«Қазіргі Қазақстан қоғамындағы діннің рөлі». Алматыда семинар өтті

1652
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктернің,  қоғамдық бірлестіктердің және жастардың қатысуымен семинар өтті.

Ағымдағы жылғы 21 маусым күні «Достық үйінің» ғимаратында дін саласындағы сарапшылар мен діни бірлестіктер өкілдерінің  қатысуымен «Қазіргі Қазақстан қоғамындағы діннің рөлі» тақырыбында семинар жиыны өтті.

Семинар Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Қоғамдық келісім» Республикалық мемлекеттік мекемесі, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы,  Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің  Философия, саясаттану және дінтану институтының ұйымдастыруымен өтті.

Іс-шарада еліміздегі діни конфессиялар мен олардың маңыздылығы, қоғамдағы, оның ішінде жастар үшін алатын орнының ерекшелігі тақырыптары сөз етілді.

Сөз басын Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану орталығының директоры Алмасбек Шағырбай бастады. Ол ел бірлігінің негізі тыныштық пен бірлік екенін айтып, іс-шара модераторы болды.

«Тыныштық пен бірлік ел болашағының негізі. Неге десеңіздер, осыдан бір жыл бұрын орын алған «Қаңтар» оқиғасына бәріңіз куәсіздер. Бірнеше күннің ішінде еліміздің, әсем қала Алматымыздың қандай күйге түскенін көрдік. «Тыныштық» деген ұғымның маңызын сол оқиғадан кейін түсінгендейміз. Сол себепті қай жерде жүрмесек те, ел үшін қандай қызмет істесек те, мақсатымыз тыныштық пен ел бірлігін сақтау болуы тиіс», - деді ол.

Іс-шара барысында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 7-съезі туралы бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар, семинарға Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов қатысты.

«Еліміздің болашағын жақсартуымыз үшін біз бүгінгі жастарды тәрбиелеуіміз қажет. Ол үшін олардың қандай сенімде екенін, қандай білім алып, немен айналысып жатқанын бақылауға алуымыз тиіс», - деді іс-шараға қатысқан Республикалық «Вайнах» Қазақстан шешен-ингуштар қауымдастығының төрағасы Ахмет Мұрадов.

Іс-шараға қатысқан әртүрлі діни бірлестік өкілдері де діннің қоғамдағы рөлі мен жастар арасындағы діни идеологияның таралуына баға берді.

«Кез келген дін қоғамда гуманизмді насихаттайды. Бүгінгі семинардың да біз үшін маңыздылығы – болашақтың қамы», - деді өз сөзінде Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Тимур Алиев.

Бұл пікірге Алматы қаласының бас раввині Коген Эльханда қосылды: «Діні жоқ ел мемлекет болмайды. Еврейлерде «мемлекет болмаса, адамдар бір-бірін тірідей жейді» деген сөз бар. Ал мұның түбінде бірлік те болу керек екендігінің белгісі».

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер