Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы БҰҰ деңгейінде қорғалмақ

1329
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі таңда елімізде 700 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Оның 100 мыңға жуығы кәмелетке толмағандар. Бұл жалпы халықтың 3,7 пайызын құрайды. Басым бөлігі Түркістан және Алматы облыстарында тұрады.

Ағымдағы жылдың 5 маусымында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көпшілік күткен «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңына қол қойды. Бұған дейін еліміз «Мүгедектердің құқықтары туралы» конвенцияға қосылған.Алайда, ілеспе хаттаманы ратификацияламаған болатын. Ал ол мақұлданбаса, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың талап арызын Біріккен Ұлттар Ұйымы қарамайды.

Сәйкесінше, заң жобасы БҰҰ қабылдаған 2006 жылғы «Мүгедектердің құқықтары туралы» конвенцияға сай әзірленген.

Жоба мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысы бар заңнамалық кемсітушіліктерді жоюды, құқықтық және әлеуметтік қорғауды, өмір сүру сапасын жақсартуды, бостандықтарына кепіл болуды көздейді.

Енді құжат БҰҰ-ның «Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары» жөніндегі арнайы комитетке жолданады. Комитет кеңес құрып, жобаны талқылайды. Содан соң ғана өтініштерді қабылдауға шешім шығарады. Егер жоба мақұлданып жатса, құқығым тапталды деген кез келген мүмкіндігі шектеулі азамат ешқандай тиымсыз Біріккен Ұлттар Ұйымына өзінің талап арызын жолдай алады.

Пікірлер