Абайды ардақтаған Америка

5779
Adyrna.kz Telegram

(Осыдан алпыс бес жыл бұрын Солтүстік Каролина штатында жарық көрген бір ғылыми еңбек туралы)

1958 жылы Америка Құрама Штаттарының Дьюк университетінің баспасынан «The Oral art and Literature of the Kazakhs Of Russian Central Asia» («Ресейге қарасты Орталық Азия қазақтарының ауызекі сөз өнері мен әдебиеті») деген кітап жарық көрді. Бұл зерттеу еңбектің авторы – АҚШ-тың славянтанушы және семиотик ғалымы Томас Густав Виннер.

Аталған кітапта қазақ әдебиетінің ауызекі нұсқаларынан бастап өткен ғасырдың елуінші жылдарының орта шеніне дейінгі шығармаларға жан-жақты талдау жасалды. Америкалық ғалым сөз өнеріміздің жәдігерліктерін белгілі бір тақырыптар аясында зерделеп қана қоймайды, оның өзіндік ерекшелігін де атап көрсетеді.
Автор батырлар жырлары мен ертегілер, ақын-жыраулар мұралары, зар заман ақындарының өлең-жырлары жөніндегі ойларын айтады. Әдебиетіміздің тарихына қатысты нақты көзқарасын білдіреді. Кітабының алғы сөзінде ғалымның өзі:

«Айналымға қосылатын барлық түпнұсқа туындылар мұқият тексерілді, бірақ осы еңбек жазылып жатқан уақытта Кеңестер Одағының өзінде жан-жақты зерттеу жүргізуге мүмкіншілік болмады. Сол себепті менің қазақ әдебиеті мен сөз өнерінің өзіндік эстетикалық құндылықтары туралы қандай да болсын, кесімді пікір айта аламын деген ойым жоқ. Одан гөрі мен әлеуметтік көзқарасқа ден қойдым», – деп атап көрсетеді.

Мұхтар Әуезовтің «Америка әсерлері» атты очеркінде сол тұста Колумбия университетінде қазақтың батырлық жырлары және олардың өзге эпостармен жалғасы туралы магистрлік диссертация қорғалғаны жөнінде баяндалған. Біздің топшылауымызша, бұл зерттеудің Виннер еңбегіне қатысы болуы әбден мүмкін. Біріншіден, автор кітабының жарық көрген уақыты Мұхаң айтқан мезгілмен тұспа-тұс келеді. Екіншіден, Виннер аталған кітабының алғы сөзінде ұстазы, Колумбия университетінің славян тілдері және әдебиеті кафедрасының профессоры Эрнест Дж. Симмонсқа алғыс айтады. Үшіншіден, Мұхаңның АҚШ-қа сапарынан екі жыл бұрын сол елде жарық көрген қазақ әдебиетіне қатысты бұл еңбек оның назарына түспеуі мүмкін емес.

Автордың айтуынша, зерттеу 1947-1948 жылдары ойластырылып, Америка ғылыми қоғамдары кеңесінің екі мәрте жәрдемінің арқасында жүзеге асырылған. Ғалымның Еуропадағы ізденістеріне Форд қоры көмегін тигізген.

Қазақ халқының әдебиетіне сонша құмартып, арнайы кітап жазған Томас Густав Виннер деген кім еді? Ол 1917 жылы 3 мамырда Прагада дүниеге келген. 2004 жылы 20 сәуірде Америка Құрама Штаттарының Массачусетс штатында, Кембридж қаласында қайтыс болды. Ол – сондай-ақ, Лев Толстой, Иван Тургенов және Антон Чехов шығармаларын жан-жақты зерттеген ғалым. Виннердің «Толстойдың Ясная Полянадағы шәкірттерінің шығармашылық жұмыстары», «Чехов және оның прозасы», «Чеховтың «Шағаласы» және Шекспирдің «Гамлеті», тағы басқа ғылыми монографиялық еңбектері жарық көрген. Жалпы, оның ғылыми еңбектері 6 тілде жарияланған. Браун университетінде Америкадағы тұңғыш семиотика орталығын ашқан.

Ол 1950 жылы Колумбия университетінде «Қазан төңкерісінің ерекше ықпалы аясындағы қазақтың ауызекі сөз өнері мен әдебиеті» (Kazakh oral art and literature, with special emphasis on the impact of the October Revolution) деген тақырыпта диссертация қорғап, PhD дәрежесін иеленген. Бұл зерттеу 1951 жылы баспадан шыққан.

Томас Густав Виннердің «Ресейге қарасты Орталық Азия қазақтарының ауызекі сөз өнері мен әдебиеті» атты кітабы 1958-2002 жылдар аралығында 17 рет қайта басылған. Демек, бұл кітапқа үнемі сұраныс болды деген сөз. Сондай-ақ ғалымның осы еңбегі WorldCat жүйесіне кіретін әлемнің 421 кітапханасында сақтаулы. Осыдан-ақ америкалық зерттеушінің қазақ әдебиетінің құндылықтарын дүние жүзіне танытуға қаншалықты үлес қосқанын бағамдай беріңіз.

Біз, осы жолдардың авторлары, 1995 жылы АҚШ-тағы Оклахома мемлекеттік университетіне тағылымдамадан өтуге барған сапарымызда оқу орнының кітапханасынан аталған кітапты іздеп тауып, көшірмесін елге алып келдік. Бірақ ол кезде автор туралы мәліметтер жоқтың қасы болатын. Ал оның сол тұста көзі тірі екендігінен мүлде бейхабар-тұғынбыз. Білгенімізде әдебиетімізді зерттеген америкалық ғалыммен байланыс орнатуға әбден болар еді.

Томас Густав Виннер зерттеуінің бір бөлігі Абай Құнанбайұлы шығармашылығына арналған. Жер түбінде жүріп біздің әдебиетіміздің жоқ-жітігін түгелдеген АҚШ ғалымы Абайдың қазақтың бас ақыны екенін жан-жүрегімен сезіне білгенге ұқсайды. Ол ақын мұрасының ұлт мұратымен сабақтас тұстарына айрықша көңіл бөледі. Дәстүрлі әлеуметтік танымның аясында талдау жасап отырса да, ұлы ойшылдың ішкі әлеміне үңілуге тырысады. Ғалым Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін орыс тіліндегі аудармасы арқылы түсініп-түйсінеді. Соған қарамастан, дала данышпанының ел тағдыры, ұлт болмысы турасындағы ойларын өз халқына қапысыз жеткізеді. Бұл зерттеудің өткен ғасырдың орта тұсында мұхиттың арғы бетінде басылып шығуын қазақ әдебиетінің өзге де құндылықтарымен қатар, Абайдың да АҚШ-та ардақталуының көрінісі деуге болар.
Ғылыми еңбектің осы үзіндісін ағылшын тілінен аударып, оқырманға ұсынып отырмыз.

Амантай ШӘРІП,
Бауыржан ОМАРҰЛЫ

* * *

Томас Густав ВИННЕР

ҮШ ДӘСТҮРДІ ҰШТАСТЫРҒАН

Қазіргі күні қазақтың өткен ғасырдағы аса ұлы ойшыл көсемі ретінде танылып отырған Абай Құнанбаевтың алдында өз халқына батыстың ілім-білімі мен әдебиетін жеткізу ғана емес, сонымен бірге ел-жұртына сол батыс мәдениетінің өзге де қырлары мен сырларын таныстыру ісіне жете көңіл бөлу міндеті тұрды. Абай өз еліне оқу-ағартудың ғана емес, сондай-ақ кең ауқымды әлеуметтік жаңғыртудың және халық мәдениетіндегі бағзы көзқарастарды қайта бағдарлаудың қажеттігін түсінді. Ол бара-бара өз заманындағы батысшыл зиялылардың мойындалған көшбасшысына айналды.
Абай дүниеге келерден аз ғана уақыт бұрын Ресей билігін қабылдаған көшпелі тобықты руынан шыққан ықпалды кісінің ұлы еді. Семейдегі мұсылман мектебіне (медресеге) оқуға түскен оның шығыс әдебиетіне ынта-ықыласының ертерек оянуына араб және парсы дәрістері әсер етті. Кейінірек ол орыс мектебіне ауысып, онда алғашқы поэзиялық туындыларын жазуға талпыныс жасады. Мұндағы оқуы оның әке мұрагері ретінде тәрбиеден өту үшін шаңырағына қайта шақырылуына байланысты үзіліп қалды. Ал бұл Абайды өз әкесінің билеп-төстеушілік ыңғайындағы пікірлеріне қарсы күрделі қақтығысқа ұшыратып, сол шиеленіс оның кейінгі шығармалары мен қазақ қоғамына деген сыншылдығына зор әсерін тигізді. Жиырма сегіз жасқа келген Абай өз отбасынан оқшауланып, орыс мәдениетін қайта зерттеуге кірісті.

Сол кездегі алдыңғы қатарлы қазақ ойшылдарының орташа білімімен салыстырып қарағанда, Абайдың білімі әлдеқайда кең ауқымды және жан-жақты болатын. Ол Шығыс әдебиетінен, атап айтқанда, араб, парсы және шағатай поэзиясынан жақсы хабардар еді. Ол Фирдоуси, Низами, Науаи, Бабыр және Хафиз секілді классиктерді терең таныды әрі өзінің алғашқы өлеңдерін осы көркемсөз шеберлеріне еліктеп жазды. Ол Табаридің, Рашид-ад-диннің, Бабырдың және Әбілғазының тарихи еңбектерін зерттеді, сонымен бірге ислам дінін жетік меңгерді. Мұнымен қатар, ол Ресей әдебиеті мен қоғамдық ойын да молынан игерді. Ол Е.П.Михаэлис, Северин Гросс, Нифонт Долгополов және Леонтьев сияқты жер аударылған революционерлермен жақын дос болды, бұл тамыр-таныстық оның орыс пен батыс мәдениетін зерделеуіне ерекше қозғау салды. Ол Пушкиннің, Лермонтовтың, Крыловтың, Некрасовтың, Салтыков-Щедриннің, Толстойдың туындыларын, сондай-ақ Белинскийдің, Добролюбовтің, Чернышевскийдің және Герценнің әлеуметтік-сыни жазбаларын құмарта оқыды; уақыт өте келе Лермонтовтың, Пушкиннің және Крыловтың кейбір шығармаларын өзінің ана тіліне аударды. Гетенің, Гейненің, Байронның өлеңдерімен, классикалық грек әдебиетімен және батыс ойшылдарының, оның ішінде Дарвиннің, Спенсердің, Спинозаның еңбектерімен орысша аудармалары арқылы танысты. Гете мен Байронның поэзиялық шығармаларын орысша аудармаларының негізінде қазақ тіліне тұңғыш тәржімалаған да Абай еді.
Қазақ, ислам және батыс мәдениетінен білімдарлығы Абайдың шабытына шабыт қосты, сондай-ақ ол өз шығармаларында осы үш дәстүрді ұштастыруға ұмтылды. Оның қадір-қасиеті тек либералдық-ағартушылық көзқарасынан және кең өрісті қарымдылығынан ғана емес, сонымен бірге өткір сыншылдық қабілетінен де білінді. Абайдың шығармалары қазақ өмірінің барлық саласын қамтыды; оның дидактикалық прозалық туындыларынан бастап лирикалық және романтикалық поэзиясына дейін алуан түрлі реңк пен бояуға толы. Зорлық-зомбылықтың, әділетсіздіктің немесе надандықтың бірде-бір көрінісі оның назарынан қағыс қалмаған. Ол әрі ағартушы, әрі гуманист әрі пәлсапашыл интернационалист болуымен қатар, ақын, прозашы әрі аудармашы ретінде де танылды. Оның ашықтан-ашық «батысшыл» болуы өз заманы үшін өте маңызды еді, себебі бұл кезде дала төрінде сыңаржақ ұлтшылдық белең алып, исламшылдық пен түрікшілдікке табанды бағыт ұсталды.

Адам ақылының қуатына деген гуманистік сенім – Абайдың өмірі мен шығармаларына тірек болған негізгі философиялық қайнар; осындай көзқарасқа сүйене отырып, біз оның қазақ мәдениетіне қосқан басты жетістіктерін бағалауымыз керек.

Абай жас кезінде араб-парсы әдебиетінің тегеурінді ықпалына ұшырап, оның бастапқы өлеңдерінде шығыс көркемсөзін мадақтау бой көрсетті. 1858 жылы ол ислам поэзиясы туралы былай деп жырлады:

Иүзи – раушан, көзі – гәуһар,
Ләғилдек бет үші әхмәр,
Тамағи қардан әм биһтар,
Қашың құдрет, қоли шигә.
.........................................
Мүбәда олса ол бір кәз,
Тамаша қылса йузмә-йуз.
Кетіп қуат, йұмылып көз,
Бойың сал-сал бола нигә?

Бірақ есейген шағында Абай шығыстағы ұстаздарынан, ислам классиктерінен және өзінің жас кезіндегі секілді, шығыстың көбіне діни тақырыптағы, пішіні тым әшекейлі, тілі метафоралық оралымдарға толы поэзиясына көзсіз еліктеген қазақ ақындарынан саналы түрде сырт айналды.

Сөз айттым «Әзірет Әлі», «айдаһарсыз»,
Мұнда жоқ «алтын иек, сары-ала қыз».
(1889 жыл).

Ислам шығармаларының мистикалық мазмұны мен исламның догмалық ілімі бара-бара оған жат бола бастады, оның діншілдігі тек адамның мінез-құлқын жетілдіру мәселесіне байланысты ғана көрініс тапты. Дегенмен, ол шығыс мәдениетін бәрібір үнемі жоғары бағалаумен болды, кейінірек өзінің шығармашылық қызметі арқылы ол қазақтардың рухани көкжиегіне Шығыстан арабтың «Мың бір түн» хикаясының, парсының «Шахнама» эпосының үлгілерін, сондай-ақ парсы және түркі халықтарының көптеген фолклорлық жәдігерліктерін енгізді.

Абай ойшылдығына ислам мәдениетінен гөрі, өз елінің мәдени мұрасы, сондай-ақ, орыс және батыс ағартушылығы басымырақ ықпал етті. Өзінің төл мәдени мұрасын бағалай білген әрі оның тар ауқымда шектеліп қалғанын көргісі келмеген ол шын мәнінде реформатор болды және батыстың ой қазынасын туған жұртының мәдениетімен тоғыстыруды қалады. Әйтсе де, ол Ресейдің бүкіл озбырлық саясатын және орыстардың өз ұлтын саяси әрі мәдени тәуелсіздіктен айыруға ұмтылысын аяусыз сынап отырды.
Абай өзінің әуелгі өлеңдерінде қазақ тұрмысы жөнінде көбірек толғанып, зор мән берді. Бірақ оның сол туындыларының өзінде қазақтың ауызша поэзиясына тән дәстүрлі шешендік мәнердің немесе қазақ фольклорындағы дағдылы тақырып желілері белгілерінің аз екендігі аңғарылады. 1887 жылы жазылған бағдарламалық өлеңінде («Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы») Абай ақындыққа байланысты көзқарасын былай білдіреді:

Ескі бише отырман бос мақалдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.
Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,
Сендерге де келейін енді аяңдап.

Абай қазақтың сөздік қоры мен дәстүрлі танымдық жүйесін түбегейлі өзгеріске ұшыратып қана қойған жоқ, сонымен бірге ол надандық, парақорлық, жатыпішерлік, әйелдердің жағдайы, діни шала сауаттылықтың зияны секілді мәселелерді қозғаған проблемашыл әдебиетті қатарға қосты.

Алтынсаринмен үндестік тапқан Абайдың кең ауқымда жаппай білім беру арқылы өз халқына батыс ағартушылығының жемістерін жеткізсем деген ұлы ұмтылысы оның көптеген еңбегінде, атап айтқанда, өз оқырмандарымен пәлсапалық сұхбат түрінде баяндалатын прозалық шығармасында, яғни «Ғақлиясында» көрініс берген: «Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген. Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса, денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады» (1891 жыл).

Абай өз халқына білім беру жолындағы ізденістердің барысында, ақынның әлеуметтік рөлін қазақ даласы ақындарының арасында бірінші болып түсінді. Бұл мына жолдардан айқын көрінеді:

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.
Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей,
Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей.
Шу дегенде құлағың тосаңсиды,
Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей.
Таң қаламын алдыңғы айтқанды ұқпай,
Және айта бер, – дейді жұрт тыным бермей.

Ақынның рөліне байланысты осыған ұқсас ойды ол басқа бір тұста да айтқан:

Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.

Білім мен ғылым жалпы жұртқа, тіпті оның алдында Алтынсарин айтқандай, әйелдерге дейін сіңірілуі керек. Абай «етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтіменен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген» қазақтар өздерін-өздері түгелдей сол надандықтан тазартпайынша, ұлтты аман алып қалудың жолын таба алмайтындығы жөнінде жазды.
Абай өз халқына күндердің күнінде қазақтың мәдени ортасына батыс мәдениеті мен өркениетін енгізу мүмкіндігі және қажеттілігі болатындығын, сондай-ақ қазақтың мәдени мұрасын сақтау керектігін баса айтты:

«Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқытса болады... Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның үшін олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі сонымен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды...
Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі».
Өз халқының көпшілік бөлігінің төл мәдени мұрасының асылдарын ұмыта бастағанына және орыс басқыншыларының ыңғайына жығылуға бет алғанына Абайдың жаны күйзелді. Ол Ресей әкімшілігі үшін жайлы тілмаштар мен жандайшаптар даярлауға ғана жеткілікті мөлшерде аздап сауат аштыратын орысша білім беру ісінің сыңаржақтығын сынады. Ол көбіне-көп балаларды орыс мектебіне берудің бірден-бір себебі – кейінірек ата-аналар өз перзенттерінің жәрдемі арқылы жер дауына байланысты, кей жағдайда ғана болмаса, өмірі бітпейтін заң саласындағы талас-тартыстардың кезінде иемденуге тиісті дүние-мүлік байлығын көздеушілікте жатқандығын түсінді. «Интернатта оқып жүр» атты өлеңінде (1886 жыл) ол осындай оқудан түлеген баланың бейнесін былайша сипаттайды:

Ынсапсызға не керек,
Істің ақ пен қарасы.
Нан таппаймыз демейді,
Бүлінсе елдің арасы.

Бұған қоса ол:

Ойында жоқ бірінің
Салтыков пен Толстой,
Я тілмаш, я адвокат,
Болсам деген бәрінде ой,
Көңілінде жоқ санасы, –
деп қамықты.
Жастарды білім жолындағы келеңсіздіктерден шын сақтандыра отырып, ар-абыройды төкпеуге үндеген ол былайша ақыл-кеңес берді:

Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Военный қызмет іздеме,
Оқалы киім киюге.
Бос мақтанға салынып,
Бекер көкірек керуге.
Қызмет қылма оязға,
Жанбай жатып сөнуге...
«Талапты ерге нұр жауар»,
Жүріп өмір сүруге.

Ресей әкімшілігінде қызмет істейтін және өмірдегі қадір-қасиет атаулыдан жұрдай болған мұндай қазақтарға қатысты Абайдың кекесіні мына жолдарда ащы мысқыл түрінде көрініс тапқан: «Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малыменен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім – ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, құдай тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны – бәрі мал».

Абайдың кемелденген поэзиясында оның өз халқының басына төнген бүліншілікті терең сезінуінен туған күрсініс бар. Бұл, мысалы, «Қалың елім, қазағым...» өлеңінде (1886) айқын белгі береді:

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

Мұндай түсініктер қоғамдық проблемалардың алдында дәрменсіз болған ілгерідегі зар заман мектебінің өкілдерінен қалған еді. Абай болса қазақтарды әрі қарай іс-әрекетке және төзімділікке шақырды:

Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,
Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?
Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,
Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?
Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,
Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың...

Абайдың орысшадан аударған дүниелері – қазақ мәдениетіне қосылған ғажайып әрі құнды қазына. Ол қазақтың мәдени ұғымына жақын тақырыптағы шығармаларды қайта сөйлетуге және қайта түсіндіруге оқтын-оқтын талпыныс жасап, алуан дәрежедегі табысқа қол жеткізді. Крыловтан жасаған аудармаларында қазақтың мәдени ортасына жетуі жеңілірек болуы үшін ол мысалдардың ақылгөйлік түйіндерін жиі өзгертіп отырған. Оның Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасын аударуы – айтарлықтай керемет оқиға. 1887 жылдан бастап Пушкиннің және оның кейіпкерлері Онегин мен Татьянаның есімдері Абайдың аудармалары арқылы бүкіл Қазақстанға танылды. Абай – тек сөз шебері ғана емес, сонымен бірге қазақ музыкасынан терең түсінігі бар сазгер болғандықтан, көптеген аудармаларын әнге көшірді және ол әндер сал-серілердің орындауы арқылы кеңінен таралып кетті. Бұлардың ішінде, бәлкім, ең кеңінен таралғаны Татьянаның Онегинге жазған хатының ән-аудармасы болар. Сонымен бірге, Абай Лермонтовтың поэзиясынан да үлкен шабыт тапты. Сексенінші жылдардың ортасынан былай қарай Абай Лермонтовтың поэзиясын аударумен тынымсыз шұғылданды. Оның орыс поэзиясынан жасаған барлық аудармаларының жартысынан көбі дерлік Лермонтовтан алынған. Бұған қосымша Абай поэзиясының үлкен бір бөлігі Лермонтов сарындарына тікелей бейімдеуден туған немесе ұлы орыс ақынының күшті ықпалы арқылы өзіндік өрнегін тапқан дүниелерді қамтиды.

Абай шығармаларының қазақша толық жинағында қазақ ақыны аударған Лермонтов өлеңдерінің жиырма екі атауы кезігеді және олардың қатарына «Бородино», «И скучно, и грустно» («Әм жабықтым»), «Не верь себе» («Өзіңе сенбе»), «Пленный гусарь» («Тұтқындағы батыр»), «Дума» («Ой»), «В альбом» («Альбомға»), «Кинжал», («Қанжар»), «Выхожу один я на дорогу» («Жолға шықтым») секілді белгілі өлеңдерімен бірге, Лермонтовтың «Демон» («Шайтан»), «Измаил-бей» және «Вадим» тәрізді кейбір ұзақ поэмаларынан жасалған үзік-үзік аудармалар кіреді. Сондай-ақ Лермонтовтың батыс поэзиясынан алып орысша сөйлеткен шығармаларының, мысалы, Байронның «Hebrew Melodies» («Көңілім менің қараңғы») және Гетенің «Uber allen Wipfeln ist Ruh» («Қараңғы түнде тау қалғып») туындыларының қазақша аудармаларын табуға болады. Салыстырмалы түрде алғанда, Абай аудармалары әрқашан еркін. Ол әдетте түпнұсқаның тек қана негізгі қаңқасын алады да, оның аудармасын өзінің ой-пікірлерімен жаңғыртады. Ақын көбіне Лермонтов ұсынған мотивтерді дамытады немесе кеңейтеді, сол себепті оның көптеген аудармалары өзінің төл туындыларындай болып кеткен. Негізінен, ол түпнұсқаның жалпы мағынасын және эмоционалдық әуезін сақтауға тырысады. Мысалы, Лермонтовтың мына өлеңін алайық:

Лермонтов:
И опять безумно упиваюсь
Ядом прежних дней,
И опять я в мыслях полагаюсь
На слова людей.

Абай аудармасы:
Ішіп, терең бойлаймын
Өткен күннің уларын.
Және шын деп ойлаймын
Жұрттың жалған шуларын.
Тағы сене бастаймын
Күнде алдағыш қуларға.
Есім шығып қашпаймын,
Мен ішпеген у бар ма?

Абайдың шығармалары көңіл-күй жағынан әр алуан. Табиғатты және өмірге терең құштарлық сезімін көрсететін жылдың төрт мезгілі туралы лирикалық өлеңдерінен, сондай-ақ қазақ өмірін шынайы бейнелеуінен оның Пушкинмен және Лермонтовпен тығыз үндестігі тағы да көрінеді:

Жазғытұры
Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.

Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.

Безендірген жер жүзін тәңірім шебер,
Мейірбандық дүниеге нұрын төгер.
Анамыздай жер иіп емізгенде,
Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.

Абайдың кейінгі шығармаларында алаңсыз шат-шадыман көңіл-күй жоғалып, өмірдегі сәтсіз іс-әрекеттерінің көптігінен туған түңіліс түптің-түбінде поэзиясында көрініс тапты. Оның батыс ілім-білімі мен мәдениетіне жоғары баға берген ағартушылық күш-жігері орыстардың, сондай-ақ мұны қазақ тайпаларының дәстүрін сату деп түсінген өз халқының дінбасылары және рубасылары тарапынан қатты қарсылыққа тап болды. Айдауда жүрген революционерлермен жақын достығы Ресей әкімшілігінің мазасын қашырды, ақырында либерал орыстар мен қазақтардың мәжіліс орнына айналған Абай ауылының сыртынан бақылау қойылды. Қазақтың ру ақсақалдары мен діни жетекшілері оған қарсы ұйымдасып, орыс губернаторына «ақ патшаның жауы» деген мәлімет жеткізді. Бұл қастық пен өсек-аяңның сәтті болғаны соншалық, көптеген сенімді достарынан бастап өз әулетінің мүшелеріне дейін одан теріс айналды. Өмірінің соңына қарай оңаша және оқшау тіршілік кешкен Абай өз өлеңдерінде көбіне-көп жалғыздық сезімін және достарының сатқындығына деген күйінішін жырлады:

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда?

Өзінің достары мен шәкірттері төңірегінен қаша бастағанда, ол 1889 жылы былай деп жазды:

Күшік асырап, ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды, мені атты.

Алайда тағдыр тәлкегіне ұшырағанына қарамастан, Абай өз идеялары жолындағы күресті жалғастыра берді. Оның Қазақстанның мәдени дамуына қосқан маңызды үлесі өте жоғары бағалауға лайық. Абай діни сипаты басым араб пен парсы сөздеріне толы, халықтың қалың бұқарасына түсініксіз қазақ әдебиетінің бұрынғы арналарын жаңалап-жаңғыртып, кеңейтуге негіз қалаған ең алғашқы және озық ойлы тұлға еді. Абай ұғынықсыз тіркестерден таза, жалпы жұртшылыққа түсінікті, мейлінше қарапайым үлгідегі жаңашыл және кей кезде революцияшыл идеяларды білдіретін жазба әдебиетті өмірге әкелді. Ол көптеген формалық жаңалықтарды енгізді және өзінің философиялық жазбаларында прозаны кең ауқымда бірінші болып қолданды.
Бүгінде Абай қазақтың өткен ғасырдағы аса ұлы сөз зергері болып танылды. Ресейде Пушкин қандай тұлғалы болса, Қазақстанда Абай да сондай жоғары құрметке ие. Қазақ әдебиетінің інжу-маржаны саналатын оның шығармалары орысшаға, сондай-ақ КСРО-ның басқа да көптеген тіліне аударылды, есімі кешеуілдеңкіреп болса да кең танылды. Ол туралы романдар мен драмалар, сондай-ақ зерттеу еңбектер жазылған.

АҚШ, Солтүстік Каролина,

1958 жыл

Пікірлер