Алматыда театр және кино актерінің құрметіне ескерткіш ашылды

631
Adyrna.kz Telegram
almaty.tv
almaty.tv

Алматыда белгілі театр және кино актері Юрий Померанцевтің құрметіне ескерткіш ашылды, деп жазады Almaty.tv телеарнасынан Ұлағат Арғын мен Ернат Болатбек.

Аңыз адам  сахна саңлағы көрерменге «Иван Грозный», «Біздің сүйікті дәрігер», «Атамекен» фильмдері арқылы жақсы таныс. Өнерге өмірінің 77 жылын арнаған азамат өмірінің соңына дейін сахнадан түскен жоқ. Салтанатты іс-шараға шығармашылық зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Ғасырға жуық ғұмыр жасаған Юрий Померанцев өмірінің соңына дейін көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп кетті. Кинода сомдаған 300-ден астам түрлі образы кеңестік кинематографияның алтын қорында сақтаулы. Көпшілік режиссерлік еткен қойылымдарын да жақсы біледі. Бүгінгі ескерткіштің ашылу салтанатына қала әкімі Ерболат Досаев та келіп, құттықтауын жеткізді.

«Бұл – Алматы қаласы мен оның мәдениеті үшін маңызды оқиға. Юрий Борисович Померанцевке арналған ескерткіштің ашылуына қатысу мен үшін ерекше құрмет. Ол – өз кәсібіне, көрерменіне, театрға адал бола білді. Бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

97 жасына дейін спектальде ойнаған Померанцевке мәтін жағы қиынға түспейтін дейді білетіндер. Жаттап та алмайтын. әріптестері «сахнаға шыққанда, ол айтар сөзін жан дүниесінен шығаратын» деп еске алды.

«Мен оған таңғалатынмын, ол ғажап адам еді. 98-99 жасында сахнада тұрып 3 сағат сөйлейтін. 100 жасына дейін сахнада ойнады. Бүгінгі ескерткіш – жақсы бастама», – деді  Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімов.

Қол мүсін қаладағы Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театры ғимаратының алдына қойылды. Померанцев осы өнер ордасында өмірінің соңына дейін еңбек еткен еді. Мүсін Нұрлан Смағұлов қорының қолдауымен орнатылды. Бұл қазақстандық меценаттың Алматы жұртшылығына сыйлаған төртінші ескерткіші.

«Мен Юрий Померанцевпен 60 жыл бірге жұмыс істедім. Ол режиссерлік еткен 5 спектакльде басты рөлді сомдадым. Өмірін түгелдей сахнаға, театрға арнаған тұлғалар некен-саяқ. Юрий сол сиректердің қатарында. Мен оны тума талант деп бағалар едім», – дейді  ҚР Еңбек сіңірген әртісі Геннадий Балаев.

Юрий Померанцев – Ұлы Отан соғысына да қатысқан ардагер. Көзі тірісінде «Ерлігі үшін» медалімен, II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.  Бүгінгі салтанатты жиынға жергілікті әскери басқару органдарының әскери қызметшілері мен Радио-электроника әскери инженерлік инстуттың курсанттары да қолдап келді.

Пікірлер