Күдебаевтың шекарадан қалай қашып кеткені белгілі болды

1682
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы, генерал Серік Күдебаев мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін жауапқа тартылады. Бұл ретте оның елден қалай кеткені нақты белгілі болды, - деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Мәжілісте Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиевтің мәлімдеуінше, Күдебаевтың сөзіне қарағанда, ол шекара бекетінен тыс шекара қоршауының астына өтіп, өз бетінше шекарадан өтіп кеткен.

«Бұл Алматы облысының Кеген ауданында болды», - деп нақтылады Бас прокурордың орынбасары.

Сондай-ақ Күдебаевты шекараға көлікпен жеткізгені белгілі болды, бірақ оның жоспарын білмегендіктен жүргізуші жауапкершілікке тартылмайды.

Еске салайық, наурыз айының басында Серік Күдебаев ауруханаға түсіп, соңғы сөзін айту үшін сотқа келмеді. Кейін бұл процесс бірнеше рет кейінге шегерілді. Айта кетейік, прокурорлар оған «билік пен өкілеттікті асыра пайдаланды» деген айыппен 9 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Өткен жылдың сәуір айының соңында Серік Күдебаев өз өтінішімен Алматы облыстық полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылған болатын. Сол жылдың мамыр айында ол қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылды. Үстіміздегі жылдың қаңтар айының басында Күдебаевқа қатысты сот отырысы өтті. Кейін Күдебаевтың шетелге қашып кеткені белгілі болды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер