Өрт басталған соң. Қордаланған кемшіліктер көмбесі ашылды

1838
Adyrna.kz Telegram

Абай өңірінде өрт басталғалы біраз былықтың беті ашылды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушылары бірқатар қордаланып қалған мәселелерді ашық айта бастады. «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында техника мен арнайы киім жетіспейтіндігі белгілі болды.  Тіпті, қызды-қыздымен өткен жылы бұл мәселелерді көтерген өрт сөндірушілердің қызметтен қуылғаны айтылды.  

Семей орманы – мемлекетіміздің табиғи орман қорын қорғайтын мекеме. Еліміздің шығыс бөлігіндегі үлкен аймақ – Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар аудандарының аймағын қамтиды. Ертіс жазығынан жалпағынан жайлап, Көкпекті-Шар шоқыларына дейін шекара сызған, бір шеті Шыңғыстау, Шұбартау, Дегелең тауларына жанасатын аймаққа қарайтын мекеменің бес құралы жеме-жемге келгенде сай болмай шықты. Оны сегізінші маусым күні тұтанып, арыны бүгінге дейін басылмай жатқан табиғи апат айғақтап бергендей.

Оқиға салдарынан 15 адам қаза тапты. Өрттің ауқымы мен өрт сөндірушінің қауқары бірдей емес еді. Алайда мұның бәрі министрліктердің есебі мен болжамын аймаңдай етті. Бірақ өтірікті әшкере ету үшін қарапайым адамдар жанына саудаға салу керек пе еді?!

МИНИСТР ОҚИҒАҒА БАРМАДЫ. КІМ КІМДІ АЛДАДЫ?

Сегізінші маусым күні қылқан жапырақты ну орманның арасынан түтін көтерілді. Майлы қарағай, шайырлы шырша, сатырлаған самырсынды жалмаған жалын лезде күш алып, бет қаритын алапат алауға айналды. О бастағы бейқамдық пен техника құралдарының жетіспеушілігі, мәселенің шиеленісуіне сеп болды.

Бір қызығы – өрт құрсанған Семей маңына Төтенше жағдай министрі емес, Президент Қ. Тоқаев барып қайтқан соң, жүйенің қай тұстан ақсап жатқаны айтыла бастады.

Президент аймаққа барар алдында Төтенше жағдай министрі Ю. Ильинге оқиға орнына баруды тапсырғаны хабарланған. Жөнге салсақ, тиісті министрлік басшысы ешкімге айтқызбай өзі-ақ барып айналыса беретіндей реті бар еді. Алайда көп ұзамай сол министр оқиға орнына бармастан қызметтен босады. Сол-ақ екен, саланың кемшіліктері жіпке тізіле бастады

Кемшіліктерді «Семей орманы» табиғи резерваты мемлекеттік мекемесі бас директорының міндетін атқарушы Мұрат Зарлықұлы да жасырмайды. Таяуда ғана осы міндетке кіріскен жергілікті жасыл желектің бас қорғаушысы бұл жайлы республикалық телеарналардың біріне берген комментариінде айтты.

«Семей орманында» техника мен арнайы киім жетіспейді.

«Бізде бәрі шынын айтқанда ескі машиналар. Көбі 70, 80, 90-шы жылғы машиналар», - дейді ол.

ЕЛЕНБЕГЕН «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН»

Бас директордың сөзін Президент Тоқаевпен кездескен өңір тұрғындары, тіпті  "Егемен Қазақстан" басылымының өңірдегі меншікті тілшісі, журналист Мерей Қуантайұлы да жоққа шығармайды. Оның айтуынша, мұндай мәселелерді көтерген өрт сөндірушілер жұмыстан қуылып, басшылық қызметінен төмендеген.

«Міне, мәселе қайда жатыр?! Бұл проблеманы айтудай-ақ айтқанбыз. Алдыңғы жылы редакциямызға шыр-пыр болып өрт сөндірушілер хабарласқан. Техниканың тозғанын айтқан, дәлелді болсын деп бейнематериалдарын да жіберген. Ақыры бірі қызметінен қуылды, енді бірі басшылық қызметтен төмендеді. Факт! Ол туралы газетке жаздық та. Ауруды жасырғанның нәтижесі осы болды!» - деп жазған журналист желіде.

ӨРТТЕГІ ТЕХНИКА МЕН ҚОЛДАҒЫ ҚАРЖЫ СӘЙКЕС ЕМЕС

Техника жетіспеушілігі, қажетті құралдардың жоқтығынан тарыққан орманшылардың ау-жайы қазір әмбеге аян. Оқиға орнына барған депутат Мақсат Толықбай техниканың ескісі әкесінен де кәрі екенін айтып, «Адырнаға» сұхбат берген болатын.

Ал Орман шаруашылығы комитетін қаржыландыруға қатысты Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев былай деп пікір білдіреді. Оның пайымдауынша, қаржы өткен жылмен салыстырғанда көбірек бөлінген.

Әзірше, орманшылардың басына түскен мәселені ақтап алатын жалқы себеп осы болып отырған сыңайлы:

«2023-2025 жылдарға арналған үш жылдық бюджетке –121,5 млрд теңге, биылғы жылға 52,7 млрд теңге бөлінген. Өткен жылғы қаражат көлемі азырақ еді»,- дейді ол.

ӨЗГЕ ЕЛДЕН КӨМЕК БОЛА МА?

Әлеуметтік желідегі белсенділер техника жетіспеушілігі туындаған сәтте мұражай мен елді мекендегі техника құралдарын іске жеккенін жазады. Кейбірі сырттан көмек қажет екендігін алға тартып, көршілес мемлекеттерге «жәутеңдейді».

Семейлік Мұрат Рақымжан есімді әлеуметтік желі қолданушысы Тәшкеннің көмегіне жүгінуге тура келетін жағдайдың да тууы мүмкін екендігін ескертіп, қос елдің қауқарын төмендегідей салыстырады.

«Өрт біз үшін жағдайды ушықтыра түсуде. Маневр аясы тар. Орман арасымен өрт сөндіретін машиналардың жүріп-тұруы қиын. Оның үстіне жүз жылдық қарағайлардың жалыны бет шарпиды. Сондықтан әуеден көмек болмаса, қиын. Оған су тасып жүрген тікұшақтарымыздың шамасы жетпеуде. Тек жаңбыр жауса ғана, қауіптің беті қайтады. Ал, көктен бір тамшы тамбай тұр. Тіпті болмай бара жатса, Ташкентке қоңырау шалуға мәжбүрміз. 2020 жылы 1 мамырда Өзбекстандағы Сәрдоба су қоймасы жарылып, біздің Мақтаарал ауданында бірнеше ауыл су астында қалған кезде, Өзбекстанның төтенше жағдайлар қызметі көмекке келген. Жай ғана келмей америкалық айбынды тікұшақтарымен әуелете келіп қонған өзбектерді көрген біздің "төтеншеліктердің" жүндері жығылып, мыстары басылып қалған болатын. Сол Өз-ағаларымыз тағы да көмек қолын созуға дайын отырған көрінеді. Біздің билік әзірге үнсіз. Не білгендері бар екенін... Мысымыз басылса, басылсын. Өртіміз сөніп, аспанымыз ашылсыншы, өзі!» деп жазған Мұрат Рақымжан.

Оның сөзіне сенсек, қазір қызыл сөзді қуып, көзді шел басатын шақ емес. Қайта шындыққа тіке қарап, әр саладағы саңылауға тығын қоятын кезең. Мұндай жағдайда тілеулес, тілектес елдердің көмегіне «мысыңды басқыза» жүгінгеннің сөкеттігі жоқ.

КОМИССИЯ МИССИЯСЫ ҚҰТҚАРА МА?

Әлеуметтік желіде депутат Мақсат Толықбайдың өрт жан алқымнан алғанда мұражайдағы техника ауыз салғанын айыптап, пікір білдірген видеосы жарық көрді. Ал, Қаржы министрі ескірген техника мәселелеріне түсінік беріп, «не өгіз өлмейтін не арба сынбайтын» екіұшты жауабымен көпшілік көңілінің аптығын басқандай.

«Белгілі бір нормативтер бар, іс жүзінде осы нормативтер бойынша қаржыландырамыз. Қажеттілік нормасы да нақты жазылған. Бір жыл ішінде барлық техниканы жаңарту мүмкін емес екені анық. Егжей-тегжейлі қарау керек», - дейді министр.

Оның айтуынша, саланы қосымша қаржыландыру әлі қарастырылмаған.

«Комиссия жұмыс істеп жатыр, қанша қаражат қажет екенін анықтаймыз. Алдын ала залал туралы әлі айта алмаймыз, өйткені өрт әлі сөндірілген жоқ. Айтарлықтай үлкен аумақты от шарпыды, сондықтан барлық рәсімдердің аяқталуын күтейік», - деп сөзін қорытындылады Премьер-Министрдің орынбасары.

ЖАСАНДЫ ЖАУЫН БАРДА, ТАСАТТЫҚҚА НЕ ЖОРЫҚ?!

Алапат алау елді аласапыран күйге түсірді. Жалынның жортуымен «пәлекет аймағына» айналған орман алқаптарының сиқын көріп, көпшілік қауым түрлі көзқарас пен сан-cалалы ой-пікірін ортаға салып әлек.

Халық өртті ауыздықтаудың түрлі амал-тәсілдерін айтып жатыр. Жұрт тарапынан оқтын-оқтын жасанды жаңбыр жауғызу жайы да сөз болып қалады. Журналист Өміржан Әбдіхалықұлы өз ойын былай сабақтайды.

«Тасаттық беріп, Құдайдан жаңбыр тілепті деп жатыр. Сенім ғой. Құдайдан үмітсіз шайтан ғана деген жұрттың бағзыдан бергі діни сенімі. Қабыл болсын, әрине. Бір жағынан бұл шарасыздықтың белгісі де. Жасанды жолмен жаңбыр жаудыру дейтін технология бар. Бір компания осымен айналысады екен, екі жыл бұрын Маңғыстауда сынап көрген. Енді осы технологияны орманды, өрт қаупі жоғары жерлерде кең қолданысқа енгізу керек-ақ. Апат айтып келмейді. Болашақта сонша адам шығынын болдырмау, табиғатты сақтауға үлкен мүмкіндік қой. Қиын-ақ болды мына жағдай»,-деп жазған Өміржан Әбдіхалықұлы.

МИНИСТРДІҢ КӨЗ ЖАСЫ ЖЕЛІДЕГІ ӨРТТІ СӨНДІРМЕЙДІ

Сонымен қатар, сеңдей соғылған жұрт, әлеуметтік желідегі қауым Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың көз жасына ерік бергенін көріп, бірі қолдау танытса, бірі жазғыра бастады.

«Қандай мәселе шықса, соның етегіне екі жақ болып жармасып қырқысу біздің қанға сіңген әдет» дейді оқырмандардың бірі.

Әлеуметтік желі орман зардаптарын ашық талқылайтын «бетжыртыс алаңына» айналды. Бірақ бәрінің тілеуі ортақ, тоқайласар тұсы – бір. Жалынның жойылып, жарық күннің қайта шыққаны, елдің мамыражай тірлікке қайта оралғаны. Лайым, оған да жетуге аз қалды.

Дастан ҚАСТАЙ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер