Мәскеу көз жасына сенбейді. Пригожин Минскіге кетті ме?

7564
Adyrna.kz Telegram
Ресей Федерациясы Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресейде болған қарулы бүлік туралы қылмыстық істің тоқтатылып, "Вагнер" жасағының дала лагерлеріне оралатыны, ал Евгений Пригожиннің өзі Беларусь еліне баратынын хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 
Ресейде 24 маусым күні дүрбелең болды. "Вагнер" жасағының негізін қалаушы Евгений Пригожин жұма күні Мәскеуге бағыт алып," Әділет шеруін" ұйымдастырды. Жолшыбай Дондағы Ростов орталығын бақылауға алды. Қала орталығына әскери техника толтырып, оқтын-оқтын саяси мәлімдемелер жасады. Ресей билігін бақылауға алуға үмітті екенін жеткізді. Басшылықтан дәмелі екенін жасырмады.
Дегенмен сенбінің кешінде аяқ астынан шала бүлініп,  өз райынан қайтқанын хабарлады. "Қардың суы секілді тез су алған" Пригожиннің сарсаңына сенгендер де, сенбегендер де жағдайды қалт жібермей, қызықтап отырды. Әсіресе,  әлеуметтік желі тақтасы саяси сараптамаға бойлап, түрлі болжам айтқандардың жазбасына толып кетті. Ұлттық ақпарат кеңістігінде Ресейдегі ахуалды сан-cаққа жүгірткен небір сараптамашылар жауыннан кейін қаптаған атқұлақтай "бұрқ" ете қалды.
Айтқаны айдай болғандар "айттым ғой" мен айналасын түйрей өтіп, болжамы бұлыңғыр шыққандар үнсіз тынып жатты.
Асылында, мәлімдемелер не дейді?

Ширыққан жағдайға Лукашенконың араласқаны айтылады. Путиннің баспасөз хатшысыПесковтың сөзіне сенсек, Лукашеншоның өзі Пригожинмен 20 жылдай арлас-құраластығы барын айтып, келіссөз жүргізуді ұсынған.

"Александр Григорьевич [Лукашенко] Пригожинмен бұрыннан таныс, бұл оның жеке ұсынысы болды. Біз осы іске ат салысқан ол кісіге разымыз", - деп мәлімдеді Ресей Федерациясы Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Пригожиннің өзі кеше шала бүлініп, табан астында тосын мәлімдеме жасаған еді. Пригожин аудиохабарлама арқылы:

"Біз күні бойы жүрдік. Мәскеуге 200 шақырым ғана қалған. Осы уақытқа дейін сарбаздарымыздың қаны төгілмеді. Қазір қан төгілуі мүмкін. Сондай сәт туды. Сондықтан барлық жауапкершілікті түсіне отырып, орыстардың қаны төгілуі мүмкін екенін ескере отырып, біз өз жасағымыздың бағытын кері бұрамыз. Жоспарға сай дала лагеріне табан тірейміз", - деген-тұғын.

Пригожинді жазалауға келгенде Путин құлықсыздық танытқандай. Кеше Отанына опасыздық жасады деп айыптаса, бүгін "жоқтауын асыруды" мақсат еткен. Песков Путиннің мұндай асқан "салқынқандылығы" жайында да өз етті. Ол Ресей басшысының жақын уақытта үндеу жасай қоймайтынын, ал бүлік оқиғасының "арнайы операцияға" еш әсер етпейтінін атап өтті. Журналистерге Пригожиннің "келешектегі бет алар бағытын" айқындап берді.

Пригожиннің жаңа бағыты Мәскеу емес, Минск.

Баспасөз хатшысының айтуынша, Пригожинге қатысты қылмыстық іс тоқтатылып, өзі Беларуське барады. Көтеріліске қатысқан сарбаздардың басқыншылық кезіндегі еңбегі ескеріліп, соған сай қудаланбайды, ал колоннаға қосылмаған жауынгерлердің бір бөлігі Қорғаныс министрлігімен келісімшарттарға қол қояды.

Жинақтай айтсақ, 24 маусымда Беларусь Президенті Александр Лукашенконың "Вагнер" коллонасын тоқтату үшін Пригожинді  көндіргені мәлім болды. Келіссіөздің күні бойы жүргізілгені айтылады. Кешқұрым ресейлік ақпарат агенттіктері "Вагнер" жасағы жауынгерлері Ростовтағы Оңтүстік әскери округтің штаб-пәтерін тастап кете бастағанын растады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер