Министр қыста пәтердегі төмен температураға халықтың бой үйретуі керектігін айтты

5371
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров тұрғындарға ерекше үндеу жасап, қыс кезінде пәтердегі төмен температураға бой үйретіп, "ширауға шақырды" шақырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

«20-21 градусты құрайтын қалыпты нормаларға үйрену керек. Қыста бұл температураны қалыпты деп санаймыз, себебі ресурстарды үнемдеу қажет. Біздің елде адамдар үйдегі жоғары температураға әбден үйреніп алған. Мұның салдары жылу беру желілеріне тым жоғары салмақ түсіріп отыр», - деді Әлібек Қуантыров Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Министрдің пайымдауынша, жылу бойынша норматив көрсеткіші - 21 градус шамасында. Тұрғындар қыста 23-25 градусқа үйреніп қалған және оны тиісті нормаға түсірсе, халық шағымдана бастайды.

Сондай-ақ министр қыста "арқаны кеңге салып",  терезені немесе балконды ашу арқылы үй температурасын қолдан реттемеуге шақырды.

«Бізге арнаулы құрылғыларды орнату керек, сол кезде тұрғындар пәтердегі жылуды қадағалап, энергияны үнемдеуге назар аудара бастайды. Жалпы, еліміздегі инфрақұрылымды жаңарту шығындары тек тариф есебінен ғана емес, сонымен қатар бюджет қаражатын игеру арқылы іске асырылады. Тариф деңгейі адамдарға салмақ түсірмеуі керек. Халықтың әлеуметтік осал топтарына әкімдіктер арқылы өтемақы төлеу мүмкіндігі бар», - деді министр.

Орайы келгенде айта кетейік, Ә.Қуантыров биыл жылу тарифтері қаншалықты қымбаттайтынын айтқан болатын. Бұл ретте:

«Тиісті есеп-қисапты жүргізу үшін орташа есеппен 60-70 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтердің шығынын назарға аламыз. Өңірлерде орташа чек айына 2-4 мың теңгеге өседі. Яғни өңірге байланысты айырмашылық болады. Жалпы, жылу энергиясын үнемдеу қадамдарын ынталандырамыз, - деген еді министр.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер