Ресей сайттары қазақстандықтарды соғысқа шақырып жатыр

1860
Adyrna.kz Telegram

Ресей Қазақстан азаматтарын интернет жарнамалар арқылы соғысқа шақыра бастады, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы Reutres агенттігіне сілтеме жасап.

Ресей тарапы "арнайы операция" деп атайтын Украинадағы соғысқа қазақстандық еріктілерді де тартпақ. Интернет тораптарындағы жарнамаларда Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік туларын қатар қойып, "Плечом к плечу" деген ұран көтеріле бастаған. Қиыр шығыстағы Сахалин аймағындағы Ресей қарулы күштеріне қызмет еткісі келетін еріктілерге бір реттік 495 000 рубль (2 286 900 теңге) өтемақы берілетіні, сонымен қатар, ай сайын 190 000 рубль (877 800 теңге) айлық төленетіні, мұнан да басқа жеңілдіктер көрсетілетіні жарнамаланыпты.

Бұл жайтқа қатысты Фокус басылымы "Қазақстан бұрынғы кеңестік республика екенін, Қазақстанда 3 миллионға жуық этникалық орыстар тұратынын, Қазақстан мен Ресей өзара өте жақын одақтас екенін, бірақ Ақорда Украинадағы Ресей қарулы күштерінің арнайы операциясын қолдамай отырғанын" жазған.

Бұған дейін мұндай жарнама Қазақстан тарапы Ресейге 2050 жылға дейін жалға берген Байқоңыр қаласының прокуратурасы сайтында да жарияланған болатын. Байқоңыр прокуратурасы қала тұрғындарын Украинадағы арнайы операцияға шақырып, еріктілерге 260 000 рубль (1 201 200 теңге) бір жолғы төлем төленетінін, бұдан да басқа жеңілдіктер жасалатынын ресми мәлімдеген. Артынша Байқоңыр қаласының әкімшілігі бұл бастаманы 2023 жылдың 7 ақпаны күнгі 46 қаулыға сәйкес жүзеге асырылып жатқанын, шақыртудың Қазақстан азаматтарына қатысының жоқтығын, жарнама Байқоңырда тұратын Ресей азаматтарына арналғанын айтып ақталды..

Қазыбек Дәуітәлі, заң ғылымдарының кандидаты:

- Ресей тарапының соғысқа Қазақстан азаматтарын шақыруы тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің заңына қайшы келеді. Әрине, көрші елдің біздің азаматтарды интернет арқылы соғысқа шақыратын жарнамаларына шектеу қою қиын. Сөйтсе де, біздің Сыртқы істер министрлігі аталған фактіге қатысты Қазақстан азаматтарын Украинадағы соғысқа шақырудың заңсыз екенін, қарулы қақтығысқа қатысқан барлық Қазақстан азаматтары қуғындалатынын, бұл жайт екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарға көлеңкесін түсіретінін ресми мәлімдеуі керек. Мәселен, ҚР Қылмыстық кодексінің 170 бабында жалдамалы әскерге тиым салынған. 171 бапта жалдамалыларды дайындайтын база құруға болмайтыны, ал 172 бапта шетелдегі әскери қақтығыстарға қатысуға мүлдем тиым салынғаны анық көрсетілген. Қазақстан 2014 жылдан бері бұл баппен бірнеше азаматты соттады. Олардың ішінде Ресей әскеріне қосылып, Украинамен соғысып жатқандар да, Украина қарулы күштері сапына қосылғандар да бар. Яғни, біздің мемлекеттің заңы бұл мәселеде екі тарапты да қолдамайтынын, Қазақстан заңы шетелдегі соғысқа қатысқандардың бәрін бөліп-жармай жазалайтынын байқатты. Әрине, Украинадағы қарулы қақтығыстарға қатысқан он бестей адам сырттай сотталды. Олар қазір ел аумағына кіре алмай жүр.

Заңгер Қазыбек Дәуітәлі Байқоңырды жалға беру туралы шартты екі елдің Парламенті қайта қарап, онда жалға беру мәніне кіретін және кірмейтін мәселелерді анықталуы қажеттігін айтады. Заңгердің ойынша, Ресей Байқоңырды ғарышты игеру үшін жалға алып отыр. Яғни, Байқоңырды жалға алудағы мақсатына қала тұрғындарын соғысқа шақыру мәселесі кірмейді.

"Байқоңыр прокуратурасының таратқан ақпаратына қатысты кесімді ой айту қиын. Қазақстан бұл қаланы Ресей мемлекетіне 2050 жылға дейін жалға берген. Ол қалада қос үкімет салтанат құрып тұр. Қала тұрғындары Ресей заңдарына бағынады. Бірақ, ол жерде Қазақстан азаматтары да тұрады ғой. Мұндай "қос үкіметтілік" статусы бар (солай деуге келсе, әрине) қала әлемнің бірде бір елінде жоқ. Сондықтан, Байқоңыр қаласындағы Қазақстан азаматтарының құқығының қорғалуына мемлекетіміз мүдделі болуы керек. Меніңше, қаланың прокуратурасының сайтында жарияланған жарнаманы Ресей тарапы өз азаматтарының жеке мекен-жайына жолдағаны дұрыс болар еді. Жалпы адресатқа жолданған хабарды Қазақстан азаматтары да оқитынын, бұл біздің заңнамаға қайшы екенін олар ескермей отыр" дейді заңгер.

Ал, саясаттанушы Дос Көшім ресейлік сайттардағы жарнамаларды арандатушылардың әрекеті деп бағалайды. Ресей тарапы ресми мәлімдеме жасап, Қазақстан азаматтарын Украинадағы соғысқа шақырып жатса, "онда әңгіме басқаша болар еді" деген пікірде.

Дос Көшім, саясаттанушы:

Мен бұл жайтты қарапайым арандатушылық деп қараймын. 2014 жылға дейін біздің Қылмыстық кодекстегі заңымыз бойынша шетелдегі қарулы қақтығыстарға ақша  табу мақсатында соғысуға болмайтын, егер саяси көзқарасына қатысты өз қалауыңмен соғысқа барса, оған шектеу қойылмайтын. Бұл заң көптеген азаматтарымыздың Сирия еліндегі соғысқа кетуіне жол ашты. Еліміздегі заң орындары осының алдын алу үшін Қазақстан азаматтарының жалпы шетелдегі әскери қақтығыстарға қатысуға біржола тиым салуға мәжбүр болды. Демек, бұл заң бәріне қатысты. Біздің мемлекет Украина аумағына соғысқа барған кез-келген азаматын қудалауға құқылы. Қазақстан мемлекеті халықаралық шарттарға сәйкес өзге елге әскер жібере алады. Ал, жеке азаматтың өзге елдің Қарулы күштерімен келісім-шарт жасасуға құқы жоқ.

Саясаттанушы сарапшылар Ресей тарапы Қазақстан аумағында мұнан да басқа астыртын шақыртулар болып жатуы мүмкін екенін айтады. Олардың айтуына қарағанда, бұл Ресей билігінің тынысының тарыла бастағанын білдіреді. Ресей Қорғаныс министрлігі 2022 жылдың 21 қыркүйегі мен 31 қазан аралығында мобилизация жариялап, 318 000 азаматты әскер сапына алған болатын. Енді, қайта мобилизация жариялауға Путин билігінің жігері жетпейді. Себебі, 2024 жылдың 7 мамыры күні Ресейде президенттік сайлау өтпек. Кремель халқының наразылығын өршітіп алмау үшін сайлауға дейін өз азаматтарын жаппай әскерге шақыра алмай мысы құрып отыр. Сондықтан да, олар Қазақстан секілді этникалық орысы көп елдердің азаматтарын ол мемлекеттің ішкі заңдарын елемей, қызыл-жасыл жарнамамен қызықтырып көрмек. Бұл қадамның нәтижелі боларына сенім аз!

Қанат Бірлікұлы

Adyrna.kz

Пікірлер