Министрдің өзі барса да. Қарағанды облысындағы балалардың неден уланғаны әлі анықталған жоқ

1902
Adyrna.kz Telegram

Қарағанды облысында балалар уланды. Олардың біреуі қайтыс болды, ал алтауы жансақтау бөлімінде жатыр. Балалардың неден уланғаны анықталған жоқ. Алғашқы тексеру кезінде Қарағанды облысындағы балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жеткіншектер тамақтан уланбағаны айтылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Орталықта болған балалардың неден уланғаны анықталмағаны жайлы Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова айтты.

«Кеше бізге Қарағандыда балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекемеден 12 баланың ауруханаға түскені туралы ақпарат келді. Бұл 12 балаға қазір белгісіз заттан улану диагнозы қойылып отыр, яғни уланудың нақты себебі белгісіз. Оны анықтауға уақыт керек», - деді А. Есмағамбетова Үкіметте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, 12 баланың арасында біреуі көз жұмды. Алты бала жансақтау бөлімінде, бес баланың жағдайы орташа ауыр.

«Себепті анықтау үшін уақыт қажет. 30 шілде кешке қарай балалар ауруханаға түсті, қалғандары 31 шілдеде келе бастады. Бұған дейін тамақтан уланған деген күдік болғанымен, бастапқы тексеру кезінде тамақтан улануға еш қатысы жоқ екені анықталды», - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай уланғаны белгілі болды. Оқиға орнына  Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың аттанғаны хабарланады.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер