Тоқаевқа хат: "Аудан әкімін сайлау рушылдықты өршітіп жіберуі мүмкін"

6975
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Түркістан облысының белсендісі, журналист Дәурен Әбдіраман алда болатын аудан әкімдерінің сайлау шарасы оңтүстік өңірде ру аралық жанжалдарды ушықтырып, рушылдықты өршітіп жіберуі мүмкін екенін айттып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазды, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылымдағы ҚР Парламентінің бірінші сессиясының ашылу салтанатында биыл елімізде алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтетінін мәлімдеген болатын. Әкімдері сайланғалы отырған 45 ауданның 4-і Түркістан облысына тиесілі. Олар: Шардара, Мақтаарал, Созақ, Бәйдібек аудандары.

Белсенді Президентке жазған хатында Қазақстанның трайбализм дейтін дерті жемқорлықтан асып түспесе, кем түспейтінін, қазір білімді, білікті, тәжірибелі маман болғаннан гөрі ағайынға сыйлы болғанның жолы ашық екенін, бұған кешегі өткен мәслихат сайлауы әбден дәлел бола алатынын айтады.

Журналисттің ойынша, қолында не бюджеті, не жалақысы жоқ мәслихат депутаттығына қырылысқан ағайын өз алдына жеке бюджеті бар аудан әкімін сайлайтын болса, тіпті бел шеше күреседі-міс. Дәурен Әбдіраман: "Мұндай мүмкіндікті әр рудың ақсақалдары құр жібермейді. Олар өз руласын әкім ету жолында білімді де білікті мамандардың жолын кесіп тастайды" дей келіп, мысал ретінде Шардара ауданындағы ахуалды баян еткен.

Белсенді: "Шардарада 85 мыңның төңірегінде халық тұрады. Шардараның экономикалық көрсеткіштері жаман емес. Былтыр құны 1,7 млрд теңгені құрайтын жаңа 10 инвестициялық жоба іске асырылып, 118 жаңа жұмыс орны ашылған. Биыл 3,6 млрд теңгеге 7 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Шардара ауданы алдымен су қоймасымен танымал. Шардараның балық өнімдері Еуропаға экспортталып жатыр" деп ауданның бірқатар жетістіктерін тізіп шығып, Шардарада орта жүздің қоңырат тайпасының Байлар-Жандар руы өкілдері көп тұратынын, одан кейінгі саны көп Алғилар болып есептелетінін, мұнан өзге Адайлар, Құлшығаштар, Борайлар да бар екенін, ал қазіргі аудан әкімі Қайрат Жолдыбай Қоңыраттың Оразгелді руынан шыққанын, сайлау бола қалған жағдайда Шардараның іскер әкімі рушылдықтың кесірінен қайта сайлана алмай қалуы мүмкін екенін жеткізген.

"Адырна" порталының тілшілері Президентке хат жазған белсенді Дәурен Әбдіраманға қоңырау соғып, "Рушылдықты мысал ете отырып, қазіргі Шардара ауданының әкімінің сөзін сөйлеп отырған жоқсыз ба?" деген сауал жолдады.

Дәурен Әбдіраман, журналист:

- Шардара ауданының әкімін жұмыс барысымен өмірде екі-үш рет қана көрдім. Іскер маман ретінде сырттай құрметтеймін. Оңтүстіктегі рушылдықтың қандай екенін өз ішінде жүрген адам болмаса, сырттағылар біле бермейді. Қазірдің өзінде аудан әкімдерін сайлау рулар арасындағы жанжалдың бастаушысы болатыны байқалып тұр. Президентке хатты әр ру өз кандидатурасын ұсынып, өзара қырықпышақ болмаса деген оймен жаздым. Рушылдығы асқынып отырған оңтүстік өңірде аудан әкімдерінің сайлауын өткізуді тоқтата тұру керек сияқты. Себебі, Шардараның елу пайыз халқы Байлар-Жандар руының өкілдері. Сайлау өте қалған жағдайда бұл ауданға қандай білімді, іскер азамат кандидатурасын ұсынса да, руы сәйкес келмесе, әкім бола алмайды деген сөз. Сондықтан, өңірдегі рушылдықты өршітпей, ешкімді жік-жікке бөлмей бұрынғыдай облыс әкімдері білікті мамандарды өздері тағайындай бергені идеологиялық тұрғыдан дұрыс болар еді. Ал, енді Шардараның бүгінгі әкімі сайлана ма, сайланбай ма, маған бәрібір. Тек іскер әкімді мысал еткенім болмаса, ол кісі менің руласым да, жерлесім де емес.

Оңтүстіктің тағы бір белгілі журналисі Тұтқабай Фазылбек атты азамат "Дәурен Әбдіраманов көтеріп отырған мәселе жалғыз Шардараға тән десек, қателесеміз. Бұл - бүкіл қазақ жұртының басында бар жағдай. Мәселен, Шардарамен іргелес жатқан Мақтаарал ауданын алайық" дей келіп, ауданның қазіргі басшысы Бақыт Асановтың аса тәжірибелі маман екенін, Сардоба су қоймасындағы апат кезінде оның біліктілігін бүкіл Қазақстан жұртшылығы көргенін, бірақ руы Шапырашты болғандықтан аталған мақтаулы әкімнің де сайлаудан жеңе алмай қалу мүмкін екенін мысалға келтірген. "Ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына осынша үлес қосқан Бақыт Насырханұлы бір-ақ күнде Мақтааралға бөтен болып шықпай ма?!" дейді ол.

Аудан әкімдерін сайлау - демократиялық қоғам құруға жасалған талпыныс. Бірақ, сол талпынысқа қоғам дайын ба? Рушылдықтың деңгейінен көтеріліп, ұлтты, мемлекетті ойлайтын дәргейге жеттік пе? Әрине, бұл сұраққа жауап беру қиын!

Қанат Бірлікұлы

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер