Хасен  Қожа-Ахмет Президенттікке үміткер

8196
Adyrna.kz Telegram

Азат, Желтоқсан, Алаш ұйымдары Хасен Қожа-Ахметті Президент сайлауында өз кандидаты ретінде ұсынды. Хасен Қожа-Ахмет бұл ұсынысты қабыл алып, 2019 жылдың 9 маусымы күнгі Презиждент сайлауына аталған ұйымдардың атынан түсетін болды.

Қожа-Ахмет  Хасен  Кәрімжанұлы.

(Теміржолды Қожа-Түрк)

09.08.1949 ж. туған. Ұлты қазақ. Білімі жоғары (Әл-Фараби ат. ҚазҰУ- журналист), ҚР Жазушылар одағының мүшесі, композитор, гуманитарлық пәндер профессоры (саясат, өнер, тарих, тіл зерттеушісі).

Саяси қайраткерлігі (қысқаша) – 1970 ж. КСРО әскеріндегі ұлттық-нәсілдік кемсітушілікке наразылық танытқаны үшін тұтқындалып, әскери прокуратураның 7 ай тергеуінен соң, айтқанының шындық екенін дәлелдеп, босатылады.

1971 ж. бастап КСРО-ның отаршыл әрі тоталитарлық саяси жүйесін сынап, әшкерелеп, Қазақстан және басқа да «одақтас республикаларды» тәуелсіз ел болу үшін ұлт-азаттығы күресіне шақырады. Семей полигонын жабу, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, сөз, жиын өткізу бостандығын, қазақ жеріне келімсектерді қоныстандыруды тоқтату, т.б. айтып, халықты үкіметке талап қоюға үгіттейді. Осы мақсатты іске асырар Ұлттық-демократиялық «Жас қазақ» ұйымын құру үшін жұмыстар жүргізеді. 1973 жылы «болашақтағы тәуелсіз Қазақстанның туы» ретінде Көк ту жасап, таныстары ортасында насихаттайды. «ОЯН, ҚАЗАҚ» ОЯН, ЕЛІМ!» (1972 ж.) үнпарағын, «Интернационализм және оны орыстардың қолдануы» (1972), «Орыстардың дүниежүзілік жандарм болуға ұмтылуы»,«Одақ па әлде отар ма?» (1974), «Халықтардың ассимиляциялануы кімдерге қажет», «Ұлт мәселесінің тарихи шешімі» (1975), т.б. мақала, өлеңдерді жазып таратқаны үшін 1977 сәуірде КГБ тұтқындап, 2 жылға сотталды. Сол кезден есімі «Әлемдегі саяси тұтқындардың Хельсинки тізіміне» жазылды.

1986 ж. Қазақ КСР Мем.теле-радио редакторы қызметінде жүріп «Желтоқсан көтерілісіне» белсенді қатысқаны үшін 4 жылға қатаң режимді қамауға сотталды.

1990-1994 жж. «Желтоқсан» ұйымының төрағасы, Алматыдағы алғашқы митинг, шерулерді, аштық жариялауларды ұйымдастырды.

1990 жылы 22 наурызда (Қазақстан тәуелсіздігі жарияланардан 1 жыл 10 ай ерте) Алматыдағы Республика сарайы алдында өзі 1973 ж. жасаған Көк туды жария түрде көтерді.

1991 жылы тамызда Литва халық майданы  «Саюдиске» тәжірибе алмасуға Вильнюсте  болды. Ресейдегі ГКЧП бүлігіне қарсы Алматыда жиындар ұйымдастырып, биліктен  Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауды талап етуге шақырды..

1991 ж. қазан айында «Желтоқсан», «Алаш» және «Азат» ұйымдарының  ұсынуымен Қазақстан президенттігіне сайлауға түсуге әрекет жасады. (Алайда билік 1 ай қол жинау мерзімін он-ақ күнге заңсыз қысқартқандықтан және түн жамылған милициялар шабуылдап, жиналған қолдар құжаттарын тәркілегендіктен сайлауға қатыса алмады).

1992 жылдың 1-наурызда Ташкентте өткен «Түркістан» қозғалысының құрылтайында Әзірбайжандағы Таулы Қарабақ соғысына түркшілдерді көмекке апару Х.Қожа-Ахметке жүктелді. Әзірбайжан Президенті Әбілфаз Елшібеймен кездесті.

1992 ж. 9-мамырда «Дзержинскийдің ескерткішін құлатқаны және Қазақстандағы ядролық қаруды Ресейге беруге қарсы АҚШ елшілігі үйі алдында митинг ұйымдастырғаны үшін» тұтқынға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалып, 3 күннен соң халық күшімен босатылды. 1992 ж. желтоқсанда Қырғызстан президенті А.Ақаевпен кездесті.

1993 жылдан бері  «Азат» қозғалысының төрағасы.

1993 ж. Нидерландияның 11 қаласында, Брюссельде түркшіл ұйымдармен кездесулер өткізді.

1994 ж. Қазақ халқына тіл тигізген ЛДПР төрағасы В.Жириновскийге Ашық хат жазып, семсермен жекпе-жекке шақырды.

1994 ж. АҚШ-та Демократиялық партиясының жиынында Н.Назарбаевтің авторитарлық жүйесін сынап сөйледі.

1995 жылы ақпанда Брюссельдегі «Ұлтаралық қатынас туралы» конференцияға қатысты. (1997 жылы Меккеге қажылық сапарына барып қайтты).

2008 жылы 2-сәуірде Тибет халқына жасалған Қытай репрессияларына наразылық білдіріп, әлем мемлекеттерінің Президенттері мен спортшыларын «Пекин-2008» олимпиадалық ойындарына қатыспауға шақырып Мәлімдеме жасағаны үшін «Қаламгер» баспасөз клубында соққыға жығылды.

2011 ж. Жаңаөзен қырғынына байланысты Алматы алаңында митинг, шеру ұйымдастырғаны үшін сотқа тартылып, мұражай директорлығы қызметінен шығарылды.

2017 ж. Астанада «Байтақ болашақ» ұйымы жиынында ҚР үкіметінен Қытайдың 51 кәсіпорындарын Қазақстанның  қай жеріне орналастырмақ картасын халыққа жария етуді талап етуге шақырды.

 

    Мемлекеттік қызметтері – 1972 жылдан Талдықорған, Алматы облыстарындағы мәдени-ағарту училищелерінде ұстаз, аудандық музыка мектептерінде директор, Қазақ КСР Мем.теле-радиосында редактор. 1998-2012 жж. Алматыдағы халық музыкалық аспаптары мұражайында директор. 2013 жылдан Спорт және туризм академиясында Гуманитарлық пәндер кафедрасында қызметте.

      Шығармашылығы: 300 жуық музыкалық ән, аспаптық, оркестрлік шығармалардың (оның ішінде «Түрк әлемінің әнұраны» (сөзі мен әуені), «Желтоқсаншылдар әнұраны»), 500 астам мақалалар мен сұқбаттардың, сатиралық шығармалардың, «Ереул атқа ер салмай...» (2000), «Зиялы кім, зиянды кім?», «Қазақ әні қалай космополиттенді» (2008), «Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық» (2013), «Русский язык древнетюркский» (2014), «Адамзат қайда барады?» (2015), «Тюрки на Востоке» (2018) кітаптарының, «Таңдамалы 100 ән» (2002) және аспаптық музыкалық шығармаларға арналған 6 жинақтың, «Хасен Қожахметовтың әндері» күйтабағының (1985), «Не іздейді көңілім?» үнтаспасының (2002), «Боз дала», «Шіркін, жайлау!»  компак-дискілерінің (2006) авторы.

(Отбасы: балалары:  Үміт (1970), Наурызбай (1975), Айжан (1993).

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер