Желідегі сәулелі сәттер. Мемлекеттік білім гранты иегерлері белгілі болды

1581
Adyrna.kz Telegram

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайтында мен әлеуметтік желілерінде білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды, деп хабаарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін 94 мың талапкер құжат тапсырған. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға артық.

Тағы бір ерекшелігі, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлінді. Педагогикалық, инженерлік, IT мамандықтарға және жаратылыстану ғылымдары бойынша Атырау облысына – 1500, Маңғыстау облысына – 1500, Ұлытау облысына – 300, Жетісу облысына – 300, Абай облысына – 500, Шымкент қаласына – 400, Түркістан облысына – 500 грант берілді.

Бір гранттық орынға ең үлкен конкурс «Стоматология» БББТ бойынша болды. Бұл мамандық бойынша 22 талапкер бір орынға таласты. Ары қарай «Халықаралық қатынастар және дипломатия» (14 адам), Құқық (11 адам), «Музыка мұғалімдерін даярлау», «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» және «Психология» (10 адамнан) болды.

Грантқа үміткерлер арасында балдар теңдігі жағдайында басым құқыққа ие болатын 20 мыңға жуық талапкер, олардың ішінде «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар. Сондай-ақ, гранттарды үйлестіру барысында әлеуметтік осал санаттағы балалардың квоталары ескерілді.

Жоғары оқу орындарына құжаттарды тапсыру 25 тамызға дейін жүзеге асырылады.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер