Құпия қадамдар. Депутат Назарбаевтардың халық ақшасына "Жусан банк" арқылы қол салып жатқанын жеткізді

3952
Adyrna.kz Telegram

Журналист, ҚР Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бәпи Қазақстан Республикасының үкіметіне, Ұлттық банк төрағасының атына ашық хат жолдады. Ашық хатта еліміздегі 9 банктің жабылу мәселесін көтеріп, "құпия түрде жүріп жатқан құйтырқылықтарды" сынға алды. "Жусан банк" арқылы халық қаражатының қолды болып отырғанын жеткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

 Депутат Ермұрат Бәпи халық қаржысының қалай "қаналып отырғанын" баяндады:
- Елде тоғыз банк жабылады деген ақпарат тарады. Әрине бұл хабардың түпнұсқасы Үкімет пен Ұлттық банктен шыққаны даусыз. Бір жағынан елдегі көдедей көп банкілерді қысқартқан да дұрыс шығар... Екінші жағынан, егер «9 банкті жабу» туралы бұл жаңалықтың «жаны» болса, оның ел экономикасы үшін мүмкін болар зардабы мен халықтық қазынаның есепке алынбаған шығыны турасында Парламент Мәжілісінің депутаттарын ақпараттандыру қажет болады...
Бірақ инсайдерлік ақпарат көздері арқылы маған біраз жәйт белгілі болды. Оның үстіне, «Жусан банкке» қатысты тарих тарқап біткен жоқ. Қалай десек те, заңсыз төленген жүздеген миллион доллар дивидендтер елге қайтарылуы тиіс, - деді ол.

Тоқаев үкіметін Назарбаевтардың түрлі жолдармен бопсалап отырғанын жазды:

- Менің ойымша, «Жусан банкінің» төңірегіндегі барлық жұмбақ жағдайлар және 9 банкінің кенеттен жабылуы «Кітапхананың» бұрынғы лас тарихын жасыру әрекеті мен болашаққа миллиондаған доллар қор жинақтап алудың амалынан басқа ештеңе емес. Президент Тоқаевтың әкімшілігін халықаралық арбитраждық соттар арқылы «қорқыту» – анығына келгенде, Назарбаев қоры мен Ұлттық қордың нақты тонаушыларын жасырып қалудың айла-әрекеті. Бұл – бос әурешілік!
Депутат қыруар қаржының жалған шетелдік псевдо-инвесторлардың есеп-шоттары арқылы Назарбаев әуетіне аударылғанын айтты:
- Себебі – бұл миллиондар жалған шетелдік псевдо-инвесторлардың есеп-шоттары арқылы Назарбаевтың нақты отбасы мүшелері мен қоластындағы жақыбайлардың есеп-шоттарына аударылған ("Жусан банкті" қолдану арқылы). Бұл экс-президенттің қыздары мен күйеубалаларына, жиендері мен немерелеріне жұмыстан шығу төлемақысы (выходное пособие) сияқты болды да шықты. Ең бастысы – осы схеманың барлығын ойлап тауып, жүзеге асырған Кәрім Мәсімов үшін бұл «КНБ»-ның тергеу абақтысынан төленген ақы болды.
Кейіннен бұл жағдайға қатысты мандытып жауап бермей отырған Үкіметті сынады:
- Бұған дейін сіздер депутаттарға сырғытпа жауап берумен құтылып келдіңіздер. Бұдан былай олай болмайды, мәселен, мен сіздерден келген әрбір жауап, егер ол сырғытпа және жалтарма болса, оны жалпақ жұртқа жария етіп отыратын болам, - деп жазды автор.
Cонымен қатар депутат Қазақстан байлығының негізсіз шетке сатылып кетіп жатқанын да сынады:

- Мәселен, халықтың көзін ала бере, үкімет елдің ең бір құнды активі – Степногор тау-химия комбинатымен бірге орасан зор уран кенішінің қолды болуына мүмкіндік берді. Бұл активтің құны бірнеше миллиард доллар еді. Ресейлік «Росатом» оны небәрі біржарым миллиардқа алды.

Осы сауда-саттықтан Қазақстан немесе, тым құрығанда, «Қазатомпром» қанша үлес ала алды? Нөл! Қазақтың уран байлығынан оны өндірген комбинат тесік тиын алмады! Бұл актив бүгінде Александр Клебанов пен оның ұлын, Дариға Назарбаеваны және оның күйеуін, балалары мен күйеубалаларын, Василий Анисимов деген әлдебір Хорватия азаматын байытып жатыр, - деді депутат.
Ашық хат соңында депутат үндеу тастап, халықтың несібесі жайын сөз етті:
- Құрметті Үкімет мүшелері, министрлер, мемлекеттік агенттіктер мен ұлттық корпорациялардың басшылары, олигархтар мен әкімшіліктің шенеуніктері!
Сіздердің кесірлеріңізден Степногор комбинаты мен қолды болған әлемдегі ең бай уран кенішінен қазақ халқы көк тиын пайда көрмеді! «Жусан» жалмаған және басқа банкілерге сіздер жұттырған бірнеше миллиард доллардан қазақ халқына ештеңе бұйырмады.
Біз бұны аяқсыз қалдырмаймыз! - деді депутат.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер