Камиль Муллашев: Сүйімбике азаттық ескерткішіне айналады

2507
Adyrna.kz Telegram

Камиль Муллашев – гиперреализм жанрын Кеңес Одағына әкелген алғашқылардың бірі. Муллашев шығармалары күрделі стилистика мен жасырын сюжетпен ғана емес, философиялық шындықпен айшықталады. Таңдаулы жұмыстарының кейбірі Третьяков галереясында, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі сынды орталықтарда сақтаулы. Өнерсүйер қауымға декоративтік мәнері айрықша «Сүйімбике», «Ғабдолла Тоқай», «Бозоқ аруы» сынды айтулы туындыларды тарту еткен суретшінің астанадағы шеберханасына арнайы барған едік. Бұл жолы Сүйімбике ханшаның бір емес, бірнеше мүсін эскизін қатарластыра тізіп, қашап жатыр екен.

– Сіз бейнелеген «Сүйім­бике» сәні мен салтанаты ас­қақтаған, өр рухымен еңсесін биік ұстаған, әлдеқайда тік­теген сұлу жанарынан сы­нық көңі­лі қылаң беретін дә­уір­лі шығарма. Байқасақ, Сүйім­бике образы соңғы жыл­­дар­дағы шығармашылық ұсты­ныңызға айнал­ғандай.

– Сүйімбике халыққа жақсы­лығы көп өткен, парасатты ғана емес, білімді патша болған. Хан­­ша туралы жыр-дастанға, аңыз-әңгімеге қанығып өстім. Әке-шешем аңыз ғып көп айтатын. Үлкен Ноғай ордасының билеушісі болған Жүсіптің қызы. Әкесі Сүйімбикені Қазан би­леушісі Сафагерей ханға ұза­тып, Қа­зан хандығы саясатын жақсылыққа бұр­ғысы келеді. Ол кезде Мәскеу жа­ғы Қазан хан­дығын уысында ұстап тұр­ған бо­латын. Сүйімбике асқан сұлу еді, Сафагерей бір көріп ғашық бо­ла­ды. Күйеуі соғыста қайтыс болған, Сафа­герейден көрген ұлы Өтемісгерей Қазан хандығының мұрагері болып жарияланып, Сүйімбике баласының атынан билік жүргізеді. Мәскеуден қы­сым көр­ген орда төңірегінде сат­қындық жиілеп тұрған кез.­ Бытыраған халқының басын біріктіріп, әскерін құрап Қа­­зан қаласын қорғаған соңғы би­­леушісі болды. Оның ұлтына, халқына деген сүйіспеншілігі әлі күн­ге дейін ел аузында. Мен де татар халқының бір ұлы ретінде 1997 жылы Сүйімбике портретін салып шықтым.

– Мына қашап жатқан жаңа мүсі­ніңіз де Сүйімбикеге арналыпты. 

– Қазір ала таңнан қара кешке дейін айналысып жатқаным осы. Өзіме ұнамай, жаңадан та­ғы бірнеше ноба­йын жасап­­ шық­тым. Сәулетті, сұлу болу ке­рек. Жұмыс аяқталған соң,­ тездетіп Татарстанға апармақ­­­шымын. Бүкіл татар халқы күтіп отыр. Алматыдағы Тәуел­сіздік монументі сияқты, бұйырса, Қазан­­ның қақ ортасына қойыла­тын азат­тық ескерткішіне айналады. Түркі халық­тарының ешбірінде Сүйімбикенің ескерт­кіші жоқ. Кім білсін, қарсылық білдірушілер тағы бел алып кетпесе, Татарстан президенті бар, мемлекеттік комиссиясы бар, қоюға құлшынып отыр.

«Сүйімбике» (1997 жыл)

– Тағы да деуіңізге қараған­да, жоба бұрын да ұсынылған ба?

– 2002 жылы Татарстан прези­денті Минтимер Шаймиев мүсінді қоя алмаймыз, құзыретім жетпейді деген. Бүгінге дейін Ресей бұл мүсінді Қазанға қою­­ға мүмкіншілік бермей­ кел­­­­ген-ді. Иван Грозный басқыншы­лығынан бұрын 100 жыл емін-еркін өмір сүрген Қазан хандығын тарихта болмағандай көреді. Сыңаржақтылық, мойындағысы келмеу бұрыннан, Кеңес кезінен бар үрдіс. Қазір аздап еркіншілік болып жатқан сияқты. Заман өзгерді ғой, халықта ақпарат көп.

– Тәуелсіздік аясындағы Мул­ла­шев әлеміндегі тұтас пор­треттер га­ле­реясы­ның ор­ны айрықша. Осын­дағы образ табиғатын ашуда қандай негіз­ге сүйен­діңіз?

– Бірнеше жыл бұрын елорда маңын­дағы ежелгі Бозоқ қаласынан қару-жара­ғымен бірге көмілген әйелдің мүр­десі табылды. Оның үстінде жібек жамылғы, басында дулыға тектес пішінде бас киімі болған. Сегіз жүздей ін­жу тастармен көм­керілген. Сол­ жауынгер әйелдің қаңқасын маған көрсетіп, бейнесін салып берсеңіз деп хабарласты. Осы­ны мен ескі шеберлердің әдісімен салдым. Артында ескі Бозоқ көрініп тұрады. Картина «Бозоқ аруы» (2018 жыл) деп аталды. Ал ең бір толғандырған жұмы­сым Ғабдолла Тоқайдың портреті (2012 жыл). Картинаға бес жыл бойы кірісе алмай жүр­дім. Тоқайдың шығар­машы­­лығы жан-жақтылығымен ерекшеленсе, өзінің тағдыры, өмір сүрген дәуірі заман­ның қиын тұсы еді. Сондықтан ақын, фи­ло­соф Тоқайды ғана емес, қысқа ғұмы­рында мол мұра қалдырып үлгерген қай­рат­кер тұлғасын көрсетуді мақсат еттім. Тәуекел етіп, жұмысқа кіріскен соң тоқ­тамай бір деммен салып шық­тым, өйт­кені ақын болмысын, тауқыметін жан-жүрегіммен сездім.

– Өнер иесінің бастан ке­шірген дәуірі шығарма­­­шы­лығында із қалды­рары анық. Балалық шағыңыз туралы айт­қанда ең алдымен есі­ңізге не­ ора­лады? 

– Менің балалық ша­­ғым Қытайда өтті, 19 жасыма­ дейін. Екінші дүниежүзілік со­ғыс­тың енді-енді бітіп келе жат­қан кезі. Бұл уақытта Қытай мен Кеңес өкі­метінің достық пейі­лі жақсы, мамыражай тұс. Үрімжіде тұрғанына қа­­ра­мастан, әкем «Правда», «Огонек» сынды газет-журналдарға жазылып, КСРО-да, Қазақстанда бо­лып жатқан жаңалықтардан үнемі хабардар болып отырдық. Жалпы суретші болудың ал­ғышартын отбасымнан көріп өс­тім. Мектепте де қолым қалт ете қалса сурет салумен айналыстым. Әкем су­рет салған, атақты каллиграф. Зама­нында маңызды кәсіп саналатын еді. Осы өнерімен Үрімжідегі аз ғана сыйлы адамдардың бірі болды. Шешем де көзіқарақты, сауатты кісі еді. Әйелдер гимназиясында мұғалім бола жүріп, Қытайдағы сауатсыздықты жою нау­­қа­нына атсалысты. Қатарынан бес жыл бойы Бүкілқытайлық халық өкіл­дері құрылтайына депутат ретінде шақы­рылды. Мао Дзэ Дунның өзі Бейжіңге шақыртып, үш мәрте орденмен марапаттады. Беделі мықты еді. 1961 жылдары Қытайда жаппай анархия белең алып, отбасымыз елге, атақонысқа оралуды ойластыра бастады. Негізі екеуінің де түп-тамыры Семейден. 1930 жыл­дардағы аштық пен қуғын-сүр­гін кезінде Аягөз арқылы Шың­жаң асып кеткен екен. Сондықтан мен өзімді толық еуразиялық адам санаймын: Қытайда тудым, Мәскеуде білім алдым, Қазақстанда бақуатты өмір кешіп, өнерімді өрістеттім.

– Өзіңізге тікелей тәлім берген тәжі­рибелі педагогтардан кім­дерді айтасыз?

– 1967 жылы Н.В.Гоголь атын­дағы Алматы көркемсурет учи­лищесіне түсіп, театр сурет­шісі мамандығы бо­йынша оқы­дым. Басқаларға қарағанда озық болып, бес жылдықты үш жылда бітіріп шықтым. Сол кездегі Ақ­рап Құдайбергенұлы Жұбанов де­ген біздің құрметті директорымыз мені Ленинградтың И.Е.Ре­пин атындағы кескіндеме, мү­сін және сәулет өнері институтына оқуға жіберді. Пәтерде жүрген кезім еді, әуелі әке-ше­шемді орнықтырып тастайын­ деп 2-3 жыл жұмыс істеп, үй­ салдым. Сөйтіп 1972 жылы Ленинградқа, қазіргі Санкт-Петербургке оқуға бардым. Қала өте суық, үйренісу қиынға соқты. Күн­нің көзін көрмегеннен кейін көзім ауы­ратынды шығарды. Ақы­ры В.И.Суриков атындағы Мәс­кеу мем­­лекеттік көркемөнер инс­титутына ауы­сып алдым. Пи­тер­де академизмді қат­ты ұс­танса, мұнда бұрыннан келе жат­­қан ер­кіншілік бар. Маған өте жақ­сы болды. Салған суреттеріме қай­­­­­­ран қалған профессорлардың өз­дері қайбір жұмыстардан босатып жі­беретін. Онда Таир Са­лахов деген бүтін дүниеге әйгілі академиктің қолынан оқыдым. Ол уақытта «қатаң стильдің» кезі, яғни күнделікті өмір тынысын, халықтың қара жұмысын бейнелеу керек. Кен қазушылар мен колхозшыларды, сауыншыларды жаппай салдық. Ал мен осыған қарсы болдым. Нәзіктік пен та­за­лыққа құштар едім. Сөйтіп жү­ріп гиперреализм бағытына жақындадым. Бұл шындықты шындықтан да асыра көрсету деген ұғымға саяды.

– Бұл уақыт сіздің атағы­ңызды бүкіл Одаққа әйгілейтін реалистік мәндердегі туынды­ларыңызды жазып жүрген шақ­тарыңыз ғой.

– Иә, «Таң» (1976) деген жұ­мы­сыммен Мәскеуде өткен Бүкілодақтық көрмеге қатыстым. Оқып жүрген сту­денттің Одақ деңгейіндегі көрмеге қа­тысуы институт тарихында бұрын-соң­­ды болмаған. Жұмысым сон­­дағы академиктерге ұнады. «Жер және уа­қыт. Қазақстан» триптихі де осы қатарда туған дүние. Мұны көрме кезінде Третьяков галереясы сатып алып, бірнеше рет басылып шықты. Мұның барлығы Қорғалжынның ма­­ңайы­нан тапқан суреттер. Күн ұзақ қой бағып, кешке өрістен келе жатқанда алдыңнан неше мың­даған киіктердің ота­ры өріп шығатын. Киіктің көптігі сонша, колхоздың қойынан асып кететін. Кең далаға жайылған те­легей теңіздей еді. Аспан. Да­ла төсіндегі толқындай тербел­ген жусан. Сол теңізде дельфиндей асыр салған киіктер. Осы­лардың арасында өз бақытын із­деп сапарға аттанған жолаушыдай дала кездім.

– Мұндай аяқасты келген таны­мал­­­ды­лықты қасыңыз­­дағы­лар қалай қа­был­дады?

– Достар көп болды. Ал шығар­ма­шылықта әманда жалғызсың. Көре алмағандар да аз емес. Қол­дап-қоштап, қуанғандар да бар­шылық. Қазір де сондай. Жердің түбі Камчаткаға барып «Мен Муллашевпін» десем танитындар табылады.

– Ұстазыңыз, академик Таир Салахов соцреализмнің негізін қалаған суретші ретінде даңқы шықты. Осы тәрізді сіздің ғана қолтаңбаңызды айшықтайтын қандай сұңғат техникасын айта аламыз?

– Көп жағылым – майлы бояу техникасының басты ерекшелігі. Яғни, кенеп бетіне бояуды қабаттай келе, бірыңғай теп-тегіс етіп шығарамыз. Осындай стилистикамен «Сүйімбике» (1997 жыл), «Мейірім шуағы» (2000 жыл), «Ақын Сара» (2002 жыл) секілді жұмыстарымды салып шықтым. Табиғатқа шыққанда импрессионизмнің қою реңкін пайдаланғанды жақсы көремін. Қай бір жұмыстарымды жазбай, шала қалдыратыным бар. Негізінен мақсатыма байланысты. Кез келген аспапта ағылып ойнап тұратын шебер музыкант сияқты менің де қолданатын әдіс-тәсілдерім алуан түрлі. Көбінде әр түрлі идеямен еркін жұмыс істегенді ұнатамын. Кейінгі жастар бір тәсілді үйреніп алып, сол үрдіспен адамды да салады, табиғатты да салады. Бірақ мұндай әдісті кезінде Қытай, Еуропа суретшілері де кеңінен қолданған. Мәселен, қытай суретшілері бір жапырақты мың рет салып, ішінен біреуін таңдап алады. Десе де бұл – түбінде үлкен шеберлікке алып баратын дүние.

– Ал композиция табу, сюжет іздеу­де қандай ізденістерге бар­дыңыз?

– Оның жолы көп. Бір тақы­рыпты әртүрлі жолмен ізденесің. Тарихи, реа­лизм, портрет, классицизм, авангард бойынша түрлі тақырыпта іздендім, істедім. Қазіргі жұмыстарымның бағыты тіпті бөлек. Мені танытқан жұ­­мыстарым өмірден алынған, ар­ман қылып іздеген, сезім тасасында жатқан сындарлы көз­­­қарас­тан туып, тез сызбалар ар­­қы­­лы салынған шығармалар. Қиял­дан­ да шығаруға болады. Ал тарихи тақы­рыптар үшін іздену барысы тіп­ті бөлек. Мәселен, Абылай хан мен Жәні­бек-Керей образын этнографиялық ыңғайда тарқату үшін ішкі сезіміңе ден қоясың. Өйткені ешқандай нұсқаулық жоқ. Қаншалықты көп ізденсең, сон­­шалықты мазмұны тереңдей түседі.

– Француз, неміс, италия­­лық су­рет­ші­лер­дің шығарма­шы­­лы­ғыңыз­ға елеулі ықпал ет­кенін айтасыз.

– Орта ғасыр суретшілерін, әсіресе мынау XX ғасыр ба­­сын­дағы кубизм, импрессионизм өкілдері – Пикассо, Пол Гагенді өте жақсы көрем. Сол қатардағы суретшілерден Анри Матисстен үйрен­дім, таныдым.­ Профессорымыз Салахов «Еш­кім­ге бағынып, ықпалында кетпе. Аз болса да өз сөзіңді айтып қал», дейтін. Бір суретшілер болады, біреулерді Құ­дай­дай көріп, табынып жататын. Ол – жақсы нәрсе емес.

– Казимир Малевичтің «Қара квад­раты» әркез айтылып келеді. Бұл картинаны сіз қа­лай түсіндірер едіңіз?

– Малевич өз дәуірінде үлкен жа­ңалық болды. Ол квадраттың ішінде ештеңе жоқ, қара бояу ғана. Мәселе, ең бірінші болып «Міне, өмір осындай болады» деп айта алуында. Үлкен мағыналы дүние. Сол тәрізді Па­риждегі Жорж Помпиду му­зейінде биіктігі 8 метрлік картина бар. Көрдім, ештеңе жазылмаған аппақ кенеп қана. Соның алдына келген ел-жұрт өзінің ойын ақ құбылыстан іздейді. Пикассоны да салу қиын емес, тек қайталап сала аласың. Бірақ қайталау – өнер емес. Малевич өз кезіндегі талантты суретші, тарихта Малевич болып қалды. Соны сән ретінде қайталап, көтеріп жататындар бар. Қара квадратта ешқандай құпия жоқ. Малевичтің квадратынан соң, кубизм біздің өмі­­ріміздің сан саласында көрініс тап­ты. Қазір хай-тек мағынасы өзгеріп, 100 жыл дегенде кубизм стилистикасы біртіндеп кетіп бара жатыр. Бірінші болып жасай алсаң, сол сенің даңқыңды асырады. Өнер осындай даралықты сүйеді.

– Дегенмен сол 70-80-жыл­дар­дағы шығармаларыңыздан өзіндік қолтаң­ба, ерекше ұқып­тылық байқа­ла­тын­дай.

– Қазақстан бейнелеу өне­рі­нің көш басында тұрған Әубәкір Смаи­­­лов, Әбілхан Қастеевтерді түгел көрдім. Са­лихитдин Айт­баевтар­мен бірге жұмыс істедік. Айша Ғалым­баева­мен өте жақын ара­ласып тұрдық. Абайды қаша­ған Хакімжан Наурызбаев, дү­ние­ден ерте өтіп кеткен Ма­қым Қи­са­мединов қандай жі­гіт еді. Оның «Махамбет» (1973) топтамасы – гра­фика­­лық шығар­ма­ларының ең төресі. Өте мәде­ниетті, зиялы жан болды. Алдыңғы толқын ағалардан үй­рене жүріп, ғылымдағы, мәде­ниеттегі орасан зор өзгерісті аң­дай білдім әрі романтикалық лирика арқылы жеткіздім. Шығармашылық, пластикалық тұрғыдан қазір де маңызын жоғалтқан жоқ. Кеңес Одағында бірінші болып гиперреализмді аштым. Ол кезде бар болғаны 32-33 жас­тамын. Ат­басар, Қарағанды жақтағы колхоздарды аралай жүріп, шопандар өміріне қатысты жұмыстарды әкелдім. Бұл жұмыстардың бар­лығы замана шындығын, тынысын көрсететін туындылар. Қойшылардың да адам екенін, жер иесі екенін, оларға да ерекше назар аударылуы тиіс екенін мақсат етіп салынған картиналар. «Казахстанская правда» газеті «Совет шо­панын неге бей­шара етіп көрсетесіз? Совет шопанының қолында домбырасы бар, әрдайым көңілді жүруі тиіс», деп жазды. Одан кейін 90-жылдар мүлдем қиын болып кетті. Осы кез­де шебер­ханамнан шықпай, ерекше тақы­рыптармен жұмыс істедім.

«Уақытпен ұшу», (2017 жыл)

– Сол аумалы-төкпелі ке­зең­де туған шығармалары­ңыз­ға тоқталайықшы. 

– Бұл жұмыстардың барлығы серия­лы, жалғасты дүниелер. Негізгі идея­сы адам мен табиғат тепе-теңдігін көк­­­сейді. Шет мем­лекеттерге көп са­тыл­ды. Та­рих­пен, символизммен, түс­те көрген, ақылдан сырт ойларды мүм­кіншілігің жетсе салуға болады. Қазақ­стан тәуелсіздігін алған соң бұрын ай­тылмаған қазақ тарихы, портреті, көзқарасы жазыла бастады. Мен де сол кезде кірісіп, Абайдың, қазіргі әртіс­теріміздің, Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұлтан Әбішұлының портреттерін салдым.

– Мына сол қапталымызда ілініп тұрған картина сіздің Сирия, Ауғанстанға барған атышулы сапарыңыздағы қолтаңбаңыз сияқты.

– Кеңес кезінде шетелге әркім шыға алмайтын. Мен алты жылдай Бүкілодақтық суретшілер одағының комиссиясының басшылық құрамында болдым. Бір күні «Муллашев, бір тапсырма бар. Өте маңызды» деп шақырды. «Қайда барамын?» десем, «Сирияға» дейді. «Соғыс болып жатқан жоқ па?» десем, «онда тұрған не бар?» деп күледі. Сирияны әкемнің айтуымен білетінмін. «Өнер тарихы» деген үлкен альбомнан ежелгі Грекияны, Сирияны көрсетіп, әңгімелеп беретін. 1914 жылы Меккеден қайтып келе жатқан атам сондағы Шам қаласында өмірден өткен екен.

Таныс та бейтаныс Сирия сапары бірден қызық көрініп кетті. Бізді өте жақсы қарсы алды. Онда әрбір қадамың тұнған тарих – Александр Македонский кезінен тартып, бұрынғы шумерлердің ескерткіштері, музейлері толған. Сол жерден христиан мен мұсылман жұртының тату достығына куә болдым. Шіркеуі мен мешіті бір тамға жапсарлас соғылған. Бір-бірінің дәмханаларына емін-еркін кіріп, шай ішіп жүре береді. Сауд Арабиясы, Пәкістанға қарағанда бостандық бар. Қыздар да күндіз бетін бүркемей, ашық жүреді. Мен сияқты жас суретшіге талас-тартысқа толы өте қызық сапар еді.

«Пальмираның триумфалды аркасы», (1978 жыл)

Ежелгі рим сәулетімен даңқы шыққан Пальмирада үш күн болдым. Сіз көрсетіп отырған картинаны сол сапарда 1978 жылы салғам, тарихи еңбек. «Пальмираның триумфалды аркасы» деп аталады. Соғыстан соң бұл ескерткіштің қирандысы ғана қалған, жартысы жоқ. Сол сапарда бақандай 17 қаланы араладым, бірақ атамның қабірін іздеп таба алмадым. Ол кездегі тастар жуылып кеткен екен, құран бағыштап кері қайттық. Бұдан соң Ауғанстанға жолға шықтым. Мың жыл бұрынғы дамымаған қалпында қалып қойған ауған елін көргім келді. Бұған дейін кеңес адамының аяғы тимеген жерлерге барып, машинадан шықпай сурет салдым. Әскерлер мені қорғап жүрді.

Сол барған жерімде мені үш рет Құдай сақтап қалды. Бір рет, мен жүріп өткен жолда менің дәл артымда келе жатқан қыз танк минасына тап болды. Волейбол ойнайтын алаңға көміп қойған екен, мен институтқа кіре бергенімде жарылды. Одан кейін бізді пионерлер үйіне алып барды. Біз шыққан соң 15 минуттан соң әлгі оқу орнына бомба тасталды. Бар болғаны 500 метр ғана аулақ кеткен едік. Қандай аянышты. Үшінші рет, білместікпен жалғыз өзім сыртқа шығып кетіп, жиырма шалма ораған ауғандарға ұсталып қалдым. 50-дей адам жабыла кетті. Өлген жерім осы екен деп ойладым. Жаным қысылғанда «Әлхамдулилла мұсылманмын» деп саудыратып, құран оқи жөнелдім. Олар аңырап 3-4 минут тоқтап қалғанда, әскерлер келіп, аман алып қалды. Қазір қалайша қорықпай барып жүргеніме таң қаламын. Көзсіздік қой.

– Ал ең қымбатқа бағалан­ған туын­­­­­­­­ды­ңызды айта аласыз ба?

– Бұл енді коммерциялық құ­пия (күліп). Екі картинаны 70 мың, бір картинаны 50 мың АҚШ долларына сатқаным бар. Одан қымбаты...қайбір суретім шетелдік аукционда 150 мың АҚШ долларына бағаланды. Түгел классикалық жұмыстар.

– Атақты суретшінің бүгінгі жас шебер­лерге айтары бар ма? Бір әңгі­меңізде үйренемін деген талантты жас­­­тар болса, үй­ретуге даярмын деген едіңіз.

– Дарынды талапкер болса деп көптен іздедім. Ара-тұра екі-үш қыз-жігіт келіп тұрады маған. Қазір жастардың уақыты компьютерге, телефонға алданумен өтіп жатыр ғой. Көркемөнер саласында абдырап қалған жастар көп. Бір жағынан оларға анау айтқандай үлгі де жоқ. Көр­кемдік кеңес арқылы өткен көрмелер болғанда, жастар кәсіби суретшілерді таныр еді. Анда-санда бір болатын конкурстар түк те болмайды. Суретші болу үшін ең әуелі сезімталдық керек. Ол талантқа жата ма, біл­мед­ім. Экономистер, саясаткерлер ел жағдайын күні бұрын бол­жап жатса, суретші де нақ со­лай ішкі сезіммен уақыт тынысын көре алуы тиіс. Биыл мен 75-ке толамын. Осы жасыма дейін астананың архитектуралық жұмыстарында, көркемөнер саласында едәуір жұмыс істеп келдік. Күзде мерейтойлық үлкен көрмемді өткізсем деп жоспарлап отырмын.

– Мерейтойлық көрмеңіздің жаңа­лық­тары қандай?

– Астанада жиырмадан астам көрмем өтіпті. Үш көр­меме Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев қатысып, оң бағасын берген еді. Жұмыстарымның кез келген адам­ға түсінікті, қарапайым, ұғынықты бол­ғанын қалаймын. Тарихи мазмұнды ар­қау ете отырып, дәуір келбетін ашатын шығармалар тудыру үшін жұмыс іс­теймін. Көрмеде кейінгі жылдардағы ізденістеріме куә боласыздар. Осы рет­­­те жұбайым Роза Мұратбекқызына ал­ғысым шексіз. Ол кісі болмағанда су­ретшілікті жалғастыра алмай қалған болар едім. Оқып жүргенде танысып едік, оқуға кері әсер етер деп жү­ріп қалдым. Кеш үйлендік. Мінекей, со­дан бері біргеміз. Бақыттымыз. Бар­лық жұмысты бірге атқарып келеміз. Келім­ді, кетімді қонақ көп. Соның барлығын өзі реттейді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Ая Өміртай

«Egemen Qazaqstan»

Пікірлер