Абай облысындағы өрт: Ұлттық волонтерлер желісі қаржылай көмек жинауды бастады

1785
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық волонтерлер желісі Абай облысындағы өрт салдарынан эвакуацияланған тұрғындар мен қызыл жалынды ауыздықтауға тартылған мамандарға гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме көрсете отырып.

«Барлық жанашыр адамдардан осы акцияны қолдауды сұраймыз. Жиналған қаражат volontery_semey_lider.kz аударылады, волонтерлер қажетті тауарларды сатып алып, төтенше жағдай орнына жеткізеді. Түскен қаражаттың есебі біздің парақшаларымызда жарияланады», - делінген ұлттық волонтерлер желісінің Instagram-парақсында жарияланған хабарламада.

Көмек көрсетуге ниетті азаматтар ақшаны екінші деңгейлі екі банктер арқылы аудара алады. Атап айтқанда, «Kaspi» және «Halyk Homebank» қосымшасындағы «Қайырымдылық» бөліміне өтіп, «Национальная волонтерская сеть» қызметін таңдап, ақша жіберуге болады.

«Ал заңды тұлғалар үшін - ОЮЛ «Национальная волонтерская сеть». БИН: 120 940 015 916 «Қазақстан халық банкі» АҚ КБЕ 18. БИК HSBKKZKX, P/S KZ23601A871001005521», - деп реквизиттер көрсетілген волонтерлер ұйымының әлеуметтік желідегі парақшасында.

Еске сала кетейік, қазіргі таңда еріктілер Абай облысындағы орман өртімен күресіп жатқан мамандарға көмек көрсетіп жатыр.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысынан кейін өрт сөндіруге жұмылдырылған құтқарушылар және еріктілермен кездесіп, оларға алғыс айтты.

Сонымен қатар, алматылық еріктілер де өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинап жатыр.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер