Ағаш тасыған жүргізуші жүгінің Семейге қатысы жоқ екенін айтты

3226
Adyrna.kz Telegram

Facebook желісінде тараған  суреттегі өрттен қалған ағаштарды тасып бара жатқан ШҚО нөміріндегі көлік жүргізушісі "Адырна" редакциясына хабарласып оқиғаның Семей өртіне қатысы жоқ екенін айтты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі. Сурет Еркежан Тұрсынбаева есімді қолданушының парақшасында жарияланған болатын.

Еркежан Тұрсынбаева есімді желі қолданушысының парақшасында ағаш бөренелерді тасып бара жатқан ШҚО нөміріндегі көліктің суреті қоғамда қызу талқыға түсті. Аталмыш жайт "Адырнада" жарияланған соң, суреттегі жүк көлігінің жүргізушісі байланысқа шығып фотодағы бөренелердің Семей орманындағы өртке еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

"Сурет 13 маусым күні Семейге кіре беріс жерде түсірілген. Бұл ағаштар Қостанайдағы Әулиекөл маңындағы өрттен қалған бөренелер.  Көлік қазір тұрақта тұр. Қостанайлық ағаштар екендігінің дәлелі ретінде мөрі және құжаттары да түгел" деп жауап берді Б. есімді азамат.

Соңынан берілген полицей мәліметіне қарағанда бұл оқиғада ешқандай заң бұзушылық болмаған. Бөрене тиеген көлікке қатысты құжаттар да дұрыс. Тараптар әлеуметтік желілер мен БАҚ-та тек ресми ақпарат көзінен мәлімет алуға шақырған.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 2 қыркүйегінде Қостанай облысында аумағы 43 мың гектарды құраған орман өрті орын алған болатын. Барлығы 2091 адам эвакуацияланып, 12 адам өрт кезінде жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақаттар, күйіктер алып, уланған. 1935 жылы туған бір адам қаза тапты. Екі елді мекендегі 91 тұрғын үй жанып кетті. Өртті 700-ден аса құтқарушы сөндірді. 7 қыркүйек күні сағат 15:00-де Қостанай облысында болған ірі өрт өшірілді.

Пікірлер