Маңғыстауға баратын Германия президенті бүгін Астанаға келді

2247
Adyrna.kz Telegram

Алдымен Ақорда, кейін Маңғыстау. Қазақстанның батыс өңіріне ат басын бұруды мақсат еткен Германия президенті Астанаға келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерді Ақордада салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Германиядан жеткен мәртебелі мейманға бар құрмет көрсетілді. Салтанатты рәсімдер залында қарауылдар сап түзеп, қос мемлекет басшысына айрықша құрмет көрсетті. Осыдан кейін Президенттік оркестр екі елдің мемлекеттік әнұрандарын шырқады.

Кейін Германияның Федералды Президенті Қазақстан Президентімен өтетін шағын құрамдағы кездесу рәсіміне көшті.

Нақтылап айтсақ,  Қазақстан Президентінің шақыруымен елімізге Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер мемлекеттік сапармен Қазақ еліне келді.

Сапар аясында екі мемлекет басшылары Қазақстан-Германия стратегиялық серіктестігін нығайту мәселелері бойынша келіссөз жүргізеді. Сонымен қатар, бірқатар маңызды құжаттарға қол қояды деп жоспарланған.

Германия Федералды Президенті Қазақстан және Германия университеттері ректорларының форумында сөз сөйлеп, Қазақстан Президентімен бірге қазақ-герман бизнес форумына қатысады деп күтіліп отыр.

Бұдан бөлек, мемлекеттік сапар аясында Франк-Вальтер Штайнмайер Маңғыстау облысына барады. Ол Маңғыстауда  Қазақстан-Германия инженерлік институтының ашылуына және Svevind швед-герман компаниясының жасыл сутегі өндіретін зауытында сынама бұрғылау жұмыстарын іске қосу рәсіміне қатыспақ.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер