«ZamZam Qazaqstan». Мүфтият бұл компанияға жүгінбеу үшін дабыл қаққанбыз дейді

5443
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылыққа аттанған бір топ қазақстандықты алдап, жалған виза берген «ZamZam Qazaqstan» қажылық компаниясына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұған дейін «Zam-Zam Qazaqstan» (заңды атауы Zam Zam store) компаниясының қажыларға қызмет көрсетуге қатысты тиісті лицензиясы, мүфтият жариялаған осы жылы ресми қажылық орындарын алған туроператорлар тізімінде жоқ екенін, сондықтан аталған фирманың қызметіне мүлде жүгінбеу туралы бірнеше рет дабыл қағып, мәлімдеме жариялады. Сонымен қатар мүфтият қажыларды осыған дейін алдап, далада қалдырған аталмыш «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясының заңсыз әрекеттері туралы құқық қорғау органдарына шағым түсірді»,—деді ҚМДБ-ның баспасөз бөлімі «Адырна» редакциясына.

Мүфтият компания жетекшісін жауапқа тарту керектігін атап өтті.

«Қазақстан азаматтарын заңсыз жолмен қажылыққа әкелген аталмыш компания жетекшісі Илиев Данияр заң алдында жауап беру тиіс деп санаймыз. Қолдан жасалған қажылық визаларын пайдаланған аталған компания өкілдері шариғат пен заңға қайшы әрекеттерінен әлі күнге дейін тыйылмай келеді. Олар шариғат пен заңды белден басумен қатар "мүфтият қажылық квотасын сатады, пара алады" деп жала жабуын доғармай, енді ҚМДБ «жалған қажылық квоталарын» жасады деп жала жабуда. Өз кезегінде, жалған құжаттарды жасап, заңсыз жолмен қажылыққа азаматтарымызды апарған аталмыш туркомпания директоры мен басқа да жауапты өкілдеріне құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша неге тиісті шара қолданбайды деген сұрақтар мен шығымдар жәбір көрген қажылардан және олардың туыстарынан ҚМДБ-ға келіп түсуде. Осыған орай Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының осы мәселеге назар аударып заң бұзушыларды құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті заңды шаралар қолданады деп күтудеміз»,—деп толықтырды басқарма.

Бұдан бөлек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылыққа барғысы келетіндерге ескерту жасады.

«Қажылық конкурсынан өткен, яғни қажылық сапарын ұйымдастыруға қабілетті деп танылған, мүфтият жариялаған тізімге сай туроператорлар қызметіне жүгіну қажеттігін тағы да қаперге саламыз»,—деді ҚМДБ.

Еске салайық, бұған дейін қажылыққа аттанып, алданып қалған қазақстандықтар редакциямызға хабарласып, шағым түсірген еді. Олар Сауд Арабиясының полицейлері Мекке қаласына автобуспен аттанғандардың құжаттарын тексеру барысында заңсыз жасалған визаны анықтағанын мәлімдеді. Айтуыларынша, қазір 120 адам қамауда отыр.  «Адырна» тілшісі аталған қажылық компанияның басшысына хабарласты. Ол жәбірленуші тараптың айтқандарының бұрмаланғанын жеткізді.

Пікірлер