Семей полигоны - ұлттық улану аймағы. Оны Ұлттық ұлан енді қорғай ма?!

2150
Adyrna.kz Telegram

Кеше Мәжілістің жалпы отырысында «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат екінші оқылымда талқыланып, қабылданды. Аталған заң жобасын Мәжіліс 2022 жылғы 13 сәуірде бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Бір жылдан аса қараусыз жатқан заң жобасының қандай ерекшелігі бар? Ал полигон аумағының қанша уақыттан бері қараусыз жатқанын айтудың өзі қиын. Тілшілер осы туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннан сұрады.

Сұрақтың Еділ Жаңбыршинге қойылуының өз себебі бар. Ол кеше Мәжілісте «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Заңж жобасын (екінші оқылым) талдауы барысында баяндама жасаған.

БҰЛ ДА ТАРИХТА «ТҰҢҒЫШ РЕТ» ЕКЕН

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, бұл заң Қазақстан тарихында тұңғыш рет  қабылданып отыр. Депутат мұндай заңның әлемдік тәжірибеде бұрын-соңды қабылданбағанын атап өтті.

«Себебі Семей ядролық полигоны өзінің ерекшелігі бар сынақ алаңы болды. Онда 500-ге жуық ядролық жарылыстар болған әрі территориясы 18 300  гектарды алып жатыр.  Аталған территорияны мемлекет тарапынан басқарып, реттеу керек болды. ОНда радиактивті зиянданудың өте жоғары мөлшердегі территориялары бар. Одан басқа шаруашылық мақсатта пайдаланатын жерлердің бар екені анықталған»,- деді депутат.

Оның айтуынша, 2008 жылдан бері ұлттық ядролық орталық кешенді экологиялық зерттеулер жүргізген. Соның нәтижесінде өте жоғары деңгейде ластанған радиациялық жерлер және салыстырмалы түрде таза жерлер анықталған. Осы заң арнайы қатты бүлінген жерлерді бөліп алып, соны басқаруды іске асырады. Бұл жерде бейбітшілік мақсатта атом энергиясын пайдалану жөнінде және радиоэкологиялық зерттеулер болады.

«Сонымен қатар біздің жаппай қырып- жою қаруларын таратпау жөнінде халықаралық міндеттемелеріміз бар. Бұдан бөлек әр түрлі радио қалдықтарды сақтайтын қоймалар және  инфрақұрылымдар мен қоймалар бар, соларды біз сақтап отыруымыз керек. Өздеріңіз жақсы білесіздер, бұл жер бақылаусыз болғаннан кейін арнайы бақылауда болмағаннан кейін кейбір азаматтар сол жерде мал жайып немесе әр түрлі затты алып жатыр. Ал ол азаматтар ол заттың радиациялық қаупі бар екенін ескере бермейді. Осы заңның аясында ол жер қорғалып, арнайы белгілер қойылатын болады. Оны ұлттық ұлан қорғайтын болады», - деді депутат Жаңбыршин.

СТАТУС ДАУЫНДА УЛАНУ ЖАЛҒАСА БЕРЕТІНІ АЙТЫЛМАЙДЫ

«Заң бойынша аталған жер қанша жыл қорғалады және бұл аймақ бұрын соңды тексерілмеген бе?» деген сұраққа Мәжіліс депутаты радицияланған жерді тазартуға көп уақытқа кететінін айтты.

«Қазір нақты оның қанша жылға созылатынын айта алмаймыз. Өйткені зерттеулердің нәтижесі бойынша қатты зияндаған шекаралар анықталды. Мысалы 8 мың 900 гектар жер салыстырмалы түрде таза, ал 9 мың 400 гектар аймақ зиянданған жер болып саналады.  Бұл жердегі ауа, су, топыраққа зерттеулер жүргізіліп отырады. Егер де уақыт өте келе кейбір жерлер тазаратын болса, аталған аумақ Семей ядролық аймағынан шығарылатын болады. Керісінше кейбір жерлер бүлінген болса, ол аумақ қайтадан бақылауға алынады. Оның ауданы әр кез тексеріліп отырады»,- деді депутат дерексіз жайларға сүйеніп.

«Ал «бұл аймақ бұрын соңды тексерілмеген бе?» деген сұраққа келетін болсақ, Совет үкіметінен кейін назардан тыс қалған. Тек 2008 жылдан бастап Ұлттық ядролық орталық толық зерттеуді бастаған. Қазіргі таңда аталған орталық 100 пайыз жерді зерттеп шықты»,- дейді депутат Жаңбыршин.

«Аталған заңды қараған бірінші оқылымнан кейін екі ортада неге үзіліс болды?» деген сауал бойынша ол «бұл жердің статусын анықтау керек болды» деп түсіндірді.

«Мысалы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұған монополиялық статус бергісі келді. Ал бұған монополиялық статус беруге болмайды. Осы жөнінде теке-тірестер болды. Депутаттар арнайы мамандандырылған орталық болуы керек және оның жұмысын басқа біреулер жасай алмайды деп ұсындық. Бірақ ол монополист емес. Себебі оның көптеген зерттеулері шетелдік келісім-шарттармен жасалып отыр. Егер оны монополист қылатын болсақ, онда жұмыс тоқтап қалады. Сондықтан бұл іс бойынша Үкімет пен Президент әкімшілігімен келіссөздер жүргізіп, өзіміздің ұсыныстарды айттық», – дейді депутат Еділ Жаңбыршин.

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер