Қазақстан Қытайдан қанша қарыз алады – парламент заң қабылдады

1604
Adyrna.kz Telegram

Қытай банкі жеңілдетілген кредитті жылдық ставкасы 2 процентпен 20 жылға береді

НҰР-СҰЛТАН, 11 сәуір – Sputnik. Сенат депутаттары мәжіліс мақұлдаған "Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы Қытайдың жеңілдікті кредит беруі туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы" заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, Қытайдан қарызға алынатын ақшаға 9 автокөлік және 1 теміржол өткізу пункті жаңғыртылады. Қазір ЕАЭО сыртқы шекарасының Қазақстан учаскесіндегі өткізу пунктері көліктерді жылдам әрі тоқтаусыз өткізуге қауқарлы емес. Мәселен, жуырда қазақ-өзбек шекарасында туындаған жағдай осыған дәлел бола алады.

"Қазақстан тарапындағы өткізу пунктерінде күн сайын 100-ден 300-ге дейін автокөлік кептеліп қалады. Жүргізушілер кезекте 3 тәулікке дейін тұруға мәжбүр", - деді министр сенаттың жалпы отырысында.

Өткізу пунктерінің мүмкіндігін ұлғайту үшін қаржы министрлігі "Эталондық өткізу пункті" тұжырымдамасын әзірлеген.

"Осы тұжырымдамаға сәйкес, Қазақстанның өткізу пунктерінде қозғалыс ағынын (қозғалыс бағыттары қиылыспайтындай) міндетті түрде бөле отырып орналастыру жоспарлануда. Көліктердің еш кедергісіз өтуі үшін техникалық бақылаудың бірыңғай өтпелі автоматтандырылған дәліздері орнатылады", - деді Смайылов.

Айта кетсек, негіздемелік келісімге 2018 жылдың маусым айында Бейжіңде қол қойылған.

Қарыздың жалпы сомасы 2 062 миллиард юань, яғни теңгеге шаққанда 100 миллиард теңгеден астам. Келісімге сәйкес, Қытай банкі жеңілдетілген кредитті жылдық ставкасы 2 процентпен 20 жылға береді.

Жоба осы жылдың соңында басталып, 2022 жылы аяқталмақ.

 

Пікірлер