі пәтер мәселесі бойынша келеді. Мен күн сайын 3-4 адамды қабылдап, мәселесін шешуге тырсамын. «Балама мүгедектік бойынша жәрдемакқы төлемей жатыр» деген соң арнайы мекемеге хабарласып, мән-жайды білуге тырсамын. Шынымды айтсам ондағы адамдарға жексұран болып біттім. Біреуінің мүгедектік бойынша зейнетақысы, екіншісінің жәрдемақы бойынша мәселесі болып жатады. Тағы бір адамдарға инватакси уақыты келмей, қиындық тудырады. Осы және өзге мәселе бойынша күн сайын хабарласып, көмек сұрайды. Міне, осындай сан мың мәселені жауапты адамдарға жеке хабарласып, шешуге тырсамын. Әр мәселе бойынша депутаттық сауал жолдай беруге тағы болмайды.

Қазақта «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген әдемі сөз бар. Біраз шаруа істеп жатырмыз. Оны жұртқа жария етіп айта беру де дұрыс емес. Мысалы осыдан екі ай бұрын мұқтаж жандарға екі қоларба сыйладық. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесінен бөлек күнделікті мәселерге де назар аударып тұрамын. Мысалы жол салу секілді күнделікті тұрмыстық дүниелерге мән беруге тырсамын», – дейді депутат.

Әйгерім Дәулетбаева көпбалалы отбасыларға берілетін жеңілдік мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілмегеніне наразы.

«Мәселен көпбалалы аналарға пәтер алу үшін ипотекалық сертификат беріледі. Ал облыстық мәслихат мүгедектігі бар азаматтарға берілетін жеңілдікті алып тастапты. Осыдан кейін «Не үшін менің қыздарым ипотека арқылы пәтер ала алмайды?» деп мәселе көтердім. 10-20 жыл бойы біреудің пәтеріне ақша төлеп арендада тұрғанша, ипотекаға пәтер алып, өзінің үйіне ақша төлесін. Пәтер алу үшін кезекті сарылып күткенше шамасы келген адамдар ипотекаға пәтер алсын. Ол үшін көпбалалы отбасыларға берілетін сертификатты мүмкіндігі шектеулі адамдарға да беру керек. Бұл шешімді 2022 жылы облыстық мәслихат өзгертіп, мүгедектігі бар адамдарды аталған тізімнен алып тастапты. Қазір облыстық мәслихаттың төрағасына «Мүгедектігі бар адамдарды неге тізімнен алып тастадыңыздар? Қайтадан тізімге қосыңыздар» деп хат жаздым. Пәтер үшін берілетін сертификатты неге мүгедектерге бермейді? Жоқ, әлде, мүмкіндігі шектеулі азаматтар ипотекаға пәтер алып, оны төлей алмайды деп ойлай ма? Қазір менің қыздарым ипотекаға пәтер алып, өзі төлегісі келеді. Мысалы бір қызым Тараз қаласындағы 15 мөлтек ауданынан пәтер аламын деп отыр», – дейді ол.

Әйгерім Дәулетбаеваның сөзіне қарасақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үкіметке алақан жаймай, өз бетінше әрекет еткісі келеді.

Пікірлер