Тоқаев Люксембургтің сыртқы істер министрімен кездесті

1513
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Люксембургтің сыртқы істер министрі Жан Ассельборнмен кездесті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Кездесуде Тоқаев Жан Ассельборнға ілтипат білдіріп, оның бұл сапары көптеген сала бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.

Сондай-ақ, ол Люксембург премьер-министрі Ксавье Беттельмен БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясы алаңында өткен келіссөздерін еске алды.

Сол кезде Қазақстан мен Люксембург арасындағы өзара тиімді серіктестікті дамытудың ұзақ мерзімді перспективалары туралы өте табысты әрі мазмұнды әңгіме болды. Қазақстан cіздің еліңізді және халқыңызды құрметтейді. Біз өзара ынтымақтастығымыздың болашағына сенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Одан бөлек, көлік және логистика, цифрландыру, «жасыл» энергетика салаларындағы, сондай-ақ Астана халықаралық қаржы орталығы аясындағы өзара іс-қимыл перспективаларын қарастырылды.

Жан Ассельборн екі ел арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Бүгін таңертең біз өзара түсіністік туралы екі меморандумға қол қойдық. Қазіргі уақытта Cargolux Қазақстанға апта сайын 21 рейс жасайтынын білесіз. Сондай-ақ Люксембург мультимодальды хаб саналады. Осыған байланысты Астана әуежайы – біз үшін өте маңызды пункт. Люксембург компаниясы бірлескен осы ірі жобаны жүзеге асыра алатынына ризашылығымды білдіремін. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрімен өзара түсіністік туралы екінші меморандумға қол қойдық, – деді Люксембургтың сыртқы істер министрі.

Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жан Ассельборн халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Пікірлер